Фото: Марғұлан Сейсембайдың facebook парақшасынан

Белгілі кәсіпкер, Михаил Саакашвили басқаратын Украинадағы Қарапайым шешімдер мен нәтижелер кеңсесіне серіктес болған, соңғы жылдары белгілі бір деңгейде қоғамдық-саяси мәселелермен шұғылданып, билікті сынаған Марғұлан Сейсембай қоғамдық белсенділігін тоқтататынын мәлім етті. Бұл туралы ол facebook парақшасында хабарлады.

Кәсіпкер қоғамдық-саяси қызметпен бастапқыда барлық активтерін тартып алғандықтан, көпшілікке танымалдылықтың арқасында өзіне белгілі бір қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін айналысқанын айтады.

– Бірақ кейінірек, мен саяси реформаларсыз шынайы қауіпсіздіктің мүмкін болмайтындығын түсіндім. Мен өз сыныммен Қазақстан билігіне саяси реформалар әзірлеуі үшін барынша ықпал етуге тырыстым. Десе де, мен қашан да төңкерістерге қарсы болдым, әрқашан ел дамуының эволюциялық жолын жақтадым. Соған байланысты менде жыл сайын билікпен проблемалар болып тұрды. Алысқа бармай-ақ қояйық, былтырғы менің үйімнің қоршауға алынғаны барлығыңыздың естеріңізде болар.  

Өткен жылдың жазынан бастап мен біздің билікті сынауды тоқтатып, белсенділігімді Украинаға ауыстырдым. Өздеріңіз білетіндей, мен Михаил Саакашвилидің Қарапайым шешімдер мен нәтижелер кеңсесінде серіктес болдым және Украина билігіне реформаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып, көмектесе бастадым, – деген ол өзі үшін бір нәрсені тікелей өзгерте алмайтын болса, онда билікті сынға алып, ашу мен өзара жеккөрушілік деңгейін тағы да арттырудың қажеті жоқ екенін түсінгенін, мұнымен айналысуды іс жүзінде тоқтатқанын жеткізді.

– Ислам ғалымдарының сөздерінде: «Егер халық өз билеушісінің әділетсіздігінен құтылғысы келсе, онда мұндай халық әділетсіздік пен күнәдан өздері бас тартуы керек» делінген. Сондықтан мен өзімізден және айналамызды өзгертуден бастау керек деген ойға келдім. Бұл тек дін, мәдениет және білім арқылы мүмкін болады.

Соңғы уақытта мен білім беру платформама көп көңіл бөліп, күшім мен қуатымды сол бағытта сарп етудемін. Мен ай сайын дерлік бизнес пен тиімді өмірдің әртүрлі тақырыптары бойынша 8-12 видео-сабақтарын жариялап отырмын. Кітәбімды да қатар жазудамын. Сондай-ақ, мен ай сайын жазылмандарыма бірнеше трансляциялар мен зум вебинарларын өткіземін. Жақын арада онлайн бизнес мектепті, бизнес клуб, инвест. клуб және басқа да көптеген жобаларды іске асырамын. Сонымен қатар, мен 8 әлеуметтік желідегі аккаунттарыммен жұмыс істеп жатырмын. Бизнес пен қоғамдық істерім тағы бар. Осының бәрі менің көп уақытымды алып өз бағытымды өзгертуге әкеліп отыр. 

Саяси құрылымға деген менің өзгерген көзқарастарымды ескере отырып, исламның, қандай болмасын, билеушісіне қарсы шығуға тыйым салатын талаптарын ескере отырып, мен қоғамдық-саяси белсенділігімді тоқтатып, мәдени, білім беру және экологиялық мәселелерге көшуге бел байладым. Мен саяси қайраткер де, мемлекеттік қызметші де болғым келмейтінін өзім үшін түсіндім. Мен ешқандай сайлауға немесе қандай да бір лауазымға араласқым келмеген және араласпаймын да. Мен партиялар құруға немесе басқа партияларға кіруге ниет білдірмеймін. Мен өзім үшін саясат тақырыбын мүлде жаптым. Өтті, кетті. Маған шектеулі және тәуелді саясат қызық емес. Бұндай нәрсе маған жат.

Сәуір айынан бастап Михаил Саакашвилидің серіктесі ретінде Қарапайым шешімдер мен нәтижелер кеңсесіндегі өз өкілеттіктерімді тоқтатамын. Мен бұл мәселені Михаилмен талқыладым. Ол менің шешіміме түсіністікпен қарап, маған табыс тіледі.

Бизнесте, мен біртіндеп, бірнеше жыл бойы цифрлық, онлайн бизнес бағыттарына баса назар аударып сол бағытқа көшемін. 

Қоғамдық істерде мен тек әлеуметтік-мәдени, білім беру, экологиялық жобалармен айналысамын, – деп жазды кәсіпкер.

Марғұлан Сейсембай мәлімдемесінің соңында Қазақстан билігіне абақтыға айдап салмағаны үшін, Украина билігіне, Киев пен Бішкектегі Қарапайым шешімдер кеңсесіндегі әріптестеріне, сондай-ақ Михаил Саакашвилиге алғыс білдірді.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Марғұлан Сейсембай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір