• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 16:12:15
Алматы
+35°

28 қазан – халықаралық анимация күні. Бұл салада Жапония өзінің аниме деп аталатын төл туындыларымен миллиондаған көрерменін таба білген. Анименің Қазақстанда да жанкүйерлері көп. Алайда осы уақытқа дейін көрермен анимациялық фильмдерді тек орыс тілінде көріп келді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Алматыда бірнеше ерікті жастан тұратын "Dopamine voice" деп аталатын команда ешкімнің қолдауынсыз, қарапайым мүмкіндіктермен танымал жапон анимелерін қазақшаға дыбыстаумен айналысып жүр. Топ мүшесі Бекарыс Исмагулов жобаны пікірлес адамдардың қызығушылығынан туғанын айтады.

Топ сәуір айында құрылған. Бүгінде шығармашыл ұжымда 2 дизайнер, 1 монтаждаушы және 11 дыбыстаушы бар. Бекарыс Исмагулов бастапқыда анимелерді қазақша дыбыстап, үзінділерін өзінің тик-ток желісіне салып отырған. Кейін оны монтаждаушы байқап, бірге жұмыс істеуді ұсынған.

– Кішкентайымыздан анимені орыс тілінде көріп өстік. Сол кезде "осыларды неге қазақ тіліне аудармайды?" деп ойлайтынбыз. Сосын жақыннан бері бұл істі өзіміз жасап көруге бел будық. Анимелерді тікелей жапон тілінен аударамыз. Арамызда аудармашы бар. Жапон тілі қазақ тіліне өте ұқсас. Көптеген әріптер қазақ тілінің ырғағына келеді. Сол себепті анимелерді орысшадан емес, түпнұсқадан аударамыз, – дейді ол.

Фото: Бекарыс Исмагулов жеке мұрағанынан

Дыбыстау процесі өте қарапайым. Аудармашы кейіпкер сөздерін қазақшаға тәржімалап, топ мүшелеріне жібереді. Еріктілер дауысты әрқайсысы өз үйінде, бөлмесінде дауыс жаңғырмас үшін көрпе жамылып, смартфонның диктафонына жазады. 

Топ мүшелері Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұрады. Олардың бірі 14 жастағы оқушы болса, бірі студент, ал енді бірі қызмет істейді. Әркім өзінің партиясын дыбыстап болған соң астанадағы монтаждаушыға жолдайды.

Фото: Бекарыс Исмагулов жеке мұрағанынан

– Жастардың басын қосып отырған ең алдымен ортақ қызығушылық болса, екіншіден ана тілін популизациялау – дейді Бекарыс.

Дыбысталған аниме Telegram, Tiktok, Youtube желілерінде жарияланады. Аз уақыттың ішінде олар өз көрерменін таба білген. Жоба әсіресе Тик-ток желісінде танымал. Ол жақта анимелердің кей үзінділері 100 мыңнан астам қаралым жинаған. Тіпті қазақ контентін қолдайтын көрермендер донат жинауға да дайын.

 

– Бұл жобаның болашағы зор. Қазақ тілді көрермен енді-енді бізді танып келеді. Тіпті, әр бөлім шыққан сайын қолдау ретінде донат жіберіп отырады. Мәселен, "Титандар шабуылы” анимесін бастамай тұрып бір көрермен қолдау ретінде 40 мың теңге жіберді, – дейді ол.

Бекарыс көрермен қолдауымен студия ашып жатқандарын, таяуда көрерменді сапалы дүниемен қуантатынын жеткізді.

– Әзірге бізге демеушілер тарапынан ешқандай да ұсыныс түспеді. Тек көрерменнің аз да болса қолдауының арқасында жақында студия ашып жатырмыз, келешекте кәсіби түрде өзімізді дамытамыз, – дейді ол.

Сұхбаттасқан

Диана Тұрлыбек

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір