• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

27 Қыркүйек, 18:37:30
Алматы
+20°
Қазақстанда "Халық сенімі" деген атаумен саяси қозғалыс құрылды. Оған бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев, қоғам белсенділері Ғабиден Жәкей, Марат Уатқан, Өмірбай Сабыров, экономист Айдар Әлібаев, жазушы-публицист Талғат Айтбайұлы, ақын Болат Шарахымбай, ауған соғысы ардагері Байдәулет Дәркембай секілді белсенді азаматтық позициядағы адамдар енген. Сондай-ақ қозғалыс мүшелері өздерін Ғаббас Қабышұлы, Софы Сматаев, Исраил Сапарбай секілді жазушылар, қоғам белсендісі Сейдахмет Құттықадам қолдайтынын айтады. Қозғалыстың теңтөрағалыры – Қазбек Бейсебаев пен Ғабиден Жәкей.
 
Қозғалыс мүшелерінің сөзінше, мұндай қадамға елдегі саяси ахуал, азаматтардың кері кетіп бара жатқан әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен проблемаларды шешудегі биліктің шарасыздығы итермелеген.
 
"Ел, жер, әділет" секілді қарапайым ұрандарды ту еттік" деген қозғалыс мүшелері саяси күшке айналып, партия ретінде тіркеліп, ел саясатына араласуды, заңды жолмен халыққа формальды түрде есеп беретін биліктің орнына нақты билік жүйесін орнатуды көздейді.
 
Белсенділер қозғалыс азаматтар есебінен қаржыландырылатынын, сол үшін халықтан Краудфандинг әдісімен қаржы жинамайтынын жеткізді.
 
Қамшы тілшісі Қазбек Бейсебаевпен әңгімелесіп, қозғалыс қызметіне байланысты бірнеше сұрақ қойды.

– "Халық сенімі" қозғалысы өзін қалай сипаттайды, оппозициялық қозғалыс па?

– Біз "оппозиция" деген сөзді қолданбаймыз. "Оппозиция" өкіметке қарсы дегенді білдіреді ғой. Әңгіме мынада. Қазақстанның саяси сахнасындағы бүгінгі шынайы жағдайды нақты біліп, бағамдап отырмыз. Өзіңді "оппозиция" деп жарияласаң, билік тырп еткізбейді. Қорқып тұрғамыз жоқ, тек жағдайды жақсы білеміз. Оны дұрыс бағалау өте маңызды. Біз елдегі жүйенің өзгеруін қалайтын азаматтардың басын қосып, ата заңда жазылған заңды құқығымызды пайдаланып, саяси күш құрғымыз келеді. Бұған бізді бүгінгі үкіметтің ісі, жүргізіп отырған саясаты мәжбүрледі. 

 – Саясатта жаңа саяси күш өз идеясына халықты иландыру, жақтастар жинау, бұқараны соңынан ерту үшін өзіне бәсекелес саяси күштің олқы тұстарын, кемшілігін ашық айту, сынау технологиясын қолданылып жатады. Сіздердің жағдайларыңызда мұндай тәжірибе қолданыла ма?

– Мәлімдемемізде айтылғандай, "Халық сенімі" қозғалысы кезекті билікті сынаушы топтардың қатарынан табылғысы келмейді. Қазір бәрі сынайды. Кез келген азамат сынай алады. Ал біз өзгеріс жасағымыз келеді, сөзден іске көшуді қалаймыз. Ол үшін қозғалыс партияға айналуы керек, партия тіркелуі керек, парламентке өтуі міндет, сосын реформаларға жағдай жасайтын тиісті заңдық өзгерістерді қабылдау керек. Біздің мақсатымыз билікке қол жеткізу. Осы жұмыстың өзі оңайға соғайын деп тұрған жоқ. Өйткені бізде саяси партия құру өте қиын. Кедергілер көп. Мәселен, Ресейде партия құру үшін 500 адамның қолы қажет, ал бізде – 20 мың. Бұл – өте көп. Қазіргі біздің бірінші кезекте қолға алатын ісіміз – аймақтардан филиал ашу, ұйымдастыру жұмыстары.

– Қозғалыс халық ақшасына қаржыландырылатыны мәлімделді. Алда ел аралап, іс-сапарларға шығу жұмыстары барын айтып отырсыз. Бұған да белгілі бір қаражат қажет. Бұл мәселені қалай шешесіздер?

– Мұны да халық қаржысына жүзеге асырамыз. Біз саяси күш құратынымызды жариялағанымыз бүгін ғана. Біртіндеп халықтан ақша түсіп жатыр. Соның бәрін ашық көрсетеміз. Алдағы жұмыстардың бәрі халық қаржысына жүзеге асады. Яғни, біз халықтан ақша алып, соның мүддесі жолында қызмет қылғымыз келеді.

 – Демек, старттық капитал жоқ па?

– Ондай жоқ.

 – Қалталы азаматтар тарапынан қолдау бар ма?

– Қызығушылық бар. Бізге бұл идея бір жыл бұрын келген. Сол кезде көптеген кәсіпкерлермен жолыққанбыз. Қызығушылық танытып, сөз жүзінде идеяны қолдағандар болған. Алда қалай боларын уақыт көрсетер.

 – Мәлімдемелеріңізде "Халық сенімі" қозғалысы қазіргі тіркелген партиялармен бірлесе қимылдауы да мүмкін екені айтылды. Бұл бір кездердегідей басқа партияларға қосылып кетуі мүмкін екенін білдіре ме?

– Біздің мақсат – қалайда саяси күшке айналу. Ол үшін партия құру. Ал Қазақстанда партия құру жаңа айтқанымда өте қиын. Оның қаржылық шығыны бар, бюрократиялық кедергілері көп. Ал егер қозғалыс үлкен күшке айналып, бірақ партия ретінде құрыла алмай, бізге өзге партиялар "құда түссе" ортақ мақсат үшін ондай мүмкіндікті қарастыруға әзірміз.

 – Билік партиясы "құда түссе" қайтесіздер?

– Билік партиясымен бірікпейміз. Мәжіліске кірмеген партиялармен келіссөз жүргізуге болады. Саясаттың өзі компромистен тұрады ғой.

– Қоғамда белсенділерге, үлкен саясатқа араласатынын мәлімдеген азаматтарға "билік жобасы" деп қарау үрдісі бар. Егер сіздер туралы мұндай пікірдегі адамдар шығып жатса, оларға айтар жауап қандай болмақ?

– Мен былай айтайын. Бізде бәрі ашық. Осыдан бір жыл бұрын осындай идея келгенде билікке шағын кеңес беруші орган ретінде бірге жұмыс істесек деп ойымды білдіргенмін. Бірақ олар бас тартты.

– Олар деген кімдер? Және неге кеңес беруші орган, ондай орган – ұлттық қоғамдық сенім кеңесі бар емес пе?

– Қазір олардың кім екенін айта алмаймын, жалпы билік дегенім ғой. Әрі олардың атын атау маңызды да емес. Біз сенім кеңесінен бөлек, саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді көтергіміз келді. Бірақ билік тарапынан қолдау болмады. Біз өз жолымызбен кеттік. Сосын парламент сайлауы алдында бір партияға кіріп, өз ойларымызды, істегіміз келітін жұмыстар туралы айттық. Егер сайлауда бізге мандат беріп жатса, сол ойларымызды жүзеге асыруға әзір екенімізді жеткіздік. Бірақ олар да бас тартты.

 – Ол партияны да атай алмайсыз ба?

– Атай алмаймын. Ойымызды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін саяси алаң табылмаған соң, осы қозғалысты құруға бел шештік. Біздің билікпен еш қатысымыз жоқ. Кез келген азамат үшін ашықпыз. Кез келген азамат ойын білдірсін, елді дамыту бойынша ойын айтсын, қатарымызға қосылсын. Өйткені елдің қазіргі жағдайында өзгеріс жасау аса қажет. Ол өзгеріс осындай өркениетті, заңды жолмен ғана шешілуі керек деп санаймыз. Ал заңды жол жоқ жерде, мәселе көшеде қаралады, көше дегеніміз не? Революция. Біз революцияны қолдамаймыз.

– Партия құру қиындығы туралы айтып отырсыз. Есіңізде болса, былтыр Демократиялық партия бастамашыл тобы құрылтай өткізгелі жатқанда, жер-жерде жақтастары түрлі айыппен ұсталып, қамалып жатты. Артынша, белсенділер құрылтай ұйымдастыру орнына, митингке шықты. Егер сіздердің де жақтастарыңыз осылай қамалса, не істейсіздер?

– Әңгіменің басында айтып кеткенімдей, біз өзімізді "оппозиция" ретінде жарияламаймыз. Жоғары билікке таласатын ойымыз жоқ. Тағы да айтам, бұл жағдайды шынайы бағалаудан туған ой. Оппозициямыз деп шықсақ, шыны керек небір проблема шығады. Ал "Халық сенімі" қозғалысы өзгерісті заң шеңберінде жүзеге асыруды қолдайды. Сондықтан біздің жақтастарымызды қудалайды деп ойламаймын. Ал егер саяси партия құруға мүмкіндік бермесе, онда "Халық сенімі" қозғалыс ретінде әрі қарай өмір сүре береді. Халық қолдауына ие болмаса да біз өз әрекетімізді өз күштерімізге сай, шағын масштабта болса да жалғастыра бермекпіз. Өйткені біреу келіп біз үшін бәрін жасап береді деп үн-түнсіз, сырттай бақылаушы ретінде отыра беруге болмайды. Қалайда өзгеріс жасауға талпыну керек. Олай істемегенде тағдырымыз бізге байланыссыз жағдайлардың ойыншығына айналуы мүмкін.

– Қозғалыс ерекшелігі ретінде "оның басқа әрбір мүшесі әртүрлі позицияларда болуы мүмкін, бірақ бәріне ортақ бір нәрсе – елді жақсы жағына қарай өзгертуде олардың мақсаттары бірдей!" екені туралы айттыңыздар. Осы ойды толығырақ түсіндіріп бере аласыз ба? Бұл өзара алауыздыққа соқтырып, "аққу, шортан һәм шаянның" кебін кидіріп жүрмей ме?

– Бұл – біз азаматтырдың ұлтына, тіліне, дініне қарай бөлмейтінімізді, мақсатымыз осы ел азаматтарының жағдайын жақсартуды көздейтінімізді білдіреді. Біздің қатарымызда басқа ұлт өкілдері де бола алады. Қозғалыс ішінде түрлі бағытта мәселе көтерілуі мүмкін, бірақ олардың бәрі елге өзгеріс әкелу мұраты жолында бір нүктеде түйіседі.

 – Сұхбатыңызға рахмет!

Меліс Сейдахметов

Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетін бітірген. 2015-2019 жылдары «Президент және Халық» газетінде тілші, шеф-редактор болып істеген. 2019 жылдан бері Қамшы порталында қызмет атқарады.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір