Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады, деп Ақорда сайты хабарлады.
Үкімет басшысы президентке елде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталғанын айтты. Ол COVID-19 індетінің таралу қарқыны бойынша Қазақстанның "қызыл" аймақтан "сары" аймаққа өткенін атап өтті.
– Азаматтарды вакциналау қарқыны артып келеді. 1 млн 565 мың адамға бірінші компонент салынса, 460 мың адамға екінші компонент егілген. 1 сәуір мен 5 мамыр аралығында тәуліктік вакцина салу қарқыны 12,6 есе өскен. Кеше Қазақстанда 140 мыңға жуық адам вакцина салдырған, – деп айтты Мамин.
Премьер-министр Тоқаевқа бизнесті қолдау жұмыстары туралы да ақпарат берді.
Ол қызмет көрсету саласында "ASHYQ" қосымшасын пайдалану ісі белсенді түрде артып келе жатқанын айтты. Қазіргі уақытта жүйе 3 мыңнан астам бизнес субъектілерін және елдің 720 мың тұрғынын қамтып отыр.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Үндістандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды.
Кездесу соңында президент халыққа вакцина салу жұмысының қарқынын төмендетпеуді, азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстауды тапсырды.
Пікір қалдыру
пікір