• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

04 Желтоқсан, 17:40:59
Алматы
+8°

Қазгидромент 2021 жылғы қараша мен 2022 жылғы наурыз айларына арналған ауа райы болжамын жариялады.

Қараша. Айдың бірінші жартысы жылы болады деп болжануда. Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасы түнде -3+2°С-тан -8-13°С-қа дейін, күндіз +3+10°С-тан -2+3°С-қа дейін ауытқуы ықтимал.

Бірінші онкүндіктің соңында республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталығында екпінді желмен жауын-шашын (көбінесе қар түрінде) күтіледі. Бұл айдың екінші жартысында жиілейді. Көктайғақ пен тұман бір ай бойы жиі байқалады. Айдың екінші жартысының ең суық күндерінде термометр бағанасы түнде -17-25°С-қа дейін, күндіз -8-13°С-қа дейін, ал елдің шығысында түнде -30°С-қа дейін, күндіз -18°С-қа дейін төмендейді. Қарашаның үшінші онкүндігінде аяздың әлсіреуі күтіледі, күндіз ауа температуралы оң көрсеткішке ие болады.

Елдің батысы, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауады. Ең жылы күндер айдың бірінші жартысында болжанады, күндіз ауа температурасы +10+18°C-қа дейін жоғарылауы мүмкін, алайда қарашаның екінші жартысында температура фоны түнде -5-17°C, күндіз -2-7°C-қа дейін төмендейді. Үшінші онкүндікте күн қайтадан жылынады.

Желтоқсанда cолтүстік аймақтарда қарлы боранды күндер саны артып, оңтүстік аймақтарда тұман мен көктайғақ жиі байқалады. Желтоқсан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан аз, елдің солтүстік жартысы мен шығысында норма шамасында, қиыр солтүстігінде нормадан көп болады деп болжанады.

Қаңтар. Моңғолия аймағынан антициклонының әсері күшейе түседі. Түнгі сағаттарда термометр бағаналары елдің солтүстік жартысында -35-40°С-қа дейін, оңтүстігінде -22-30°С-қа дейін төмендеуі мүмкін. Орташа айлық температура республика аумағының басым бөлігінде нормадан 1-2° төмен, елдің қиыр батысында, оңтүстік-батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында норма шамасында болады деп күтілуде. Республика бойынша жауын-шашын мөлшері көпжылдық нормадан аз, еліміздің қиыр солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және Алматы облысының оңтүстік-шығысында норма шамасында болжанады.

Ақпан. Климаттық сипаттамалары мен айналым ерекшеліктері қаңтарға өте жақын. Қар мен боран, әдетте, Қазақстанның солтүстік жартысында сақталады. Орташа айлық ауа температура ҚР аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстік-шығысында нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде. Жауын-шашын республиканың басым бөлігінде норма шамасында, елдің оңтүстік-батыс жартысында, Орталық Қазақстанның батысында нормадан аз, республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп болжанады.

Наурыз Қазақстанның оңтүстігі үшін әдеттегі көктем айы болса, солтүстік облыстарда қыс әлі де жалғасады. Болжам бойынша көктемнің алғашқы айы суық болады. Қазақстан аумағының басым бөлігінде орташа айлық ауа температура нормадан 1-2° төмен, ал қиыр батыста норма шамасында болады деп күтілуде. Наурызда жауын-шашын мөлшері республиканың солтүстік жартысында және қиыр оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында норма шамасында, елдің оңтүстік жартысында нормадан аз болады деп болжанады.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: ауа райы болжамы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір