• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 19:23:33
Алматы
+35°

Фото: «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі

«Nur Otan» партиясы 3 ай ішінде партиялық бақылау комиссиясының 624 отырысын өткізіп, онда 1918 мәселе қаралды. Олардың арасында әлеуметтік тұрғын үй беру кезіндегі заң бұзушылықтар, партиялық этиканы сақтамау, жатақханалардың сапасыз салынуы және т.б. көптеген түйінді мәселелер бар. Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматтардың өтініштері негізінде мыңнан астам түрлі рейдтер де ұйымдастырылған.

Мәселен, Жезқазған қаласында пәтерді заңсыз бергені үшін бірден үш шенеунік «Nur Otan» партиясының қатарынан шығарылды. Жақында өткен прокурорлық тексеру көрсеткендей, тоғыз отбасы «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша заңсыз түрде баспаналы болған. Бұл жағдайды Қарағанды облыстық партиялық бақылау комиссиясы бақылауға алды. Пәтер кілттері қалалық ТКШ басқармасының үш қызметкерінің достары мен таныстарына тапсырылғаны анықталды. Барлық тоғыз отбасы сот шешімі бойынша пәтерлерді босатты. Енді олардың орнына баспанаға шын мұқтаж адамдар қоныстанатын болады.

Алматыда партия мүшелері жеке қорғаныш құралдарына қатысты медицина қызметкерлерінің айла-шарғыға баруы мүмкін жағдайдың жолын кесті. Бұған дейін қоғам белсенділері №4 қалалық жедел жәрдем бөлімінен есепке алынбаған обаға қарсы жиынтықтар, қорғаныс экрандары, бір реттік көзілдіріктер сақталған қойманы тапқан еді. Қоймадан табылғандардың барлығы гуманитарлық көмек аясында келген. Бұл жағдайды «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы жедел бақылауға алды.

«Анықталған заң бұзушылық фактісі бойынша Алматы қаласының Жедел медициналық көмек қызметінің басшылығына тәртіптік кеңес өткізу ұсынылды», - деп атап өтті партиялық бақылау комитетінің төрағасы Артур Платонов.

Ал Ақтөбе қаласындағы жатақханалардың бірінің тұрғындары 45 млн теңге жұмсалып жүргізілген күрделі жөндеуден кейін де ғимараттың құлауға жақын тұрғанына шағымданды. Бұған жауап ретінде мердігер компания ПИК төрағасы мен тұрғындардың біразы қабылдау актісіне қол қойғанын және ол кезде ешқандай кемшіліктерді байқамағанын алға тартты. Бұл мәселеге қалалық партиялық бақылау комиссиясы араласты. Сонымен, үйге жүргізілген тексеру жұмыстары кәріз құбырлары мен жуынатын бөлмелерде олқылықтар бар екенін көрсетті. Нұротандықтар Ақтөбе әкімдігіне барлық анықталған кемшіліктерді жоюға және ақауларға қатысты актіні 10 сәуірге дейін ұсынуға кеңес берді.

Қызылордада облыстық мәслихат депутаты Бақдәулет Мақашов салтанатты іс-шара өткізген. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуына қатысты «Nur Otan» партиясы жедел әрекет етіп, оны Қызылорда облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы қызметінен босатты.

Партияның баспасөз қызметінде атап өткендей, өткен жылы Партиялық бақылау комитеті мен комиссиялары жеке және заңды тұлғалардың 1150 өтінішін қараған. 100-ден астам резонанстық мәселе оң шешімін тапты, орталық және жергілікті атқарушы органдарға 220-дан астам ұсыным енгізді.

2020 жылы партиялық жауапкершілікке 400-ден астам адам тартылса, олардың қатарында бірқатар вице-министрлер, облыс әкімдерінің орынбасарлары, мәслихаттардағы фракциялар басшылары және т.б. бар. Олардың ішінде түрлі заң бұзушылықтарға жол бергені үшін 100-ден астам адам партиядан шығарылды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір