• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

08 Желтоқсан, 16:29:52
Алматы
+6°

Фото: Дінтану және мәдениеттану кафедрасы

23 шілде күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Шамшия Рысбекова дүниеден озды. Бұл туралы кафедра ұжымы мәлім етті.

"Ұжымымыз орны толмас қайғыға ұшырап, білікті маман, өз ісінің шебері, ұлағатты ұстаз, танымал ғалым, еліміздегі дінтану саласының қалыптасуына, дамуына өз үлесін қосқан әріптесінен айырылып қалды.

Шамшия Рысбекова факультет пен кафедра тарапынан тапсырылған қоғамдық жұмыстарды жауапкершілікпен, уақытында атқарды. Ғылыми-зерттеу жұмысын ұстаздық қызметпен сабақтастыра білетін, жауапкершілігі мол, әріптестері арасында құрметке ие қызметкер болған. Әрқашан жан-жағына адал, қызметіне аса жауапкершіл, шәкірттеріне талапшылдығымен қоса қамқорлығы басым болған Шамсия Сайдғалиқызы өмірге деген позитивті көзқарасымен, қайратты табандылығымен ерекше жан еді. Ауыр дерт жанынан қанша батса да, еш сыр бермей, сол батыл, өткір мінезімен есімізде қалды. Асқан сабырлық пен шыдамдылықты бір бойына жинап, ауырсынғанын білдірмей, үнсіз кете барды...

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұжымы философия ғылымдарының докторы Рысбекова Шамшия Сайдғалиқызының қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туыстарына қайғырып, көңіл айтады" делінген қаралы хабарда.

Рысбекова Шамшия Сайдғалиқызы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің түлегі. Еңбек жолын 1993 жылы қазақ философиясы тарихы бөлімінде кіші ғылыми қызметкер ретінде бастап, 1995 жылғы ақпан айынан философия және саясаттану институты жанындағы аспирантурада оқыған. 2003 жылдан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және ғылым әдіснамасы кафедрасында қызмет атқарған.

1999 жылы философия тарихы мамандығы бойынша философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін "Проблема сущности и назначения человека в философии Абая" тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. 2010 жылы Философия және дін тарихы, философиялық антропология, мәдениет философиясы мамандығы бойынша философия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін "Антропологический дискурс в современной религиозной философии" атты докторлық диссертация қорғады.

Аспирантураны бітіргеннен кейін БжЭА-ның "Философия және тілдер" кафедрасы "Философия" секциясының меңгерушісі қызметін атқарған.

Шамшия Рысбекова 100-ден астам ғылыми еңбек, 3 монография және 15 оқу құралын жазған. Томсон Рейтер (Web of Science, Thomson Reuters), Scopus атты ғылымиметриялық базаларға кіретін нөлдік емес импакт-факторы бар ғылыми журналдарда 15-ке жуық мақаласы жарияланған.

"Дінтану" мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлеріне Мемлекеттік стандарттар мен үлгілік және оқу бағдарламаларын, силлабустарды дайындауға белсенді қатысқан.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Шамшия Рысбекова

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір