• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

26 Қазан, 11:57:22
Алматы
+12°

Қазақстанда 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялаудың бірінші кезеңі басталды. Оның аясында денсаулық сақтау вице-министрлері, әкімдер, медицина қызметкерлері, педагогтер екпе салдырды. "Қамшы" тілшісі қауіпті індетке қарсы вакцина салдырған адамдармен тілдесіп, жағдайларын білді.

Вакцинаның алғашқы дозасын салдырғандардың бірі – Қарлығаш Төребекқызы. Мамандығы – оқытушы. Қазіргі уақытта Қызылордадағы М.Маметова атындағы педагогикалық колледжде жұмыс істейді. Айтуынша, екпе салдырғаннан кейін ешқандай ауырсыну белгілерін байқамаған.

– Қазір ғаламда белең алып жатқан коронавирус инфекциясы халықты қатты алаңдатып отыр. Осыған орай елімізде вирусқа қарсы вакцинация жүріп жатыр. Өзім 5 наурызда "Спутник-V" вакцинасының алғашқы дозасын салдырдым. Вакцинация ерікті түрде жүргізілді. Вакцинация екі кезеңнен тұрады. Екінші доза жоспарға сай 26 наурызда салынуға тиіс. Алғашқы дозадан кейін ешқандай ауырсыну белгілері болмады. Тек дәрігерлер 3 күнге дейін жылы киініп, суға түспеуді ескертті. Кейбір адамда температураның көтерілуі сынды белгілер сезілген. Бірақ өзімде ондай байқалмады. Мүмкін иммунитетім жақсы болғаннан шығар, – деді Аңсаған Нұрмаханова.

Ал Жетісай қаласындағы мектеп интернаттардың бірінде еден жуушы болып жұмыс істейтін Фариза  Мүтәлханқызы вакцина салдырғаннан кейін бірнеше күн өзін жайсыз сезінген.

–  Бастапқыда бойымды қорқыныш сезімі биледі. Өміріме қауіпті емес пе деген ойлар да келді. Тәуекелге бел буып, бар үмітімізді тек Аллаға тапсырдық. Ажал келсе, вакцинасыз да өмірден өтіп кетеміз ғой. Екпе салдыру ерікті түрде болғандықтан, біраз ойланып, 11 наурызда ұжыммен бір үйдің балаларындай вирусқа қарсы "Спу́тник-V" вакцинасын салдырдық.

Екпеден кейін мейірбикелер бізді 30 минут бақылап, температурамызды тексеріп отырды. Алғашқы күндері ауырсыну белгілері байқалып, 3-4 күндей мазам болмады. Қазір аллаға шүкір жағдайым өте жақсы. Енді вакцинаның екінші дозасын салдырамын деп отырмын. Одан кейін оның әсерін көреміз. Бастысы екпеден кейін өзімізге күтім жасап, салқын су ішпей, жылы киініп жүруге кеңес берді. Денсаулық адам баласының ең басты байлығы ғой. Сондықтан дәрігерлердің айтқандарына құлақ асқанымыз абзал, – дейді ол.

Алматыдағы №143 орта мектептің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғалия Саурықовада вакцинадан ешқандай реакция болмаған.

– 15 наурызда Алматы қаласындағы №2 емханада коронавирусқа қарсы "Спутник-V" вакцинасын ектірдім. Денсаулығыма алаңдағандықтан, вакцинаны алғашқылардың бірі болып салдыруды жөн көрдім. Екпеден кейін денсаулығыма кері әсері болмады. Жуырда жолдасым да салдырды, вакцинадан ешқандай реакция болған жоқ. Бұл – біздің отбасылық шешіміміз. Енді 21 күннен кейін екінші дозаны салғызамыз, – дейді Ғ. Саурықова.

P.S. Денсаулық сақтау министрлігі 19 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 100 мыңнан астам адамға коронавирусқа қарсы вакцина салынғанын мәлімдеген. Оның ішінде 63 мыңнан астам медицина қызметкері, 22 мың педагог, күш құрылымдарының 7 мың қызметкері, басқа санаттағы 8 мың адам бар.

Егілген адамдардың 1%-ында дене температурасы көтеріліп, тұмауға ұқсас жай-күйлер, әлсіздік, сондай-ақ вакцина енгізілген жердің ісінуі және қызаруы түріндегі жергілікті көріністер тіркелген.

Адамдарды иммундау мақсатында сәуір айында 1 млн-нан астам азамат вакцинацияланбақ.

АНЫҚТАМА

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина ектіру ерікті түрде жүргізіледі. "Халық денсаулығы және денсаулық сақту жүйесі туралы" кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық рәсім оның ішінде, вакциналау азаматтың келісімі арқылы ғана орындалады.

Қазақстанда азаматтар вакциналаудан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. 

 

 

 

Нұрсұлу Темірханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір