Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен жаңадан құрылған Түркістан облысы Сауран ауданының алғашқы әкімі тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабына сәйкес, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Сауран аудандық мәслихаты депутаттарының бірауыздан қолдауымен, Сауран ауданы әкімінің лауазымына бұған дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келген Ғани Құрмашұлы Рысбеков тағайындалды" делінген хабарламада.

Ғани Рысбеков 1962 жыл 8 сәуірде Түркістан қаласында туылған. Қазақ, білімі жоғары. 1986 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын ғалым агроном мамандығы, 2005 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін қаржыгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1979 жылы Түркістан қаласында Чапаев атындағы колхозда жұмысшы болып бастаған. 1980-2015 жылдар аралығында Түлкібас жеміс-жидек зауытының жұмысшысы, Целиноград облысы Балхаш ауданы Веселовский совхозының аға агрономы, Түркістан ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімінің инспекторы, меңгерушісі, Түркістан қаласы жастар ісі спорт және туризм басқармасының бастығы, Түркістан қаласы әкімдігінің шаруашылық басқармасы мемлекеттік мекемесінің бастығы, Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы болған.

2019 жылдан бері Кентау қаласының әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарып келді. "Ерен еңбегі үшін" медалімен, "Құрмет" орденімен марапатталған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір