• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:17:42
Алматы
+35°

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатта қоғам белсендісі Жанболат Мамай туралы "ол саясаткер емес, ал көтерген бастамалары популистік әрекеттен ары аспайды" деп айтты.

– Саясаткер деген мәселені шешуші адам немесе нақты шешетін жолдарын көрсететін адам. Мамай не ұсынды? Оның Демпартиясының бағдарламасын оқыдыңыз ба, көзбен көрдіңіз ба? Кредиттік амнистия жүргізу керек дегенді айтып жүр. Халықтың несиесін толық кешіру керек дейді. Бізде ондай мүмкіндік бар дейді. Кім кешіреді оны, банктер кешіре ме? Ал банктердің шетелдегі қарыздарын сосын кім кешіреді? Біздің банктер халыққа несие беру үшін шетелден өздері де несие алады. Оны сосын кім төлейді, Жанболат қалтасынан төлей ме? Саясаттан алыстау адамдарды осындай ісімен қасына тартып, топ ұйымдастыру деп баға беремін, – деді Елнұр Бейсенбаев сұхбат барысында.

Сондай-ақ ол Жанболат Мамайдың Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке қатысты жариялаған видеоматериалына қатысты да пікір білдірді. Бұған дейін Б.Байбек Ж.Мамайдың айыптарын теріске шығарып, оны жағылған жала екенін айтқан болатын. Қоғам белсендісін сотқа беретінін де ресми мәлімдеген..

– Жанболат Мамай Бауыржан Байбекке қатысты тағы бір видео шығарып, оны дебатқа шақырыпты. Бұл сасқан үйрек артымен жүзеді дегеннің кейпі. Қандай дебат, адамға жала жаптың ба, енді соттың алдында жауап бер. Айтылған сөз – атылған оқ. Заң саясаткерге де, қарапайым адамдарға ортақ, – деген Е.Бейсенбаев Жанболат Мамайды дебатқа шақырып, кез келген тақырыпта сөз таластыруға дайын екенін мәлімдеді.

Демократиялық партия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай пандемия кезінде халықтың әл-ауқаты нашарлап кеткендіктен, бір реттік несие амнистиясын жариялау бастамасын көтеріп жүр.

Б.Байбек-Ж.Мамай текетіресі белсендінің NurOtan партиясы төрағасының орынбасары туралы екі тілде видеоматериал жариялауынан басталған. Жанболат Мамай ол жерде UZUN Qulaq телеграм каналында, ашық дереккөздерде, бірқатар баспасөз беттерінде жарияланған ақпараттарды, деректерді негізге алып, Б.Байбекті Алматы әкімі болып тұрғанда "бюджет ақшасын "жеп" миллиардер атанды" деп айыптайды. Бұған жауап ретінде Б.Байбек NurOtan партиясының экс-депутаты, бүгінде youtube желісінде видеоблог түсірумен айналысып жүрген Тәңірберген Бердоңғарға сұхбат беріп, оппозиционердің айыптарын терістеп, оны сотқа беретінін мәлім етті. Мұнан соң Жанболат Мамай Қазақстан соты өзін жығып беретінін айтып, Байбекті тікелей эфир режимінде ашық дебатқа шығуға шақырған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір