• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:24:40
Алматы
+35°
Елдегі дүрбелең кезінде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың Қырғызстан арқылы Дубайға ұшып кетуіне байланысты жаңа деректер шықты.
 
Қырғызстан шекара қызметінің бірнеше өкілі Азаттық радиосының Қырғыз қызметіне Болат Назарбаев пен оның жанындағы бес-алты адам 6 қаңтар таңертең "Ақжол" шекара бекеті арқылы Қырғызстанға өткенін айтқан.

Аты-жөнін жарияламауды өтінген шекара қызметкерлері "Болат Назарбаев пен оның жанындағыларды Қырғызстан билігіне жақын адамдар күтіп алғанын" жеткізген.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне "6 қаңтарда Қырғызстанға өтті" делінген Болат Назарбаев, Нұрсайын Назарбаев және Бауыржан Нұрғазыұлы атты адамдардың паспорт көшірмелері келіп түскен.

Паспорт Нурсаина Назарбаева

Ашық дереккөздерде Нұрсайын Назарбаев жайлы дерек жоқ. Ал Бауыржан Нұрғазыұлы Алматыдағы "Барыс" базары басшыларының бірі деген дерек бар. Бұдан бөлек, Нұрғазыұлы Алматы облысы Қаскелең қаласында құрылған "БН Қаскелең" футзал клубының президенті ретінде көрсетіледі.

Қазақ-қырғыз шекарасы маңындағы таксистер Азаттықтың Қырғыз қызметіне Назарбаевтың "жақындары бар деген терезелері қараңғыланған автокөліктер" Қырғызстанға өткенін жеткізген.

Қордайдан "Ақжол" бекеті арқылы Қырғызстанға өткен қазақстандық белсенді әрі #ND YouTube-арнасын жүргізетін журналисті Думан Мұхамедкәрім де осы бекеттен Назарбаевтың жақындары Қырғызстанға кіргенін естіген

"Осы жақтағы жергілікті тұрғындар өз көзімізбен көрдік деп айтып берді. Сол жақта симкарта сатқандар Назарбаевтың жақындары балаларын жетектеп өтті деп айтты. Камераға айтып беріңдер десем, қорқамыз деп бас тартты" дейді ол.

Бұдан бөлек, Бішкектегі "Манас" аэропортының аты-жөнін жариялауды қаламаған бірнеше қызметкері Азаттықтың Қырғыз қызметіне Болат Назарбаев пен бірнеше адамның Қырғызстан арқылы Дубайға ұшып кеткенін айтқан.

Қазақстан азаматы Болат Назарбаевқа берілген дипломатиялық паспорт.
Қазақстан азаматы Болат Назарбаевқа берілген дипломатиялық паспорт.

Ал "Манас" әуежайының баспасөз хатшысы Әлия Құрбанова 6 қаңтарда Дубайдан Бішкекке жеке ұшақ ұшып келгенін растаған.

"Bombardier ұшағы 2022 жылғы 6 қаңтарда "Манас" халықаралық әуежайына қонған. Ұшақ Дубайдан ұшып келген. Ұшақ кімдікі екенін белгісіз. Коммерциялық ұшақтың жолаушыларының кім екенін де білмейміз. Бұл біздің міндетімізге кірмейді" дейді ол.

Қырғызстан ресми органдары Болат Назарбаевтың Бішкектен ұшып кеткенін жоққа да шығармады, растамады да. Шекара қызметі елге келген және кеткен азаматтардың деректерін беру заңға қайшы келетінін айтып, ақпарат беруден бас тартқан.

 
"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Болат Назарбаев

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір