• USD 472.14

  • EUR 498.39

  • RUB 7.65

  • CNY 67.93

10 Желтоқсан, 02:39:02
Алматы
-10°

Білім және ғылым министрлігі әлеуметтік осал топтардан шыққан 50 мыңнан астам бала колледж грантын иеленгенін хабарлады.

Өткен жылмен салыстырғанда жеңілдіктер бойынша оқуға түскен талапкерлердің саны 16 мыңға артқан.

– Биыл алғаш рет азаматтардың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалардың колледждерге түсуі үшін квоталар енгізілді. Бұл жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар, мүгедек балалар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар. Сондай-ақ квота бойынша мемлекеттік білім гранттарын ауыл жастары да иеленді, – деді БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.
 
Биыл 9-11 сыныптардың 95 мыңнан астам түлегі елдегі колледждерге оқуға түскен. Әсіресе, медициналық және шығармашылық мамандықтар сұранысқа ие болған. Биыл колледждерге қабылдау 25 маусымда басталып, 31 тамызға дейін жалғасты.
 
Гранттар "ақша студентпен бірге жүреді" қағидаты бойынша бөлінді, бұл жаңашылдықтардың бірі. Бұрын мемлекеттік тапсырыс орындарын колледждер бойынша комиссия бөлетін болса, енді бұл процесс барынша ашық бола түскен. Жаңа ережеге сәйкес, талапкер қай колледжді таңдаса, бюджет қаражаты да сол оқу орнына бағытталады.
 
Сонымен қатар бұрын талапкерлер тек 1 мамандық пен 1 колледжді ғана таңдай алса, биыл түлектерге 4 мамандық пен 4 колледжді таңдау мүмкіндігі берілді.
 
 
"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: колледж студент

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір