• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 12:18:35
Алматы
+35°

Елдің бірнеше өңірінде қаңтар айының басында болған жаппай тәртіпсіздіктерден зардап шеккендердің саны белгілі болды. Бұл туралы Бас прокуратура қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев мәлімдеді.

Бас прокуратураның хабарлауынша, қайтыс болған 225 адамның 175-і медициналық ұйымдарда көз жұмған.

– Тәртіпсіздіктер кезінде 4578 адам зардап шеккен. Оның ішінде 4353-і жараланған, 3393-і құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Төтенше жағдай кезінде (5-14 қаңтар аралығында) мәйітханаларға 225 адам жеткізілді. Олардың бір бөлігі терактілерге қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуыл жасаған қарулы қарақшылар. Қаза болғандардың ішінде 19 полицей мен әскери қызметші бар, – деді Серік Шалабаев.

Ведомство өкілдері бұл алдын ала деректер екенін атап өтті. Олар әлі де нақтыланады және өзгеруі мүмкін екенін ескертті.

– Қылмыс жасады деген күдікпен 672 адам уақытша ұстау изоляторына жеткізілді, оның ішінде 446-сы сот санкциясымен қамауға алынды. Құжаттарды тексергеннен кейін және прокуратурамен ұстауға негіз болмағандықтан 100-ге жуық адам босатылды. Бүгінгі таңда жедел тергеу топтары 546 қылмыстық істі тергеуде, оның ішінде 44 – іс терроризм актілері бойынша, 34 – іс жаппай тәртіпсіздіктер бойынша, 15 – іс адам өлтіру және т.б, – деді қылмыстық қудалау қызметінің бастығы.

ДСМ қоғаммен байланыс департаментінің директоры Әсел Артакшинова ТЖ енгізілген сәттен бастап 2678 зардап шегуші медициналық көмекке, оның ішінде 1815-і амбулаториялық көмекке жүгінгенін хабарлады.

– 863 адам стационарлық ем алуда, 598 пациент шығарылды, 265 емдеуді жалғастыруда, 67 науқас ауыр халде реанимацияда, 500-ден астам адамға күрделі хирургиялық операция жасалды, – деді департамент директоры.

Еске сала кетейік, 2 қаңтарда Маңғыстау  облысының тұрғындары сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты митингке шығып, ұзамай елдің өзге өңірлерінде де халық наразылығы өткен. Бейбіт митинг түрінде басталған наразылық шараларының соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Соның салдарынан Алматы, Талдықорған қалалары қатты зардап шекті. Тәртіпсіздіктер кезінде әкімдік ғимараты өртенді, президент резиденциясы басып алынды. Дүкендер, сауда орталықтары, банк кеңселері мен банкоматтар тоналды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір