• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 03:04:05
Алматы
+35°

"Nur Otan" партиясы "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайық өмір!" атты сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылуы бойынша нақты мысалдар келтірді. Әр өңір, қала және ауданға арнап қабылданған 217 жол картасы аясында бүгінде сайлауалды уәделердің республикалық деңгейде 7%-ы, ал өңірлерде 5%-ы орындалды.

Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірлерде 4,6 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе 37,6 мың пәтер салынды, сондай-ақ, 8,4 мың орындық 25 мектеп және 4 мың орындық 66 балабақша, 800 келушіге арналған 9 медициналық нысан ашылды. 630 млрд теңгеге инвестиция тарту арқылы 48 кәсіпорын іске қосылып, 107 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды және т.б. Жалпы, биыл республикалық деңгейде индикаторлардың 24%-ын, ал өңірлік деңгейде 20%-ын орындау жоспалануда.

Сонымен, сайлауалды уәделерді іске асыру аясында Ақтөбе облысында 104 ауылдық елдімекен газбен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, Мұғалжар ауданының Жұрын ауылында құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жақында ол жерге ауыз су әкелінді, енді тұрғындар көгілдір отынға қол жеткізетін болады. Қандыағаш-Жұрын-Қаракөл бағыты бойынша газ құбырын салуға облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Шымкентте 32 мектептің құрылысы басталды. Жаңа оқу жылында үш ауысымда оқытатын орта білім беру нысандарының саны 14-тен 9-ға дейін қысқарады.

 

Қызылорда облысында жыл соңына дейін 5 апатты көпірді жөндеу жоспарлануда. Өңірде облыстық маңызы бар тас жолдағы көпірлердің біріне қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы көктемгі су тасқыны салдарынан Жалағаш ауданында облыстық маңызы бар "Жалағаш-Жосалы" автокөлік жолын су басты. Жыл сайын облыстың Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарының 200 мыңнан астам тұрғыны облыс орталығына осы тас жол арқылы барады. Биыл бұзылған учаскелерді қалпына келтіруге 98,2 млн теңге бөлінді, 1 км тасжол төселіп, 4 су өткізу құрылғысы орнатылды.

Алматы облысында партиялық уәде негізінде Сарыбай би, Долан және Еркін ауылдарында үш амбулатория ашылды.

Еркін ауылында жалпы ауданы 1000 шаршы метрді құрайтын жаңа екі қабатты ғимаратта сапалы медициналық көмек көрсету және медициналық қызметтерді алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар жасалған. Жаңа амбулаторияда УДЗ, ЭКГ өтуге, сондай-ақ тіс дәрігерінің қабылдауына келуге мүмкіндік бар. Амбулатория Еркін және Көктал ауылдарының тұрғындарын қоса алғанда, барлығы 18 мың адамға қызмет көрсететін болады.

Долан және Сарыбай би ауылдық округтерінде жаңа амбулаториялар дәрігерге дейінгі және дәрігерлік қабылдау кабинеттерімен, гинеколог, тіс дәрігері кабинеттерімен, емшара және физиотерапиялық қабылдау кабинеттерімен, емшара бөлмесімен және физиотерапиялық қабылдау кабинеттерімен жабдықталған.

Батыс Қазақстан облысында 2025 жылға дейін 8 мыңға жуық отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Оралда 90 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

Одан бөлек, облыстың әрбір ауданында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталды, оның екеуі Жалпақтал және Подстепное ауылдарында маусым айының басында өз есіктерін айқара ашты. Онда күрес, волейбол, футбол, баскетбол секілді спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, 160 орындық көрермен залы қарастырылған. Нысанның аумағында шағын футбол және жүгіру алаңдары салынды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір