• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 05:15:18
Алматы
+35°

Сонымен Путин қырғын әскерді Украина шекарасына жинақтағанда (кейбір ақпараттарда 150 мыңға шейін) не ұтты? Жалпы мақсаты не еді? Қазір соғыс қаупі тарады ғой, енді асықпай талқылайық.

Мақсаты – Украинаны Батысқа жібермеу. Неге? Біріншіден, Украина еуропалық елге айналса, экономикасы дамып, өркениетті елдер қатарына қосылады да, оны осы кезге дейін тежеп келген РФ екені әшкереленеді, олардың барлық жағынан артта қалғаны бадырайып көрінеді, халықты өз таңдауына жібермей еріксіз еркін байлап отырғаны айқын болады.

Екіншіден, тек Украина ғана емес, РФ құрамындағы басқа елдерге де орыстардың орынсыз тежеу болып отырғаны айқындала түседі, олардан үйренетін, олардан алатын ештеңе де жоқ екендігі белгілі бола түседі. Сөйтіп оның қарауындағы басқа елдер де тәуелсіздікке ұмтылатын болады. Солтүстік Кавказ, РФ құрамындағы түркі елдері егер бөлінетін мүмкіндік туып жатса көп кідіре қоймас деп ойлаймын. Ал Ресейдің қазіргі басшылығының (басқаларға шекесінен қарап жаман үйренген орыс халқының) шовинистік пиғылы ондайға жол бергісі жоқ.

Үшіншіден, Ресейдің қатты қорқатыны – тарих мәселесі. Алтын Орданың бір ұлысы ретінде өмірге келіп, кейін бірте-бірте күшейіп алып бойын тіктегеннен кейін тарихты жаппай қайта жазуға көшті, өйткені мұндай алып империяда даңқты тарих болмаса да болмайды деп ойлады сол кездегі орыс элитасы. Уақыт өте келе басқа елдердің архивтерінде сақталып қалған деректер, басқа да қосымша жанама деректер негізінде нақты шын тарих біртіндеп айқындалып келеді. Міне, осыған РФ жол бергісі келмейді. Арғы тарихты былай қойғанда Петр біріншінің жарлығымен империя Ресей атауын алғаннан бергі тарих, тіпті большевиктер билеген күні кешегі тарихты жасырғысы келетіні, "тарихта бірізділік болуы керек" деген сылтаумен бізге өз көзқарастарын еркімізден тыс таңғысы келетіні соның айғағы. Ал украиндар өз архивтерін ашып құжаттарын сөйлете бастаса, олардың ішінде "талай ит өліп жатқаны" анық. Әрине, біраз құжатты РФ жақтастары жойып та жіберген шығар, бірақ қалғаны да аз болмас деген ойдамын. Жарайды, әзірге осы да жетер, мақала көлемі көтермес.

Енді... РФ көздеген мақсатына жетті ме, мақсаты орындалды ма? Әрине жоқ! Оның бопсасынан ешкім де қорқа қоймады.

Біріншіден, бұған дейін де айтып өткенімдей, Батыс елдері біртұтастығын көрсетіп, бірауыздан РФ арандатушылығына қарсы шықты. Егер соғыс бола қалса, Ресейді бұрын-соңды болмаған санкциялар күтіп тұрғанын жеткізуге тырысты, Украинаны бәрі де қолдайтынын білдіріп жатты. Бұл жерде, әрине, басты скрипканы АҚШ ойнады. НАТО әскери альянсы, G7, ЕО шешуші ықпал етті. БҰҰ да өз үлесін қосты. 

Екіншіден, өз әскерін НАТО стандарттарына сай қайта құра алған (немесе соған жақын), Батысқа, әсіресе АҚШ-қа, Канадаға, Ұлыбританияға арқа сүйеген Украина да бұл бопсадан қорқа қоймады, сауға сұрап жалынбады. 

Ақыры Ресей шегінуге мәжбүр болды. Бұл шегініс уақытша ма әлде түпкілікті ме – оны уақыт көрсетеді. Бірақ ол Путиннің өз ойынан қайтты дегенді білдіре ме? Әрине жоқ. Осы бопсалау нәтижесінде Ресейдің өзінде бірде-бір қарсылық митингі немесе ұлт зиялылары дейтіндердің қарсылық акциялары, өткен жоқ. Әйтеуір баспасөз беттерінде ондай қозғалыстарды байқамадық. Ал біз сияқты көршілерге бұл оқиға қалай әсер етуі мүмкін? Федоров, Никонов, Жириновский, Мединский дегендердің сөздерін қалай түсінуге болады? Ол енді басқа тақырып.

Қуаныш Еділхантегі

Шолушы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір