• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 01:23:58
Алматы
+35°

Қазақстанда білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 16 шілде күні басталады. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің ресми сайты хабарлады.

"Қазақстанда білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 16 шілде күні басталып, 25 шілдеге дейін жалғасады. Қабылдау электрондық форматта жүзеге асырылатын болады.

Талапкерлер мен олардың ата-аналарының денсаулығын қорғау мақсатында жоғары оқу орындарында виртуалдық қабылдау комиссиялары жұмыс істеп, талапкерлерге бейне байланыс арқылы кеңес береді" делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, оқуға түсушілер 6 мамыр мен 1 шілде аралығында өткен ҰБТ-ның екі нәтижесінің біреуін конкурсқа ұсына алады.

Өтініш берген кезде талапкерлер: аттестат, аттестатқа қосымшаның электрондық көшірмелерін және электрондық құжат нысанындағы көлемі 3×4 сандық фотосуретті, сондай-ақ басқа да құжаттардың көшірмелерін қоса тапсыруы қажет.

"Егер талапкер "Алтын белгі" иегері немесе отансүйгіштік және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен марапатталған болса, онда ол басқа үміткерлермен балдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болады. Олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары үшін де осындай артықшылықтар қарастырылған. Талапкерлердің мұндай жетістіктерінің ескерілуі үшін құжаттарды тапсыру кезінде растайтын құжаттардың көшірмелерін тіркеу қажет. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат болған кезде өтініш беруші сертификаттың атауын, балын көрсетеді және электрондық сертификатты тіркейді" делінген хабарламада.

Сонымен қатар биыл білім беру гранттарын бөлу кезінде БҒМ алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтарына квоталар бөлді. Енді көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы талапкерлердің грант алу мүмкіндіктері жоғарылай түсті.

Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5%-ы, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға – 1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1%-ы көзделген.

ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкерлер Ұлттық жоғары оқу орындарына түсе алады. "Педагогикалық ғылымдар" – кемінде 75 балл, "Денсаулық сақтау" − кемінде 70 балл, "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" – кемінде 60 балл, басқа жоғары оқу орындарына - кемінде 50 балл. Бұл ретте ҰБТ-ның әрбір пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл жинау қажет.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір