• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 13:54:24
Алматы
+35°

Бүгін азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің қазасына 1 жыл толып отыр. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қоғамды күңіренткен ірі оқиғалардың бірі. Ресми деректе белсенді Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында "жүрек талмасынан" көз жұмды делінгенімен, қазаға байланысты қоғамда күдік пен күмән көп. Белсендінің соңғы мәрте ұсталуы мен оның қазасынан кейін болған жайттарға байланысты билік келтірген дерек пен жақындарының айтқаны екітүрлі.

Дулат Ағаділ кім еді?

Дулат Ағаділ Қостанай облысы Жангелді ауданы Торғай ауылында туған. Кейінгі жылдары Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылының тұрған. Өзінің азаматтық белсенділігімен, билікке қарсы наразылық акцияларымен белгілі. Әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін жиі көтеретін. Рұхсат етілмеген наразылық шараларын өткізді деген айыппен бірнеше мәрте әкімшілік жазаға тартылып, кемінде 60 тәулік қамауда отырған. Белсенді 2019 жылғы 13 қарашада әкімшілік қамауда отырған Целиноград аудандық тергеу изоляторынан қашып кетіп, 15 қарашада өзі бас прокуратура алдына келген. Әрекетін "заңсыз қудалауға қарсылығым" деп түсіндірген. Кейін ол "сот қаулысын орындамағаны үшін" тағы 6 тәулікке сотталған. 16 желтоқсан күні Нұр-Сұлтандағы уақытша ұстау изоляторына 15 тәулікке қамалған. Белсенді бұл жолы ұсталуына қарсылық ретінде "шеге жұтқан". 2020 жылғы қаңтарда Ағаділге қатысты "сотты құрметтемеу, судьяны, сот отырысына қатысушыларды қорлау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Ағаділдің қазасы

2020 жылғы 24 ақпанда шамамен сағат 21.00-де Ақмола облысы Целиноград аудандық полиция бөлімінің 4 қызметкері "сот қаулысын орындаймыз" деп Дулат Ағаділді үйінен алып кеткен. Ал ертеңінде белсендінің Нұр-Сұлтантағы тергеу изоляторында қайтыс болғаны хабарланды. Ресми орындар өлімге жүрек талмасы себеп болғанын мәлімдеді.

Белсендінің жақындары Ағаділдің денсаулығы мықты болғанын алға тартып, оның жүрек талмасынан өлгеніне сенбеді. Үйден кешкі 9-дарда алып кетіп, тергеу изоляторына түнгі 11-ден кете ғана жеткізілгеніне күдіктеніп, осы арадағы 2 сағатта оған бірдеңе істеген болуы мүмкін деп ойлайды.

Ішкі істер министрлігі Ағаділ қылмыстық атқару жүйесінің 166-1 мекемесіне 25 24 ақпанда түнгі 12-ге таман жеткізілгенін растады. Оған дейін Ақмола ауылының емханасына жеткізілгенін, сол жерде сараптама жасалып, Ағаділдің қан құрамында алкоголь бар екені анықталғанын мәлім етті.

– Нұр-Сұлтан қаласы сот сараптамасында оның денесінде ешқандай жарақат болмағанын, денсаулығына байланысты ешқандай арыз-шағым түспегенін жеткізді. Белсенді камерасында өзінен бөлек төрт адам болған. Ағаділ таңғы сағат 6-да тамағын ішіп, 7-де дәретханаға кетеді. Одан шығысымен тізерлеп отырып, есінен танып құлап қалған. Камерадағылар Ағаділдің денсаулығының нашарлағаны туралы бақылаушыға хабарлайды. Ол алғашқы медициналық жәрдем шақырады. Келген жедел жәрдем Ақәділдің көз жұмғанын тіркейді. Тексерген кезде денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталмады. Бүгінде оған жүрек қан-тамырларының жетіспеушілігі диагнозы қойылып отыр. Бейнекамера оның ұйықтап алмай, мазасынданып жүргенін көрсетті, – деп мәлімдеді Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаровтың 25 ақпанда.

Қазадан кейінгі оқиғалар

26 ақпанада Ағаділдің қазасы бойынша істегі сол кездегі адвокат Бауыржан Азанов ресми орындар белсендінің мастығын растайтын құжатты өзіне көрсетпегенін айтты. Марқұмның жақындары "ол арақ ішпейті" дейді.

28 ақпанда Ағаділдің денесі түсірілген видео тарап, видеоны түсіруші денеде бірнеше жарақат болғанын айтқан. Бейнежазбада марқұмның табанында, арқасында жарақат бары, иығының көгеріп, саусағының қарайып кеткені көрінген. Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары Елдос Қелімжанов мәйіттегі дақтар биологиялық өлімнің белгілері екенін айтып, "мұндай дақ адамның жүрегі тоқтағаннан кейін кемінде бір сағат өткеннен кейін пайда болады" деп түсіндірген.

29 ақпанда президент Қ.Тоқаев "Ағаділдің қазасы туралы ресми нұсқаға қарсы пікір айту – шындыққа қарсы шығумен тең" деп, "белсенді жүрек талмасынан қайтыс болды" деп сенімді түрде айта алатынын жеткізді. Президент мәлімдемесін кей белсенділер "тергеу барысына ықпал етуге тырысу" деп бағалады.

Дулат Ағаділдің қазасынан кейін бірнеше қалада белсенділер наразылық акциясына, қаралы жиындарға шықты. Әлеуметтік желі белсенді қазасына билікті, жүйені кінәлаған жазбаларға толып кетті. Ақындар қаралы өлеңдер арнап, қоғамды күңіренген көңіл-күй басып тұрды.

Осы кезде, 29 ақпанда президенттің Қазатомпром компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішевтің түрмеден мерзімінен босатуды сұрағанына байланысты өтетін сот туралы мәлімдемесі жарияланды. Ол жерде президент соттың әділ шешім шығаратынына сенім білдерген. Ұзамай 3 наурызда өткен сотта Жәкішевтің талабы қанағаттандырылып, ол мерзімінен бұрын босатылатын болды. Бұл жешімді Ағаділ қазасынан кейінгі наразы көңіл-күйді сейілту әрекетімен байланыстырғандар болды.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт "авторитарлық жүйеде биліктің саясатын сынайтын адамның бәрі жау. Сол себепті биліктен айырылып қалмас үшін авторитарлық билік барлық амалды жасайды" деп мәлімдеген.

 

– Азаматтарды жазықсыз қамау, құқық қорғау органдары арқылы қудалау және өміріне қауіп төндіру арқылы саяси белсенділердің бойындағы және қоғамдағы үрейді күшейтуге тырысады. Одан қалса автократиялық/диктатуралық елдерде биліктің саясатына қарсы шыққан адамдардың жұмбақ өлімі қалыпты жағдай. Сондықтан саяси белсенді Дулат Ағаділдің қазасы марқұмның отбасы мен жақындары үшін ауыр қайғы ғана емес, азаматтық қоғам үшін, Қазақстанның демократияға қарай бет түзеуі үшін өте қауіпті сигнал. Д.Ағаділді ұстап әкету процесі мен бүгін "МВД"-дан жауапкершілікті талап еткен азаматтарды ұстау арқылы билік өз үстемдігін сақтап қалу үшін бәріне дайын екенін тағы да бір рет дәлелдеді, – деді саясаттанушы.

 

25 мамырда Дулат Ағаділдің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылып, прокуратура "Ағаділдің өліміне асқынған миокард инфаркты себеп болды" деп хабарлаған.

Дулат Ағаділдің қазасынан кейін белсенділер марқұм көзінің тірісінде іргетасын қалап кеткен Целиноград ауданы Талапкер ауылындағы үйді асарлап салып берді.

8 тамызда марқұмға арнап ас берілді.

Осы оқиғалар барысында белсенділерді аңду, оларды ұстау жалғасып жатты. Дулат Ағаділдің анасы Гүлбараш Жолмұхамбетова ұлына арнап берілетін ас өтетін 8 тамыз жақындаған сайын белсенділерді ұстау, қамау жиілегенін хабарлаған.

Артынша асқа қатысқан белсенділер шетінен ұсталып, қамала бастады. Елдің бас прокурорының орынбасары Марат Мұратұлы "белсенділер Дулат Ағаділдің асына барғаны үшін емес, карантин уақытында алаңға шығып рұқсатсыз митинг жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқанын" мәлімдеген.

2020 жылғы 11 қарашада Ағаділ отбасында тағы бір ауыр қайғы болды. Белсендінің ұлы Жанболат Ағаділді әлдекімдер пышақтап өлтіріп кетті.

12 қарашада Жанболат Ағаділдің өліміне қатысы бар делінген күдіктілер ұсталып, әлеуметтік желіде Жанболат Ағаділге "төбелес кезінде абайсызда пышақ ұрдым" деген адамның видеосы тарады. Ұзамай видеодағы адам шынымен де күдікті екені анықталды. Алайда күдіктінің мүгедек анасы "баласына таныстары жала жауып отыр" деп санайды.

Қазіргі таңда Жанболат Ағаділдің қазасына байланысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Істе 6 айыпталушы, 6 жәбірленуші бар.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір