Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Павлодар облысында өрт сөндіруші қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болды, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, оқиға Павлодар облысы Ақсу қаласының Ақсу шағын ауданында 25 ақпан күні болған. Таңғы сағат 7:46-да тұрғын үйді өртенгені туралы хабарлама түскен. Төрт бөлмелі тұрғын үйдің жалпы ауданы 80 шаршы метрін өрт шарпыған. Өрт сағат 10:16-да оқшауланған, сағат 11:00-де толығымен сөндірілген. 

– Өрт сөндірушілер  қызыл жалынмен күресіп жатқанда, 1997 жылы туған Ақсу қаласы № 12 өрт сөндіру бекеті бөлімшесінің командирі  азаматтық қорғау сержанты Арыстанбек Машраптың жағдайы нашарлаған. Өрт сөндіруші Ақсу ауылдық дәрігерлік амбулаториясына ес-түссіз күйде жеткізілген. Кейін дәрігерлер оның қайтыс болғандығын хабарлады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, – деді төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Сонымен қатар 1995 жылы туған № 12 өрт сөндіру бекеті бөлімшесінің командирі азаматтық қорғау кіші сержанты Ермек Тұрлыбеков ауруханаға жеткізіліп, Павлодар қаласының ауруханасына жатқызылды.

Қайтыс болған Арыстанбек Машрап азаматтық қорғау органдарында 2018 жылдан бастап қызмет атқарды. Павлодар қаласының тумасы, үйленген.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымы Арыстанбек Машраптың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айтады.

"Адамдарды құтқару үшін өз өмірін қиған ТЖ қызметкерлерінің ерлігі ерен. 1991-2021 жылдары аралығында қызметтік міндеттерін орындау кезінде азаматтық қорғау органдарының 53 қызметкері қайтыс болды" делінген ведомство хабарламасында.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір