• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 02:08:49
Алматы
+35°

Фото: Азаттық рухы басылымы

Алматыда «Мейірім мекені» үйі ашылды. Бұл – қаладағы көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету мақсатында іске асқан жоба. Соның нәтижесінде 50 отбасы 5 жыл бойына тегін пәтерде тұруға мүмкіндік алды. Ондағы коммуналдық шығын мен жалдамалы пәтер ақысын кәсіпкерлер өз мойындарына алған. Осылайша, әлеуметтік санаттағы жанұяларға жағдайын тұрақтап, болашақта өз баспаналарына ақша жинауға мүмкіндік туып отыр, деп хабарлады Азаттық рухы басылымы.

Баспаналы болғандар қатарында Мейрамгүл Палманова да бар. Бұған дейін пәтерден пәтерге көшіп, көрінгеннің босағасын жағалап жүрген көпбалалы отбасы жаңа үйге қоныстанды. Отағасы бірнеше жыл бұрын дүниеден өткен. Өзі жалдамалы жұмыс істейді. Алған айлығы шайлығынан аспайтын әйел үшін қайырымды жандар сыйлаған баспана ең үлкен қуаныш.

Фото: Азаттық рухы басылымы

«Өте қуаныштымын. Осы жобаға шақырып, бізге үй берген Мәрияш деген кісіге шексіз ризамын. Қанша армандасақ та, бұл арманыма жетемін деп еңбектеніп, үй ала алмай жүргенбіз. Мұнда тегін тұрамыз. Сол аралықта біраз ақша жинап, өз үйімізді аламыз. Балаларым үшін қуаныштымын. Бәрінен бұрын 4 балам көңілденіп қалды. Енді сабақтарын жылы, жарық әрі жайлы жерде оқиды», – дейді көпбалалы ана.

Фото: Азаттық рухы басылымы

Барлығы 50 отбасыға арналған екі қабатты үйдің құрылысы 3 жыл жүрген.

Фото: Азаттық рухы басылымы

Әлеуметтік жоба толықтай кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асқан. Олар тек үй салып берумен ғана шектелмей, алдағы уақытта азық-түлік пен киім-кешек тұрғысынан да көмектесетінін айтады.

«Әкем үйсіз-күйсіз жүрген жандарды бұрын үйімізге әкеліп бағатын, біреулерден сондай отбасылар екен десе, соларды үйге әкеліп, көмектесетін. Менің әкем – соғыс ардагері. Біз де мұқтаж жандарға көмек беруді жөн көрдік. Ол бізге бұрыннан қанымызға сіңген қасиет, ата-бабаларымыз әрдайым жұртқа қамқор болған екен», – деді осы жоба жүзеге асырған Мәриаш Серікбайқызы.

Мәриаш Серікбайқызы

Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл үй толықтай тұрғындар меншігіне өткізілмейді. Алдағы 5 жылға келісімшартқа отырып, жоба әлеуметтік қолдау мақсатында жүзеге асады. Бастапқы кезде коммуналдық төлемдер, керек болса, азық-түліктеріне де көмек беріледі. Мұнда келетіндер алдын ала арнайы комиссияның сүзгісінен өтіп, жағдайы өте төмен отбасыларға ғана беріледі. Бүгін арнайы комиссия қарауынан өткен 6 отбасыға пәтер кілті табысталды. Екі бөлмеден тұратын, барлық жиһаздармен жабдықталған және жуыну бөлмесі бар пәтерлерге жақын арада өзге тұрғындар да шетінен қоныстанады, дейді кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі үшін қолға алынған жоба жетекшілері.

Фото: Азаттық рухы басылымы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір