• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:35:30
Алматы
+35°

Алматыдағы "Алатау" республикалық балалар клиникалық шипажайының педагог мамандары бірнеше жылдан бері жалақыларының көтерілмей келе жатқанын айтып, президент Қ.Тоқаевтан көмек сұрайды. Сөздерінше, олар білім және медицина саласы қызметкерлерінің жалақысын жоғарылату туралы үкімет қаулыларына ілінбей келеді. Медицина саласында ұстаздық ететін мамандар салалық министрліктерге жолдаған талап-тілек, арыз-шағым еш нәтиже берер емес деп отыр.

Шипажай педагогтері елдің түпкір-түпкірінен келген 3 пен 14 жас аралығындағы балаларға емдік шаралар көрсетумен айналысады. Санаторий 100 орынға шақталған. Емдеу курсы 21 күннен тұрады. Санаторийге негізінен бронх демікпесіне шалдыққан балалар түседі. 2020 жылы 1813 бала сауықтыру шараларынан өткен. Оның 89 пайызы мектеп жасындағы балалар. Мектеп жасына дейінгі балалар санаторийде бас-көз болатын адаммен қалса, мектеп жасындағы балалар шипажайда медициналық персонал мен оқу-тәрбие бөлімінің қарауында болады.

Оқу-тәрбие бөлімі санаторийдегі балалардың эмоционалдық және психологиялық тонусын жоғарылатумен шұғылданады. Сондықтан балалар мекемесіндегі педагогикалық қызметтің емдік әсері қатар жүреді. Бұл – емдеу кешенінің міндетті бөлігі саналады.

 

– Балаларды сәтті емдеу дұрыс жолға қойылған педагогикалық жұмыстың арқасында ғана мүмкін болып отырғанын баса айта кеткен жөн. Педагогтер балаларды емдеуде дәрігердің маңызды көмекшісі. Дәрігер мен педагог бір мақсатқа жұмыс істейді. Олар санаторийде баланың организмі нығайып, сырқатқа қарсы тұрарлықтай күш жинауына, сондай-ақ жас мөлшеріне сай, ақыл-ойының дамуын қамтамасыз етуге ыңғайлы болатындай мейлінше қажетті жағдай жасауға тиіс. Шипажайда болған уақытта балалар мектеп бағдарламасынан қалып қоймауы керек. Сондықтан бұл жақта еммен қатар сабақ та жүреді. Сабақ қазақ тілі, әдебиет, математика, орыс тілі мен әдебиеті сияқты негізгі пәндер бойынша өтеді. Сабақты жоғары білімді педагог жүргізіп, ем шаралары аяқталған соң арнайы табель беріледі, – дейді мекеме мамандары.

 

Осылайша, педагогикалық қызметпен айналысатын мамандар бірнеше жылдан бері еңбекақыны жоғарылату ісінде мүлде назарға алынбай, еш бағдарламаға ілінбей, орта жолда қалып қойғанын айтады.

Үкіметтің "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2020 жылғы 28 қаңтардағы № 11 қаулысына сай, құжатта аталған салалардағы мамандардың базалық лауазымдық жаласы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,25 есеге, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,5 есеге өскен. Алайда санаторй педагогтерінің жалақысы сол күйі қалған. Оны санаторий денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қаржыландырылмайтынымен түсіндірген.

Бұдан бөлек "Педагог мәртебесі туралы" заң аясында педагогтердің жалақысы 2020 жылы 25 пайызға, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы 25 пайызға көтерілгенде де санаторий ұстаздары тыс қалған. Мекеме есепшісі педагогтер денсаулық сақтау саласында істейтіндіктен, бала оқытуға лицензия берілмегендіктен бұл заңға енбей қалғанын айтқан.

Екі бірдей заң аясынан тысқары қалып қойған мекеме қызметкерлері 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрігер мәртебесін көтеру үшін дәрігерлер жалақысын 30 пайызға, орташа медицина персоналы жалақысын 20 пайызға көтеру туралы мемлекет басшысының тапсырмасына да телміріп қараған. Бірақ бұл жолы да педагогтер назарға ілінбеген.

Педагогтер сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 28 қаңтардағы №11 Қаулысында жазылған "Педагогтерге туберкулез (туберкулезге қарсы) мекемелерінде, диспансерлерінде, санаторийлерінде, санаторий-профилакторийлерінде, орталық аудандық ауруханалар бөлімшелерінде және басқа да денсаулық сақтау ұйымдары мен санаторий үлгісіндегі мектеп интернаттарда, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істегені үшін базалық лауазымдық жалақының 60 пайыз мөлшерінде жоғарылату" туралы пункт неліктен орындалмағанын түсіне алмай дал.

"Алатау" республикалық балалар клиникалық шипажайының педагог мамандары аталған мәселе бойынша денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға хат жолдап, тиісті заңға өзгеріс енгізу мәселесі қаралатыны туралы жауап алған.

Шаруаның мұндай шабан жүрісіне келіспейтін педагогтердің бар үміті енді президентте. Өйткені олар төменгі жалақы кадр жетіспеушілігіне әкеліп соғып, жұмыстың сапасына, қызметтің бәсекеге қабілеттігіне қатты әсер етіп отырғанын айтады. Бұдан бөлек "пандемия, экономикалық дағдарыс, кезінде еңбектің лайықты бағаланбауы жұмыс белсенділігі мен жұмысқа деген қызығушылықтың жоғалуына соқтырып отыр" дейді мамандар.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір