• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

27 Қыркүйек, 18:55:37
Алматы
+20°
Pegasus тыңшы бағдарламасы арқылы телефоны тыңдалған болуы мүмкін адамдар қатарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бар. Бұл туралы жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) хабарлады.
 
Бұған дейін бағдарлама арқылы тыңдалған болуы мүмкін адамдар тізімінде 2000 қазақстандық номер бары хабарланып, оның ішінде нақты 5 адамның аты-жөні аталған. Олардың қатарында Informburo.kz сайтының журналисі, "БЕСсимптомно" телеграм-каналының авторы Серікжан Мәулетбай, Central Asia Monitor газетінің бұрынғы бас редакторы Бигелді Ғабдуллин, құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина және француз белсенділері Мартин Вийом мен Квентин Гийме бар. Соңғы екі тұлғаның Қазақстанға қандай қатысы бары әзірге белгісіз. Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы бұл жөнінде ақпарат таратпады.
 
Енді орталық тыңдалған болуы ықтимал тұлғалар ретінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың аты-жөндерін жариялады. Орталық мәліметінше, Бақытжан Сағынтаевты Pegasus бағдарламасы арқылы 2018 жылы ол премьер-министр болып тұрғанда аңдыған.

Зерттеушілер телефоны тыңдалған 2000 адам ішінде саяси және іскерлік орта тұлғалары, Қазақстанның экс-президенті, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекелестері көптеп жүргенін айтады. Орталық бұл адамдарды аңдуға тапсырыс Қазақстан үкіметі тарапынан берілген болуы мүмкін екенін жазды.

Pegasus – әлем бойынша мыңдаған адамды аңдумен айналысатын тыңшы бағдарламасы. Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының мәліметінше, журналистер бағдарламаның ықтималды нысанасы болған 50 мың адамның тізімін қолға түсірген. Олардың арасында тыңдалған 2000 қазақстандық бар.

Тізімде аты-жөндері аталатын ресми тұлғалар бұған байланысты әзірге пікір білдірген жоқ. Ал журналист Серікжан Мәулетбай мен құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина телефоны тыңдалатынын бұрыннан аңғарғанын айтып, мұны кәсіби қызметімен байланыстырады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір