• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 16:44:28
Алматы
+35°
Шығысқазақстандық ақын Серік Құсанбаев facebook-та жуырда ғана Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған  Ермек Омарбеков қазақ тілінде сұхбат бере алмағанын айтып, мемлекеттік қызметке тағайындалатын кез келген адам мемлекеттік тілді білуге тиістігі туралы заң қабылдау қажеттігін жеткізді.
 
"Бір топ тележурналистің орыс тілінде қойған сауалдарына орысша жауап беріп тұрған басқарма басшысына қазақ журналистерінің бірі:
 
– Ермек Сембайұлы! Осы айтқандарыңызды қазақ тілінде қысқаша айтып бермейсіз бе? – деп өтініш жасап еді, әлгі "қазақ азаматымыз" бойын ток соғып өткендей селк ете қалды.
 
Сөйтті де: – Жо – жо – жоқ, айтып бере алмаймын! – деп ат тонын ала қашты да, бұрылып ап жөніне кетті. Қазақ тілді журналист қаншама әріптестерінің алдында жер болып қала берді... Міне, біздің "Азаматым!" деп ішіміз жылып, көңілімізге жақын тартқан қандасымыздың ана сүтімен дарыған ана тіліне, қала берді білдей бір мемлекеттің мемлекеттік тіліне деген құрметі.
 
Бұл сонда қалай болғаны? Партиялық тізіммен еш қиындықсыз ойнап-күліп жүріп Парламент төрінен орын алған депутаттарымыз мыңқылдап ант бере алмаса, жергілікті денсаулық саласының басшысы "Мемлекеттік тілде сұхбат бермеймін!" деп кергитін болса, біз осы "Тіл! Тіл!" деп несіне 30 жылдан бері ақ тер, көк тер боп жүрміз? Бұл дегеніңіз – барып тұрған бейбастақтық, қазақ дейтін мемлекетқұраушы тұтас бір ұлттың тілін, абыройы мен намысын көзімізді бақырайтып қойып қорлау, табанға салып тұрып таптау емес пе?" дейді ашынған ақын.
 
Серік Құсанбаев "Омарбеков секілді өз тілінен безінгендерді көргенде" түңіліп кететінін айтып, "Тәлімін ап әкей менен шешейдің, Бала болдым, сол қоғамда есейдім. Жүріп-жүріп ойға қалам кей күні, Бізге осы қазақ тілі қажет пе, Мемлекеттік тілі барда Ресейдің...? – дейтін күн шынымен де таяп қалды ма...?" деп алаңдаушылығын білдіреді.
 
Ақын сөз соңында "мемлекеттік қызметке тағайындалатын кез келген ұлттың өкілі мемлекеттік тілді жетік меңгермеген болса, ол адам қызметке қабылдануға ешқандай құқы болмауы керек!" деген сұрақты парламенттің күн тәртібіне қойып, үкіметтен заңды түрде талап ететін уақыт жетті" дейді.
 
Қазақстанда қазақ тілінің қолданысын кеңейту туралы 30 жылдан бері айтылып келеді. Алайда қоғамда қазақ тілі толықтай қолданыс құралына айналған жоқ. Әлі күнге дейін қалалар мен орталық, шығыс және солтүстік өңірлерде азаматтар мемлекеттік тілде сөйлей бермейді, қызмет алу кезінде де қиындықтар жиі кездеседі. Мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілге шорқақ мамандар бар. Биылғы қаңтарда мәжілістің жаңа құрамына енген кей депутаттар қазақша ант беру кезінде сөздерін қайта-қайта ұмытып, жазып алған сөздерін ежіктеп оқыған, кей сөздерге тілі келмей, мағынасын бұзын айтқан.
 
Жуырда ғана Тіл майданы қозғалысы Нұр-Сұлтан қаласындағы дүкендердің бірінде қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұраған қарияны күзетші "арандатушысың" деп итеріп жібергенін хабарлаған.
 
Артынша Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев мәжілісте депутаттардың қазақша қойған сұрағына жауап бере алмағаны бейнеленген видео тарады. 
 
Жақында мәжіліс депутаты Қазыбек Иса соттар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және барлық мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тілін білуге міндеттеу керек екенін айтып, үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған.
 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір