• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:41:32
Алматы
+35°

​Білім және ғылым министрлігі Шет тілдер және іскерлік карьера университеті лицензиясының күші тоқтатылғанын хабарлады. 

Министрлік мәлімдеуінше, білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің білім сапасына қатысты шағым келіп түскен. Осыған байланысты жоғары оқу орнында жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Оқу процесінің ұйымдастырылуын бақылау қорытындысы бойынша, заң бұзушылықтар жойылғанға дейін университет лицензиясын тоқтату туралы шешім қабылданған.

Жүргізілген бақылау барысында университет студенттерінің білімі тексеріліп, білім алушылардың 97%-ы шекті баллды еңсере алмаған.

– Жоспардан тыс тексеру барысында ЖОО-да сабақтар кесте бойынша өткізілмейтіні анықталды. Білім алушылардың оқу жетістіктерін тексеру нәтижелері ЖОО-дағы білім беру сапасының төмен деңгейін көрсетті. Одан бөлек, оқу орны кадрлар даярлау бойынша жұмыс берушілермен белсенді жұмыс істемейтіні де байқалды. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде академиялық адалдық қағидаттары да сақталмайды. Мәселен, ШТІКУ студенттерінің курстық жұмыстары өзге адамның еңбегін көшіріп алуды тексеру жүйесінен өтпейді, ал дипломдық жұмыстар бойынша академиялық қағидалар бұзылғаны анықталса да қорғауға жіберілген жағдайлар тіркелді. Жалпы, университет білім беру саласындағы заңнаманы өрескел бұзуға жол берген, – деді Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Заңнамаға сәйкес ЖОО лицензиясының күші тоқтатылған жағдайда, студенттер оқу орнында анықталған бұзушылықтардың жойылуын күтпей-ақ, басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір