• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 03:09:21
Алматы
+35°

18 қаңтар күні көптеген ақпарат құралдары қаңтар оқиғасындағы тәртіпсіздіктер кезінде қызметтік ит ұрланып, ұрлаған адам қолға түскені туралы ақпаратты жарыса жариялады. Аталған іс бойынша күдікті ретінде қамауда отырған Аңсаған Алмұхановтың анасы Анар Оразалинова оқиға барысы мүлде басқаша болғанын, ұлы итті қорғау мақсатында өзімен бірге алаңнан алып кеткенін, баласын ешкім ұстамағанын, ол полиция бөліміне түсініктеме жазу үшін өз аяғымен барғанын айтады.

Анар Оразалинова Алматы облысы Қарасау ауданы Рахат-1 елдімекенінің тұрғыны. Ұлы Аңсаған Алмұхановқа қылмыстық кодекстің 380-бабы 3-бөлігі (Билік өкiлiне қатысты күш қолдану) бойынша айып тағылып, 2 айға қамауға алынған. Оған 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылу қаупі төніп тұр.

Шерлі ана бүгін Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінде жатқан ұлын екінші мәрте көріп, көз жасын көл қылып шықты. Айтуынша, ұлын арашалаудың жалғыз амалы – оның итті құтқармақ болғанын көрген адамдарды табу. Олай болмаған жағдайда Алматы қаласы полиция департаменті таратқандай, баласы «Найтс есімді қызметтік овчарканы ұрлаған» болып шығады. «полиция таратқан ақпарат жалған» деген ол оқиғаның қалай өрбігеніне байланысты өзінің нұсқасын айтып берді.

 

– Балам таксилетіп қайту үшін 5 қаңтар күні үйден шығып кеткен. Момышұлы көшесімен төмен қарай түсіп келе жатқанында алдынан адамдар тобы шығып, көліктерді тоқтата бастапты. Олар «сендер де осы елдің азаматы емессіңдер ме, бейбіт митингке шығып, халық жағдайы қиындап кеткенін айтайық. Әркім өз басын ала қашса, халық жағдайын жеткізеді» деген сияқты сөздер айтып, баламды өздеріне қосылуға шақырады. Кейбіреулері «ана жақта көлігінен түспеген адамдарға тас лақтырғанын көргенін» деп айтыпты. Сосын балам «менде халықпен бірге айтарымды айтайын» деп адамдарға қосылған. Көлігін көшеге – Сайна-Төле би жақтағы үйлердің маңына қалдырған. Жолда көліктердің өртеніп жатқанын, әскери киімді ішін сыртына ауыстырып киіп алғандарды көреді, әлдебіреулердің «әскер халық жаққа өтті» деп айқайлап жүргенін естиді. Солай топпен бірге қаланың орталығына қарай жылжиды. Сағат түскі он екі шамасында Шевченко көшесінің бойында Назарбаев пен Абылайхан көшелерінің арасында біреулер итті ұрып жатқанын көреді. Ит бос жүр, аузында «наморднигі» бар. Балам ұрып жатқандарға жақындап, «бұда нелерің бар» деп итке араша түспек болады. Сол кезде «сен неге итті қорғайсың, значит милициядансың» деп баламды ұрмақшы болып, ерегесіп кеткен. Ақырында балам итті алады. Айнала дүрбелең болып жатқанда итті кімге берерін білмейді.  Жан-жағында не полиция, не «военный» жоқ. Ондай кезде итті ешкім алмайтын да еді. Өзі бұрынғы «военный», Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусын қызыл дипломға бітірген. Қапшағайдағы ДШБ-да «сержант роты» болған. Содан итті қалдырмай, жетектеп алаңға барады. Ол жақта бірде бір полиция мен әскери адам жоқ екенін, атыс болып жатқанын көріп, мұның бейбіт митинг емес екенін түсінеді де 2 мың теңгеге такси ұстап, итті багажникке салып, көлігін тастаған жерге, артынша үйге келеді, – дейді ол.

 

Анар Оразалинова ұлының қызметтік ит әкелгеніне о бастан қарсы болғанын жеткізді. «Қайдан ғана әкелдің, ертең өзіңе бәле болып жабысып жүрмесін» деп азар да безер болдық дейді. Баласы сонда «мама мұны тастасам, обал ғой. Бұда тіл жоқ қой, ұрып жатқанда қорғадым. Бұл үшін мені жауапқа тартпайды. Сол жерде көрген адамдар бар. Итте арнайы чип болады, сонымен өздері тауып алады. Ары кетсе, түсініктеме жасармын» деген.

Анасы содан бері Аңсаған үйінде болғанын, төтенше жағдай режимі аяқталғанын күтіп, итті жасырмай, оған ұя жасап, қамқорлық танытқанын жеткізді.

 

– Балам қанен-қаперсіз, ойында ештеңе жоқ үйде болды. 17 қаңтар күні келінді жұмыстан алып кету үшін немереммен қалаға кетеді. Өзі жоқта 3 адам итті іздеп келіп, алып кетіпті. Үйде құдағиым болған еді, содан Аңсағанның номерін алған. Содан сағат кешкі 6-ларда балама Әуезов аудандық полиция бөлімінен хабарласып, «брат итті алып кеттік, келіп түсініктеме жасып кетші» деп шақырыпты. Аңсаған кірем де шығам ғой деп ойлап, келін мен немеремді алып, полиция бөлімшесіне барады. Балам бөлімшеге кірген бойда қолын артқа қайырып, оперлер тоқпақтай жөнелген. Арада бір жарым сағат өткенде келінім хабарласып, болған жайтты айтып тұр. Сөйтсек, сол жердегі тергеушілердің бірі Аңсағанға сен жаңа ғана өз аяғыңмен келіп едің ғой, енді неге кісендеулі жатырсың депті. «Опознание» жасамаған. Иттің иесі ефрейтор Рүстембек Байқарашев деген Ұлттық ұланның сарбазы екен. Ол өзін ұрған адамның түрін көрмегенін, тек сары «курткасы» болғанын айтқан. Ал баламның курткасының түсі сұр. Оны сараптамаға жіберуге де дайынмын. Мен бөлімшеге келіп, КПП-ға жолықтым. Ол жерде екі адам автоматмен, біреуі азаматтық киімде отырды. Баламның жағдайын айтып едім, азаматтық киімдегі жігіт әй-шәй жоқ баламды бүлікші террорист дей жөнелді. Алла соның алдына әкелсін. Мен балам террорист болса, автоматтарыңмен мені атыңдар, баламды террорист жасайын деп жатсыңдар ма дедім. Қайта автомат ұстаған біреуі шығып, маған кіре алмайтынымды айтты. Бір кезде телевидение шақырғанын, баламды ДВД-ға әкетеді дегенді естідік. Ертеңіне келсек жауап жоқ, – дейді Анар Оразалинова.

 

Ертесіне көптеген ақпарат құралдары тәртіпсіздіктер кезінде қызметтік ит ұрланып, итті ұрлаған адам қолға түскені туралы ақпаратты таратты.

Ал Анар Оразалинова «қолға түсірген түгі де жоқ, балам полицияға өз аяғымен барды. Ол террорист, бүлікші болса, немесе солдатты ұрса, бөлімшеге өз аяғымен бара ма, жынды адам да бармайды ғой. Оның үстіне ол бұрынғы военный болғаннан кейін оның бәрін біледі. Қалай барады» деп ашынады.

Ол ұлының Әуезов ауданы полиция бөліміне өз аяғымен барғанын айғақтайтын бейнебақылау кадрлары да жоғалып кете ме деп уайымдайды.

20 қаңтарда мемлекеттік адвокат Аңсаған Алмұханов 380-бап бойынша күдікке ілінгенін, тергеп-тексеру үшін сот санкциясымен 2 айға қамауға алынғанын, ЛА-155/18 мекемесіне жеткізілгенін айтқан.

Анар Оразалинова он күннен астам уақыт тергеу изоляторындағы ұлын көре алмаған. «Карантин деп кіргізбеді» деген ол мемлекеттік адвокатқа жалынып жүріп 31 қаңтар күні бірінші рет баласына кіруге рұхсат алғанын айтады.

– Кірсем, баламның бет-аузы көгерген. Бірақ «бәрі жақсы, келмей-ақ қой, мама, кешірші» дей береді. Бүгін екінші рет көрдім. Ештеңені мойнына алмаған. Қанша ұрса да мойындатқыза алмаған. Ол мінезі сондай адам. 3-сыныптан бері военный болам дейтін. Мен енді балаларым, немерелерім военный, полиция болам десе, болғыздырмаймын. Керек емес, бізде әділдік жоқ» деген ол баласының кінәлілігін дәлелдейтіндей аталған істе «қылмыс құрамы да, куә де, тура дәлел де жоқ» деп отыр.

Анар Оразалинова баласының итке араша түскенін көрген адамдар болса, олардан куәлік етуді сұрайды. Алайда көрген адамдар «бізді деп қамап қояды деп қорқып куәлік ете алмайды-ау» деп қиналады.

«Не болса да, ақырына дейін барамын, баламды жапқызып қоймаймын» дейді шерлі ана көзінен жасы парлап.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір