• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

04 Желтоқсан, 16:34:20
Алматы
+9°

Ауыр атлетикадан 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл exk.kz сайтына берген сұхбатында өзінің ешкімге керек болмай қалғанын, марқұм ауыр атлет Альберт Линдердің қазасы, ұлттық құрамадағы былықтар мен допинг дауына қатысты ойын айтты. Сондай-ақ ол соңғы жылдары спорттан көрінбей кетуінің себебін түсіндірді. 

– 2016 жылы Рио олимпиадасында күміс жүлде еншіледім. Қаншама қошеметке бөлендім. Бірақ үлкен жетістіктің артында қаншама еңбек, құрыған денсаулық тұратынын білсеңіздер ғой. Менде "грыжа" бар еді. Токиоға дейін соны емдеткім келген. Бірақ осы тұста жалақыдан айырылып қалдым. Яғни, алғашында үш жерден: Ұлттық олимпиада комитетінен, Қазақстан ауыр атлетика федерациясынан және Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы – ред) спорт басқармасынан  жалақы алып тұрған едім. Әрине, ешкім миллион төлеген жоқ. Бірақ Риодан кейін бір жылдан астам жалақы төлеп тұрды. Кейін қысқарта бастады. Ең соңында мүлдем жалақысыз қалдым, – деді Жазира Жаппарқұл.

Жазираға федерация басшыларының бірі  хабарласып, оқу-жаттығу жиындарына қатысты құжатқа қол қоюын өтінген. Спортшы құжатқа қол қойғаннан кейін  жалақысын ала алмаған.

 

– 2019 жылы менің туған жерім Арыс қаласында жарылыс болғанын білесіздер. Содан кейін қираған үйлер мен нысандардың орнына жаңа кешендер тұрғызылды. Сол кезде №2 олимпиадалық спорт мектебі жанынан ауыр атлетика спорт кешені ашылды. Мені құрметті қонақ ретінде шақырып, федерациядан да адамдар келген. Ұлттық құрама бапкері Юрий Мельников да қатысты.

Осы салтанатты іс-шараның қарсаңында федерация басшыларының бірі хабарласып, "саған бір құжат жіберемін, соған қол қойып берші" деп айтты. Қандай келісім деп едім, оқу-жаттығу жиындарында жүргеніңді растайтын құжат деп түсіндірді. "Жақсы" деп келістім. Жіберген адамы асығып тұрмын деп, оқуға да мүмкіндік бермей, қол қойғызып алды. Сөйтсем, ол құжатта оқу-жаттығу жиындарынан шеттетіп, айлық бермейтіні жазылған екен, – деп айтты спортшы.

Осылайша Жазира Жаппарқұл жұмыстан шеттетіліп, ақшасыз қалған. Одан соң споршы елордаға барып, Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатовпен кездескен. Кейін ол басшылыққа осы күнге дейін жалақысын қысқартып келгенін айтып, бұл әрекеттері дұрыс емес екенін жеткізді.

– Бірақ бұл сөзімнен нәтиже болмады. Басқа жерде жұмыс істемейтінімді, тек осы ақшаға қарап отырғанымды да түсіндірдім. Шамалы белімді емдеп, жарақатымнан айығуға уақыт сұрадым. Алайда дым өзгермеді. Содан спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы – Серік Сәпиевке, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болған – Полат Қырықбаевқа және федерацияға хабарластым. Қақпаған есігім, баспаған тауым қалмады. Ешкім мәселені шешкен жоқ. Сосын депрессияға түсіп кеттім.

Ол кісілерге ең болмаса, жұмыс тауып беріңіздер деп айттым. Спортты біз секілді әлемдік бәсекелерді бағындырған спортшылар дамытпаса, кім дамытады деп айттым. Спортты спортшы түсінеді. Қазір бізде көп жерде спорттан хабары жоқ адамдар отыр. Директор болмасақ та, бапкер қылып алса да болады ғой. Қолымыздан келгенді аянбайтын едік. Талай чемпиондарды тәрбиелеуге күш-қуатымыз жетеді ғой. Алайда бізде бәрі керісінше. Салфетка сияқты пайдаланып, сосын лақтыра салады. Мықты спортшылардың барлығы фитнес-клубтарда жүр. Осыдан кейін елімізден қандай чемпион шығады?, – деді спортшы.

Жазира Жаппарқұлдың соншама атақ-дәрежесі болғанымен, ешкім спортқа жолатпай қойған.

– Соңғы жылдары Қазақстан біріншілігіне қатыспауым себебі бар. Үйдегілермен ақылдастым. Анам маған: "Жалақы төлеп жатқан жоқ, белің ауырады. Барлығы лақтырып кетті. Осымен спортты қойып, жаттықтырушылықпен айналыс. Әйтпесе, басқа жұмысқа тұрғаның дұрыс" деп айтты. Содан кейін жұмыс іздедім. 2,5 жылдың ішінде бірде-бір жер жұмысқа алмады.

Қазақ қыздары арасында Олимпиада ойындарында тұңғыш күміс медаль алған менмін. Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысымын. Сондай атақ-дәрежем, тәжірибем бола тұра, мені ешкім спортқа жолатпады. Менің өзімді осылай керексіз етті, басқаларды айтпай-ақ қойса да болатын шығар, – деді ол.

Жазира Жаппарқұл қазіргі денсаулығы туралы айта келе, спортпен біржолата қоштасқанын айтты.

– Аллаға шүкір, белім біраз жақсарды. Өзім үшін жаттығу жасап жүрмін. Ауыр салмақтар көтеруге шамам жете ме, ол жағын білмеймін.  Спортпен қоштастым. Өздері лақтырып кетті. Әйтпесе, Токио Олимпиадасына барамын деп ойлаған едім, – деді спортшы.

Спортшы Илья Ильиннің "Чемпион кезінде қошеметке бөленесің, одан кейін ешімге керек емессің, лақтыра салады" деген сөздің растығын айта келе, Альберт Линдердің өз-өзіне қол жұмсауына себебіне тоқталды.

– 2016 жылы Рио Олимпиадасына бәріміз жақсы дайындалдық. Арамызда Альберт те болды. Сол кезде лицензиялық жарыстың қарсаңында өзімізді тексеріп алу үшін допинг-бақылаудан өтетінбіз. Бұл Алматыдағы өзіміз үшін жасалатын тексеріс. Альберт үш рет тапсырып, үшеуінде де таза болды. Ал төртіншісінде тыйым салынған препарат бар деп айтады. Өте күмәнді жағдай. Сөйтіп, оның орнына Олимпиадаға Фархат Харки мен Арли Чонтей барды. Мұның бәрі оның депрессияға түсуіне әсер етсе керек. Енді, міне, осындай қайғылы жағдайға дейін жетті.

Спортқа кез келген адам келе бермейді. Чемпион болу үшін адам өмірін, денсаулығын сарп етеді. Альберт Линдер тіпті өмірін құрбан етті. Мен барлық қиындықтан өттім. Енді спортқа жолауға жүрегім дауаламайды. Тек жаттықтырушы немесе менеджерлік жұмыс болмаса, – деді зілтемірші.

Ауыр атлет  алдағы жоспарымен бөлісіп, Шымкенттегі жастар мектебіне жаттықтырушы болып кіргелі жатқанын  айтты.

– Жалақымды қайтара ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Мен бірақ соңына дейін барамын. Өйткені болашақта осындай жағдай басқа спортшыларда қайталанбауы үшін соңына дейін күресемін. Күніне екі рет жаттығу жасаймыз. Денсаулығымызға да оңай емес. Беретін 300-400 мыңның өзін осылай істеп отыр ғой. Соған қанағат еттік. Бірде-бір айлығымыз аз деп шағымданғанымыз жоқ. Еңбегіміз бар шығар. Нәтиже көрсеттік. Әйтеуір 2-3 күнде Шымкенттегі жастар мектебіне жаттықтырушы боламын деп отырмын. Көңілге медет болып тұрғаны сол ғана, – деді ол.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Жазира Жаппарқұл

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір