07 Ақпан, 2021 NEWS
Фото: көрнекі сурет
Қызылордада екі баласын қараусыз қалдырған азаматша ата-аналық құқығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлады Polisia.kz.
Сайт мәліметінше, 2021 жылдың 3 ақпаны күні Қызылорда қаласындағы білім беру ұйымдарының біріне 1979 жылы туған азаматша масаң күйде келіп, азаматтардың мазасын алған. Бұл дерек бойынша аталған азаматшаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабымен ("Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу") әкімшілік хаттама толтырылып, ол уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды.
"Мектеп әкімшілігі мен тәртіп сақшылары азаматшаның тұрғылықты мекен-жайын тексеру барысында жоғарыда көрсетілген азаматшаның кәмелетке толмаған екі баласының қараусыз, әрі қадағалаусыз қалғанын анықтады. Осыған орай, әйелдің кәмелетке толмаған алты жастағы қызы облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, бір жарым жастағы қызы көпбейінді балалар ауруханасына орналастырылды. Тексеру барысында 42 жастағы азаматшаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін үш рет хаттама толтырылғандығы анықталды" делінген хабарламада.
Қазіргі таңда Қызылорда қалалық полиция басқармасының қызметкерлері аталған азаматшаны ата-аналық құқығынан айыру немесе шектеу мәселесін шешу үшін қала әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысына құжаттар жинақтап жатыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір