• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 16:22:15
Алматы
+35°

Премьер-министрдің баспасөз қызметі "Қазақстан" ұлттық арнасының бұрынғы журналисі Ербол Мәндібектің әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатқан жазбасына байланысты пікір білдірді. Журналист премьер-министр мен вице-премьерлердің, сенат пен мәжіліс спикерлерінің ұшу шығындары үшін республикалық бюджеттен жылына 15-20 млрд теңге қаражат жұмсалады деп мәлімдеген болатын. Премьер-министрдің баспасөз қызметі бұл деректер шындыққан жасаспайтынын хабарлады.

"Іс жүзінде 2021 жылға премьер-министрі мен премьер-министрдің орынбасарлары бастаған қазақстандық делегациялардың аса маңызды ұшу сапарларын (литерлік рейстерді) жүзеге асыруға 578 млн теңге мөлшерінде шығыс қаражаты қарастырылған. Көрсетілген сома 2021 жылы көлік қызметтерін қамтамасыз етуге есептелген. Бұл ретте төлем қазақстандық делегациялардың орындалған нақты өңірлік және халықаралық ұшу жағдайлары бойынша төленеді. Мысалы, 2020 жылы осы мақсатқа 578 млн теңге қарастырылса, іс жүзінде 275,6 млн теңгеге жұмсалды" делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, премьер-министр мен премьер-министрдің орынбасарларында тек оларға бекітілген жеке ұшақтар жоқ.

Сондай-ақ баспасөз қызметі ұшақта қызмет көрсетуге қызыл және қара уылдырық, арақ пен виски, экзотикалық жемістер кіретінін туралы ақпаратты да терістеді.

"Ұшу ұзақтығы 1 сағатқа дейін болған жағдайда жолаушыларға алкогольсіз салқын сусындар мен снэктер, ұзақтығы 1-3 сағат болған кезде ыстық тамақ пен ыстық сусындар (шай, кофе) беріледі. Бортта тамақтандыру әрекет етіп тұрған заңнамаға – "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" ҚР Заңына, жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұсынылады" деген баспасөз қызметі журналист жазбасы "фактілерді бұрмалаудың және қоғамдық резонанс тудыру үшін жалған ақпарат таратудың тағы бір жағдайы" деп мәлімдеді.

Бұған дейін мемлекеттік арнада істеген журналист премьер-министрге және оның төрт орынбасарына жеке-жеке ұшақ қарастырылғаны, оның шығыны туралы еш жерде айтылмайтынын жазған.

"Мынау тұрған Қарағандыға ұшақ алдырған «көкелерді» көрдік. Талдықорғанда отырып тиіп тұрған Алматыға ұшақ алдырған сәттерге мен ғана емес, танымал блогерлер де куә. Әуелде мұндай VIP самалеттердің ішінде суретке түсуге тыйым салынды. Себебі, Үкімет мүшелерімен бірге жүргендіктен халыққа шалқыған өмірдің сәттерін шығармаңдар деген бұйрық түсті" деген ол премьер-министр Асқар Маминнің ұшағына артық адам отырмайтынын өңірлерге жұмыс сапары кезінде вице-премьерлерге бөлек бизнес-ұшақ қарастырылғанын жеткізді.
 
Айтуынша, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов жекеменшік компанияларға тапсырыс береді.
 
"Бизнес санаттағы ұшақтың 1 сағаты кемі 5000 евродан басталады. 10 сағат жалдасаңыз 50 000 евро. Ұлттық валютамен есептесеңіз шамамен 25 миллион теңге. Бұл-бір бағыттың ғана шығыны. Ал, халықаралық ұшулар құны 40 000 евродан басталады. Жылына кемінде ішкі және сыртқы 30-40 жұмыс сапары жоспарланады. Оның шығынын есепшотқа соға беріңіз. Сомасы миллиардтарды құрайды. Сонымен, ұшақтан құшаққа секіріп жүрген Үкімет мүшелерінің авиациялық шығындары туралы бейресми дерек жоқ емес, бар. Премьер-министрді, 4 вице-премьерді және министрлерді, Сенат пен Мәжіліс төрағаларын туда-сюда тасымалдауға жыл сайын Республикалық бюджеттен 15 000 000 000-20 000 000 000 (он бес-жиырма миллиард теңге) қарастырылады. Президенттің іс басқармасына қарайтын "Беркут" авиакомпаниясы мемлекеттік деп көрсетілген. Яғни, саны көп сапасы жоқ Үкіметтің аспандағы ермегіне халықтың есебінен сұраусыз ақша алу үрдісі 20 жылдан бері жалғасып келеді. Орташа есеппен алсақ, соңғы он жылда келіп-кетіп жатқан пайдасы көк тиын Үкіметтің ұшып-қонуына ғана 200 000 миллиард теңгеге жуық ақша бюджеттен шығындалыпты. Бұған 19 министрліктің командировочный шығындарын қосыңыз. Мәселен, Бейбіт Атамқұлов басқаратын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі іссапар шығындарына 250-300 миллион теңгеге дейін қарастырған" дейді Ербол Мәндібек.
 
Журналист сондай-ақ алдағы уақытта ұшақ ішіндегі басқа да қызыққа толы суреттер мен видеоларды жариялайтынын айтты.
 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір