• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

25 Қаңтар, 16:42:56
Алматы
-3°

Тұңғыш Президент күні қарсаңында отыз аз қамтылған жанұя мен жетім балаларға Нұр-Ақтөбе тұрғын үй алабында салынған үйден жаңа пәтерлердің кілттері берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты.

Облыс әкімі ақтөбеліктерді келе жатқан мерекелерімен құттықтап, жаңа қоныс иелерінің үйлеріне татулық пен молшылық тіледі.

"Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиындықтар аз болған жоқ. Біз оларды Елбасының көреген саясатының, оның халыққа деген сенімі мен еңбекқорлығының арқасында жеңе алдық.

Экономика нығайып, инвестиция келді, кәсіпкерлік дамыды және әлеуметтік проблемаларды шешуге мүмкіндік пайда болды. Қазіргі таңда Ақтөбеде 24 мың жерлесіміз үй кезегінде тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықтың әл ауқатын көтеру және оларды баспанамен қамту шаралары қабылдануда.

Биыл облыста 1 млн-нан астам шаршы метр пайдалануға берілді. Бүгін осы үй пайдалануға беріліп отыр, оның отыз пәтері кезекте тұрғандарға тигені қуантады. Жыл соңына дейін Ақтөбе мен облыс аудандарында тағы да осындай үйлер беріледі",- деді О.Оразалин.

Фото: Ақтөбе облысыиәкімінің баспасөз қызметі

Ұлмекен Аққасанованың көпбалалы жанұясы баспаналарын ұзақ жылдар бойы күткен. Бүгінде ол кең әрі жарық үш бөлмелі пәтерге ие болды.

"Біздің төрт баламыз бар, үлкенім 18-де, кенжеміз 8-де. Президентке, облыс басшылығына рахмет айтамын. Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрдық, туыстарымызды паналадық. Оңай болған жоқ, енді өзіміздің баспанамыз бар",- дейді қуанышымен бөліскен Ұлмекен Аққасанова.

Айта кетейік, жыл соңына дейін облыс бойынша бірнеше ондаған мұқтаж көпбалалы отбасыны тұрғын үймен қамту жоспарда бар.

Облыс әкімі сол күні «Зерде Керамика-Ақтөбе» ЖШС-нің «Ақтөбе» индустриалды аймағында орналасқан керамикалық гранит пен керамикалық тақтай шығаратын зауытында болды.

«Қазіргі таңда өндірістің бірінші кезеңі іске қосылды, зауыт өз қуаттылығының жартысында жұмыс жасайды. Өнімдерін сату басталды, 50 пайызына дейін Ресейге экспорттау жоспарда бар. Шикізаттың жартысы – жергілікті. Бүгінде 150 адам жұмыс істейді. Келесі жылы наурыз айында екінші кезеңі жүзеге асырылып, зауыт толықтай іске қосылғанда қызметкерлері шамамен 120 адамға көбейеді»,- дейді өндіріс директоры Ерлан Тілеуқабылов.

Облыс әкімі құзырлы органдарға импорт алмастыруды және экспорттық тауарларды өндіруді мақсат еткен кәсіпорындарға жан жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
О.Оразалин: «Біз осындай кәсіпорындарды көбейтуге жұмыстануымыз керек. Сол үшін мемлекет тарапынан тиісті қолдау бар, мемлекеттік бағдарламалар бар»,- деп атап өтті.
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Зерде Керамика-Ақтөбе» ЖШС зауытын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ ҚР индустриалды-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында салған. Жылына 5 млн м2 өнім шығаратын кәсіпорында Италиядан әкелінген алдыңғы қатарлы жабдық орнатылған. Жобаға құйылған инвестицияның жалпы көлемі - 9,2 млрд. теңге.

Бұдан бөлек, өңір басшысы биыл күрделі жөндеуден өткен «Сазды» мәдениет үйінің ғимаратын қарап шықты. 1990 жылы салынған ғимараттың шатыры, жылыту және электрмен жабдықтау жүйелері алмастырылып, қасбеті жаңартылды, ауласы абаттандырылды.

Облыс әкімі мәдениет үйінің қызметімен танысып, қызметкерлері мен үйірмелерге барып жүрген балаларды келе жатқан Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтады.

«Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында, еліміздің жеткен жетістіктерінде Тұңғыш Президенттің рөлі баға жетпес. Осыны ешқашан ұмытпай, осы шындықты өскелең ұрпаққа жеткізіңдер»,- деді Оңдасын Оразалин.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір