Наурыз айының соңында Шығыс Қазақстан облысының бір топ азаматы екі аптада үш рет облыстағы спорт кешені, даңғыл және ауданға Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы бастама көтерген. Облыс атқамінерлері әрекетін Елбасының қарсылығына қарамастан жалғастырған еді. Осы жайтқа байланысты Қамшы порталы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың атына ресми хат жолдаған. Хатқа жауап Даниал Ахметовтан емес, оның орынбасары Әлішер Мархабаттан келді. Әкім орынбасары 6 сұрақтың екеуіне толық жауап бермеген. Күллі шығысқазақстандықтардың атынан айтқандай болған оның сөзінен Елбасы есімін ұлықтауға әкім-қаралар емес, шығыстың зиялы қауым өкілдері мен қарапайым халқы әуес екенін ұғуға болады.

1) Мұндай ұсыныстар тікелей кімнің тапсырмасымен жасалып жатыр?

Жауап: Нұрсұлтан Назарбаев есімін әртүрлі нысандарға беру туралы ұсыныстар қазақ қоғамы тарапынан жиі түседі. Мемлекет үшін нышандық мәні бар маңызды нысанға, көшеге сол мемлекетті қалыптастырған ұлы тұлғалардың есімін беру үрдісі бұрыннан бар және ол ешкімнің тапсырмасынсыз халықтың қалауымен жүзеге асырылып келеді.  Бұл шығыс халқының  Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасына  деген құрметінің бір белгісі деп ойлаймыз.

2) Сіз басқаратын облыс азаматтары өңірге Назарбаев атауын беруге неге әуес?

Жауап: Әрбір шығысқазақстандықтың өзінің азаматтық ұстанымы бар. Н.Ә.Назарбаев есімі  шығысқазақстандықтар үшін  40 жыл зардабын шегіп, қасіретін тартқан Семей полигонының жабылуымен байланысты. Қазақстанның «Семей-Невада» қозғалысы үлгісімен басталған әлемдік антиядролық қозғалысы ондаған ядролық сынақтарды мерзімінен бұрын тоқтауға ықпал етті. Елбасының Семей ядролық полигонын жабу, ядролық держава мәртебесінен бас тарту, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі дәйекті қызметінің нәтижесінде БҰҰ елімізді ядролық қарусыздану саласының көшбасшысы деп таныды. Еліміздің 30 жылдық тәуелсіздік тарихындағы дамуы, ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы Н.Ә. Назарбаев есімімен тығыз байланысты. Сол себепті де шығыс халқының Н.Ә.Назарбаевтың есімін әйгілеуі заңды құбылыс деп есептейміз.

3) «Осы бастамалардың артында Даниал Ахметов тұр. Ол осы арқылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің креслосында отыруын ұзарта түскісі келеді, Қазақстандағы ең дәулетті адамдардың тізіміндегі баласының байлығын қорғау үшін әдейі жасап отыр, 2019 жылы Қытай Халық үкіметі төрағасының орынбасары Чжао Чунцзюге уәде еткен 40 мың гектар жерді у-шусыз беру үшін «Кітапхананың» қолдауы керек болды» деген сияқты әңгімелер желдей есіп жүр. Бұны қалай түсіндіресіз? Нақты пікір білдіруіңізді сұраймыз.

Жауап: Ұлы Абай «Көптің аузын күзетіп күн көре алмайсың» дейді. Қоғамда қанша адам болса, сонша пікірдің болуы заңдылық.

Семей қаласындағы Қарағайлы ықшамауданындағы жаңа көшеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы облыстағы зиялы қауым өкілдерінің ұсынысы халық қалаулылары тарапынан қолдау тапты. Бұл бастаманы жерлестеріміздің ұлт көшбасшысының еңбегіне көрсетілген құрметі деп білеміз.

Ал жерге қатысы мәселеге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев нүктесін қойды. ҚР үкіметтінің кеңейтілген отырысында президент: «Негізгі мәселені айқындап алдық. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл мәселеге енді оралмаймыз» деген болатын.

4) Елбасы мен Ақорда сайты «Елбасы арена» деп атау ұсынылған спорт кешенінің аты «Абай арена» екенін хабарлады. Бастамашыл топ аталған спорт кешенінің атауы жоқ екенін айтады. Сонда қай тараптың айтқаны дұрыс? Қай тарап жалған ақпарат таратып отыр.

Жауап: Семей қаласының Қарағайлы ықшамауданында орналасқан спорт кешенінің ресми атауы «Арена» мәдени-спорт кешені.

5) Сіздің басшылығыңыздағы қызметкерлер қарапайым коммуникация құруды неге білмейді? Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының қызметкерлері, Елбасы есімін спорт кешеніне беруді көтерген облыстық мәслихат депутаты Айбек Нұғымаров, Ақжар ауылына аудан орталығы статусын қайтарып, оған Елбасының атын беруді ұсынған Тарбағатай ауданы мәслихатының депутаты Қайрат Дакеров журналистермен сөйлесуден неге қашады? Әлде олар президенттің «еститін мемлекет» қағидатын елемей ме?

Жауап: Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы өз құзыреті шегінде барлық коммуникация құралдары арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр.

Сіздер көтеріп отырған мәселе, нақтырақ айтсақ, елді мекендерге, көшелер мен нысандарға атау беру жұмыстарын үйлестіру ішкі саясат басқармасының құзыретіне жатпайды.

6) Қамшы порталына шыққан мақалаларға жазылған пікірлерге қарап Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының «боттар армиясы» барын көріп отырмыз. Елбасы есімін беру бастамаларын да осы Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырып отырған жоқ па?

Жауап: Жоғарыда атап өткеніміздей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру облыстағы зиялы қауым өкілдерінің ұсынысы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір