• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 14:05:31
Алматы
+35°

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Сайт мәліметінше, облыс әкімі мемлекет басшысына өңірдің биылғы төрт айдағы даму қорытындылары мен президент тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен Қордай ауданындағы ахуал жөнінде баяндаған.

Бердібек Сапарбаев қаңтар-сәуір айларында Жамбыл облысының өнеркәсіп көрсеткіші 107,1 пайызға, ауыл шаруашылығы 103,2 пайызға, құрылыс 110,3 пайызға артып, өңірге құйылған инвестиция 75,2 миллиард теңгеге жеткенін айтты. Сонымен қатар былтыр облыста 768 мың гектар жерге егін егілсе, биыл егістік алқап 46 мың гектарға ұлғайған.

Облыстағы эпидемиологиялық жағдай да сөз болды. Жалпы 2580 төсек-орын әзірленген. Медициналық құрал-жабдықтармен қамту тиісті дәрежеде жүргізіліп, дәрілік заттардың жеткілікті қоры қалыптасқан. Жоспар бойынша 582 мың азаматқа вакцина салу керек болса, бүгінде 100 мың адамға екпе егілген.

"Аймақта президент тапсырмасына сәйкес өзге ұлт өкілдері тығыз шоғырланған 25 елді мекеннің этно картасы жасақталған. Мемлекет басшысына Қордай ауданындағы ахуал жөнінде баяндалды. Облыс әкімінің айтуынша, аудандағы жағдай тұрақты. Былтыр тұрғын үй, жол құрылысы, білім беру, медицина, мәдениет және спорт  салалары бойынша жалпы құны 35,1 миллиард теңге болатын 392 жоба іске асырылған. Барлық зардап шеккен нысандар мен тұрғын үйлер толығымен қалпына келтірілген.

Гвардейск ауылындағы биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, тиісті қондырғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Зауыттың сынамалық қосылуы маусым айына белгіленген" делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы облыстағы эпидемиялық ахуалды бақылауда ұстау, инвестиция тарту және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырма берді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір