• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 13:20:56
+35°

Фото: Сурет интернет желісінен алынды

Қыркүйектің 30 күні маңғыстаулық оқушылардың арасында үздіктерді анықтайтын Президенттік олимпиада басталады.

Олимпиада «Ustudy» тестілеу орталығында «Бір қатысушы - бір компьютер - бір камера» қағидасы бойынша ұйымдастырылмақ.

 Дүбірлі доданың І туры республика бойынша бір уақытта өтеді. Президенттік олимпиадада 11 сынып оқушылары жаратылыстану-математика бағытындағы математика, химия, биология және физика пәні бойынша тапсырмалар орындайды. Өлкемізден бұл кезеңге 50 оқушы қатысады.

-Президенттік олимпиада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Дәстүрлі түрде өтетін олимпиаданың облыстық кезеңі ағымдағы жылдың 30 қыркүйегіне жоспарланған. Олимпиадаға 11-сынып оқушылары қатысады. Олимпиаданың талаптары бойынша бір оқушы математика, химия, биология және физика пәнінен тапсырады және қатысушы оқушы бұрын республикалық пен халықаралық олимпиадаға қатыспаған болуы шарт. Президенттік олимпиаданың басты идеясы - жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытуда оқушылардың қызығушылығын арттыру, теориялық білімдері мен дағдыларын тереңдету. Қатысушылардың ішінде жоғары ұпай жинаған 20 оқушы екінші кезеңге жолдама алады. Екінші кезеңнен сүрінбей өткен оқушы республикалық кезеңге қатысады. ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталған Президенттік олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері еліміздің жоғары оқу орындарында оқу үшін білім беру гранттарын алу конкурсына қатысу кезінде басым құқыққа ие болады, дейді Маңғыстау облыстық «Дарын» қосымша білім орталығының зияткерлікті дамыту жұмыстары зертханасының басшысы Гаухар Таджибенова.

Президенттік олимпиаданың ІІ кезеңі ағымдағы жылдың 22 қазанында өтеді. Осы аралықта І кезеңнің жеңімпаздарын халықаралық тренерлер арқылы олимпиадаға дайындау жоспарға қойылған. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары 15-18 қарашада өтетін Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңіне қатысады.

2019-2020 оқу жылында өткен Президенттік олимпиаданың жеңімпаздары қазіргі таңда жоғары оқу орындарында білім гранттарымен білім алуда.

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Маңғыстау Олимпиада

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір