• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

28 Қазан, 14:43:53
Алматы
+11°

Ішкі істер органдарының ресми ақпараты бойынша, 2019 жылы интернет алаяқтықпен байланысты 7 732 қылмыс тіркелсе, 2020 жылы мұндай фактілердің саны екі есеге артып 14 110 қылмысты құрады. Мұндай деректі парламент мәжілісіндегі "Nur Otan" фракциясының мүшелері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Абылқасымоваға жолдаған депутаттық сауалда мәлім етті. 

Депутаттар Е. Бейсенбаев, Ю. Кучинская, М. Ахметов соңғы жылдары елде шағын несие берумен байланысты алаяқтық жағдайлар, азаматтардың қатысуынсыз онлайн несиелер рәсімдеу деректері жиілеп кеткенін жазады.

– Алаяқтар азаматтардың жеке деректерін пайдалана отырып, онлайн несиені өзге адамға заңсыз рәсімдейді. Ең сорақысы зардап шеккендер оларға рәсімделген несие туралы белгілі бір уақыттан кейін ғана, яғни коллекторлық агенттіктер мазалай бастаған кезде несиелік қарызының бар екенін біледі. Ішкі істер органдарының ресми ақпараты бойынша, 2019 жылы интернет алаяқтықпен байланысты 7 732 қылмыс тіркелсе, ал 2020 жылы мұндай фактілердің саны екі есеге артып 14 110 қылмысты құрады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша микрокредиттік ұйымдардың интернет-сайттары арқылы онлайн несиелерді ресімдеу бойынша 3 мың құқық бұзушылық жасалған. Сондай-ақ, интернет арқылы кез-келген азаматтың жеке кабинетіне қосылу арқылы, олардың пластикалық карталарындағы шоттарынан ақша ұрлау бойынша 2,2 мыңнан астам алаяқтық қылмыс тіркелген, – дейді депутаттар.

Олар мәселенің күрделі екеніне дәлелдеме ретінде, кеше ғана Солтүстік Қазақстан облысында ер адам алаяқтық жолмен өзге азаматтарға 50 несие рәсімдегенін, аталған ер адам алаяқтығын іске асыру үшін өзге азаматтардың жоғалған жеке куәліктерін пайдаланғанын келтіреді. 

– Жоғарыдағы көрсетілген нақты мысал, микроқаржылық ұйымдардың онлайн қарыздарды берудегі жеке тұлғаны сәйкестендіру рәсімдерін реттеу жүйелерінің толық пысықталмағанын көрсетіп тұр. Осыған байланысты, жапа шеккен азаматтар өзінің кінәсіз екенін мойындатып, заңсыз несиені өшіру үшін 9 айға дейін соттасуға мәжбүр. Бұл өз кезегінде жәбірленушінің несиелік тарихына зиян келтіріп, қолма-қол ақшасыз төлем жасауына кедергісін тигізеді, – делінген депутаттық сауалда.

Депутаттар осы айтылғандарды басшылыққа лып, агенттікке клиенттің биометриялық ерекшеліктерін сәйкестендіру процедураларын күшейтуді қарастыру қажеттігін, нақты уақыт режимінде кескінді тексеру және растау, яғни алаяқтардың бұрын дайындалған бейне немесе фото материалдарды қолдануы мүмкіндігіне жол бермеу керектігін көтерді. Ақпараттық-бағдарламалық жүйелерді пайдалану арқылы онлайн-кредиттерді ресімдеу кезінде екі сатылы аутентификацияны енгізуді көздеудің маңызды екеніне назар аударды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір