• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

21 Қаңтар, 16:43:20
Алматы

Парламент сенатының жалпы отырысында тәуелсіздіктің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң қабылданды.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев заң жобасының мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту екенін атап өтті.

– Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады, – деді министр.

Тұрғымбаевтың айтуынша, қазір елде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеуде қамауда отыр. 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45 пайызы оның алдында бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар, 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.

– Заң жобасы бойынша 2 292 сотталушыға, пробациялық бақылауда тұрған 11 753 адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады. 3881 адам пробациялық бақылаудан босатылады. Екіншіден, 1330 сотталушының, пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылады. Үшіншіден, сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, 1471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады, – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір