• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 12:34:01
Алматы
+35°

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа оқушылардың қорытынды аттестаттау емтихандары туралы депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, елде 28 мамырдан бастап 9, 11 сыныптардың оқушылары арасында қорытынды аттестаттау емтихандары басталады. Биыл 9 сыныптың 264 469 оқушысы 3 емтихан тапсырса, ал 11 сыныптың 154 816 оқушысы 4 емтихан тапсырады. Емтихан тапсыру жабық ғимараттарда өткізілуіне байланысты, оқушылардың, педагогтар мен техникалық персоналдың короновирус жұқтыру ықтималдығы жоғары. Себебі, емтихандардың ұзақтығы 2 сағаттан 5 сағатқа дейінгі уақыт аралығын қамтиды.

– Осы ретте, барлығын қосқанда, 400 мыңнан астам жоғары сынып оқушыларына (419 285) COVID жұқтыру қаупінің бар екендігіне назарларыңызды аударамыз. Оның үстіне, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, елімізде 2021 жылдың 10 мамырында 604 623 адам толыққанды вакцина алған. Бұл жалпы халықтың небәрі 3,2 пайызын құрайды. Осындай вакциналау деңгейінің төмендігін ескерер болсақ, жабық кеңістіктерде ұзақ емтихандар өткізу қаншалықты қисынды болмақ? Бүгіннің өзінде, оқушылар арасында короновирус фактілердің орын алуына байланысты, қорытынды аттестаттау емтихандарын және соңғы қоңырау салтанатты жиынын өткізбеу керек деп санаймыз. Бұл ата-аналар тарапынан үлкен алаңдатушылықты тудыруда. Бұдан өзге, оқушылардың және мұғалімдердің денсаулығы басты назарда болуы қажет, – деді депутат.

Осы орайда, Жұлдыз Сүлейменова Nur Otan партиясы фракциясы депутаттарының атынан бірқатар ұсыныстар айтты:

"Бірінші. Оқушылардың, мұғалімдер мен ата-аналар қоғамдастығының денсаулығын сақтау, COVID вирусының алдын алу мақсатында Білім және ғылым министрлігіне 9, 11 сынып оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеу туралы шешім қабылдауды ұсынамыз. Індеттің алдын алуда бұл маңызды. Жалпы, мұндай тәжірибе қолданыста бар. Былтыр короновирус пандемиясына байланысты ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 3 сәуірдегі 129 бұйрығына сәйкес,  9, 11 сыныптарға қорытынды аттестаттау емтихандары болмады. Сәйкесінше, қорытынды бағалар оқу жылының тоқсандық бағалары негізінде қойылды.

Екінші. 9, 11 сыныптарда қорытынды аттестатау өткізу пандемия және қашықтан оқыту жағдайына икемді етуге қатысты тиісті заңнамалық нормативтік актілерге өзгерістер енгізуді және реттеуді ұсынамыз. 

Үшінші. 6 мамырда ҰБТ басталғаны баршамызға белгілі. Осы орайда, Жергілікті атқарушы билік органдары Бас санитарлық дәрігерлермен бірлесіп, ҰБТ тапсыру пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына қатысты мониторингтік топтар жұмысының тиімділігін арттыруды өз жауапкершіліктеріне алуы қажет деп санаймыз.

Бұдан өзге, келесі ақпараттарды, атап айтқанда ҰБТ тапсыру пунктерінің «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидаты негізінде оқушыларды қабылдау дайындығы және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы 611 бұйрығына сәйкес, ҰБТ тапсыру пунктерінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, атап айтқанда әлеуметтік қашықтықты сақтау, жеке қорғаныш құралдарының, санитайзерлердің жеткілікті болуы, ҰБТ өткізілетін ғимараттардағы вентиляция жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету туралы ақпаратты қосымша жолдауларыңызды сұраймыз" делінген депутаттық сауалда.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір