• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:11:19
Алматы
+35°
Белсенді, халықаралық шолушы Қуаныш Еділхантегі өзінің Facebook парақшасында Қытай билігінің Шыңжаңдағы этникалық қазақтарға көрсетіп отырған қысымына жауап ретінде азаматтық қоғамды 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына бойкот жариялауға шақырды.
 
Шолушы "АҚШ мемлекеттік департаментінің басшысы Энтони Блинкен алдағы Олимпиада ойындарына АҚШ бойкот жариялауы мүмкін екенін айтуы Қазақстанға берілген ым, ишара іспеттес" деген пікірде.
 
 
"Біріншіден, сондай жоғары деңгейдегі басшы жайдан-жай ым жасамайды, ол оның статусына сай емес және спорт саясаттан тыс деген халықаралық жазылмаған заңды елемеушілік болып табылады. Ендеше ондай ойды мемлекет басшылары емес, азаматтық қоғам өкілдері көтергені қисынды болмақ.
 
Екіншіден, Қытай экспансиясынан шын қорлық көріп отырған қай ел? Шыңжаңдағы қазақтарды геноцидке ұшыратып отырған Қытай саясатынан жапа шегіп отырған біздің ел емес пе? Қытай елшілігінің алдында нешеме күндерден бері адамдарын босатуды сұрап зарлаған аналардың даусын ести тұра елшіліктен бір адам шығып жауап бермеуін қалай түсінуге болады? Бұл тек астамшылық қана емес, тіпті ешқандай моральға сыймайтын, адамгершіліктен жұрдай, нағыз иттік қой? Соған шыдап үн қатпай отырған біздің мемлекетті қазаққа жанашыр мемлекет деуге кімнің аузы барады? Талай қорлықты қазақпен бірдей көріп келе жатқан ұйғырда тіпті мемлекет те жоқ. Ендеше біздер, азаматтық қоғам өкілдері, неге осы мәселені көтермейміз? Инициатива төменнен басталғаны дұрыс емес пе?" деген ол Бейжіңде өткелі отырған қысқы Олимпиада ойындарына бойкот жариялауға үндеді.
 
 
Белсенді "мұны (бойкотты - ред.) АҚШ қолдаса, басқалары да қосылады деп ойлаймын, бұл Қытайға абырой әкеле қоймас. Ең болмағанда өшімізді солай алсақ? Бәрібір басқаша қолымыздан не келеді?" дейді.
 
Қуаныш Еділхантегі осы Олимпиаданы өткізуге 2014 жылы Алматы мен Бейжің дауысқа түсіп, Қытай астанасы төрт дауыспен жеңіп шыққанын, Польша, Украина, Норвегия, Швеция секілді өзге кандидаттар қаржылық шығынды ескеріп, үміткерлігін қайтып алғанын айтады. Ал Швейцария, Испания, Германия елдері референдум өткізіп, халқы қарсы шыққан соң кандидатураларынан бас тартқан.
 
Белсенді ақтық кезеңге дейін барған екі авторитарлық ел үкіметінің ойына референдум өткізіп, халқынан сұрау келмегеніне ашынады.
 
"Тіпті басқалар оларды әдейі арандатып, артынан жорта жарыс жолынан шығып қалды ма, кім біліпті? Қалай болғанда да бізді құдай сақтапты, әйтпесе нағыз коррупцияның көкесі, ақша жеу осы кездерде жүріп жатар еді" дейді шолушы.
 
Оқи отырыңыз:
 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір