• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

22 Қазан, 03:56:06
Алматы
+3°

Мәжіліс бүгін алғашқы оқылымда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады. Заң жобасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетел азаматтарына сату мен жалға беруге тыйым салуды көздейді. 19 наурызда құрылған жер реформасы бойынша комиссияның кей мүшелері Қамшы порталына ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтарына да сатуға тыйым салу мәселесі тасада қалып бара жатқанына алаңдаушылық білдіретінін айтты.

Комиссия мүшесі, саясаттанушы Дос Көшім президент Қ.Тоқаев жерді шетелдіктерге жалға беруге, сатуға тыйым салу туралы айтып, Қазақстан азаматтарына да сатпау жайында үнсіз қалуы түсініксіз екенін, бұдан қауіп көріп отырғанын жеткізді.

– Жер реформасы бойынша екінші рет комиссия құрудың қажетін түсінбеймін. Әрқайсысы 7-8 сағатқа созылған 2016 жылғы алғашқы комиссия отырыстарында жер мәселесіне байланысты барлығы айтылды. Халықтың талабы белгілі: жер шетелдіктерге жалға берілмесін, өз азаматтармызға сатылмасын. Қисынға салсақ та, заңға сүйенсек те сол комиссия отырыстарының негізінде парламентте жұмыс комиссиясы құрылып, тиісті заң қабылдануы керек болатын. Бірақ олай істемеді. Енді екінші рет комиссия құрылған екен, онда алдымен қоғамды толғандырған "жер ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға берілмейді" деген екі мәселе бойынша шешім қабылдануы керек еді ғой. Неге бірі айтылды да, екіншісі тасада қалып отыр? Мені осы алаңдатады. Комиссияның екінші отырысында Алмасбек Садырбаев деген азамат "жерді қазақтарға сату керек" дегенді көтеріп, арнайы слайд ұсынды. Меніңше, бұл комиссия мүшелері мен қоғамның реакциясын тексеру әрекеті, – дейді Дос Көшім.

Саясаттанушының сөзінше, жерді Қазақстан азаматтарына сатуға рұхсат берудің артында бірнеше қауіп тұр.

 

– Қазір шаруаларда жерді сатып алатындай қаражат жоқ. Сондықтан жерге қолдарын ысқылап отырған қалталылар ғана иелік ете алатын болады. Осыдан келіп жерге иелік ететін алпауыттар шығады, жер екінші сатылымға көшеді, тауарға айналады. Екіншіден, жерді өз азаматтарымызға рәсімдеп, шетел азаматтары емін-еркін пайдалып отыруы мүмкін. Мұндай қауіп бар. Маған түрлі адамдардан осындай хабар келіп отырады. Кеше ғана Сарыағашта сондай жағдай болып жатқаны туралы хабар келді. Заң жағынан иесі қазақ, ал пайдаланып отырғандар – өзбектер. Шетелдіктер заңды айналып өту арқылы қазақ жеріне иелік ете алатын осындай жолдар көп. Сондықтан жерді өз азаматтармызға сатуға біржола тыйым салу керек. Бұл мәселенің айтылмай қалып отырғанын халық түсінбей отырған сияқты, – дейді ол.

 

Комиссия мүшесі, белсенді Жәнібек Қожық та ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына сату мен жалға беруге тыйым салу туралы заң жобасы шетелдіктердің Қазақстан жеріне иелік ету қаупін сейілтпейді деп санайды.

 

– Қазақстан азаматтарының атынан шетелдіктер жерімізді сатып алмайтынына еш кепілдік жоқ. Ауыл шаруашылығы жерлері Қазақстан жерінің 80 пайызға жуығын құрайды. Бұл үлкен жер. Егер осы жер түрлі жолмен шетел азаматтарының қолына өтер болса, бұл ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді. Біз бірнеше белсенді болып мәселені қоғамдық комиссияда дауысқа салуға болмайды дегенді көтеріп отырмыз. Өйткені дауысқа салатын болсақ, біз жеңіліп қаламыз. Сондықтан парламент деңгейінде "жер ешкімге сатылмайды" деп заң жүзінде шешілуі керек. Бірақ ол халық тарапынан қолдау, мәселеге үн қосу болғанда ғана іске асады. Егер халық қозғалмаса, үнсіз жатса, бірде-бір мәселе шешілмейді. Президенттің "жер шетелдіктерге сатылмайды" дегені, 2016 жылғы толқу секілді наразылық әрекеттердің алдын алуының белгісі. Қазір халықтың белсенді тобы ғана мәселеге назар аударып отыр. Тым болмаса, Алматыда, елордада 10 мың, 20 мың адам "жер сатылмасын" деп саяси белсенділік танытса, жерге де, елге де ие бола аламыз. Жерді сатуға тыйым салынбай, мәселенің қайтадан қылтиып шығуына бір жағынан халықтың осы енжарлығы да себеп. Егер халықтың ең болмаса 1 пайызы "жер сатылмасын" деп шықса, соның басында өзім жүруге дайынмын, – дейді Жәнібек Қожық.

 

Комиссия мүшесі, қоғам белсендісі, экономист Мұхтар Тайжан жерді жекеменшікке беру елді мүшкіл жағдайға әкеліп соғуы ықтимал деген пікірде.

 

– Қазақстанда жердің жекеменшікке өтуін қалайтын өте ықпалды күштер бар. Тіпті комиссия құрамында да жерді жекеменшікке беруді ұсынып жатқандар аз емес. Осы жерде бәріміз жұқырықтай жұмылып, жерді сатуға қарсы тұруымыз керек. Өйткені жекеменшікке рұхсат етілетін болса, Қазақстан территориясының 80 пайызы жекеменшікке өтуі мүмкін. Олай болса, болашағымыз бұлыңғыр. Сондықтан өз азаматтарымызға тек қана аренда болуы керек дегенді табанды түрде талап ету керек, – дейді жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі.

 

2016 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сату және жалға беруді көздейтін заң жобасы қоғамда дауға ұласып, елдің бірнеше қаласында жер митингтері өткен. Атырауда өткен митингтерге қатысқан белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты", "митинг өткізу заңдарын бұзды" деп айыпталып, 5 жылға сотталған. Бүгінде екі белсенді де бостандықта.

Жер митингтерінен кейін елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасына бес жылға мораторий жариялап, жер мәселесі бойынша комиссия құрылды. Биыл мораторий мерзімі аяқталады.

Қазіргі президент Қ.Тоқаев жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы 2019 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған алғашқы жолдауында, биыл қаңтарда жарияланған "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" мақаласында және ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында мәлімдеген. Алайда 2016 жылы азаматтар алаңға шыққанда қойған "жер өз азаматтарымызға да сатылмасын" деген талап туралы сөз қозғаған емес.

Жерді Қазақстан азаматтарына сатқан дұрыс па? (сауалнама)

Меліс Сейдахметов

Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетін бітірген. 2015-2019 жылдары «Президент және Халық» газетінде тілші, шеф-редактор болып істеген. 2019 жылдан бері Қамшы порталында қызмет атқарады.

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір