• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:33:01
Алматы
+35°
 
Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековке өзінің туған жері Шымкент қаласынан ескерткіш орнатылмақ. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлада.
 
Шыңғыс Мұқан ескерткіш орнату үшін байқау жарияланғанын мәлім етті. Оған  ҚР мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Насыр Рүстемов аяғын айқастырып, тізесін құшақтап отырған көріністі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ерғали Мұстафаев саябақта орындықта отырғанын, суретші, мүсінші Әлімжан Абылаев мүсіннің тұрып тұрған бірнеше нұсқасын ұсынған.
 
Алайда Өзбекәлі Жәнібековтың ұлы Бауыржан Жәнібеков мүсінші Тілеуберді Бинашевке тапсырыс беріп, ескерткіштің бір нұсқасын дайындатып қойған. Ол ескерткіштің тұғырда тұрғанын қаламайтынын жеткізген.
 
"Ескерткіштің биік мінберде отырғанын қаламаймын. Ол кісі халықтың арасында болған. Көрісем десе де, кездесем десе де, кез келген адамның қолы жеткен. Сондықтан, ескерткіш адамның бойындай болып жасалып, халық көп жүретін бір саябаққа қоюды ұсынамын" дейді Бауыржан Жәнібеков.
 
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары жұртшылықтан қай нұсқаны құп көретінін айтуын, пікір білдіруді сұрайды.
 
Өзбекәлі Жәнібековке Шымкент қаласынан ескерткіш орнату мәселесін алғаш болып Қамшы порталы көтерген. 2020 жылғы 28 тамызда Өзбекәлі Жәнібековке 90 жылдығына орай өзі туған, қызмет еткен Шымкент қаласында еңселі ескерткіш қоюды қозғап, арнайы бейнематериал әзіреген.
 
Материалда Өзбекәлі Жәнібековтың ұлы Бауыржан Жәнібеков, немересі Әзел Жәнібеков, шәкірті Бахтияр Камалов, журналист, қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев сөз сөйлеп, ескерткіш қою идеясының маңызы мен мазмұны туралы айтқан.
 
Артынша Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке ресми сауал жолданып, әкімшілік тарапынан келген жауапта мәселеге қатысты кесіп ештеңе айтылмаған еді. Енді міне, Қамшы порталы алғаш болып көтерген бастама іске асқалы жатыр.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір