• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

06 Мамыр, 11:20:18
Алматы
+35°

Үкімет президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын ұсынды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Ресми сайттың мәліметіне сүйенсек, үкімет ұсынған 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының жобасы 12 стратегиялық бағыттан тұрады. Олар институционалдық, экономикалық және әлеуметтік болып 3 салаға бөлінген.

"Даму жоспары бойынша 2025 жылға қарай өсім деңгейі 5 пайызға артып, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 35 пайызға дейін, негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі ЖІӨ-нің 30 пайызына дейін, шикізаттық емес экспортты 2 есеге, яғни, 41 миллиард теңгеге дейін, еңбек өнімділігін 45 пайызға ұлғайту негізгі көрсеткіш болмақ.

Қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі мен сапасын арттыру жөніндегі шаралардың нәтижесінде азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұлғаюы тиіс" делінген хабарламада.

Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі деңгейін, атап айтқанда, оқушылардың білім көрсеткіштері, цифрлық бәсекеге қабілеттілік, заң үстемдігі индекстері бойынша жақсарту жоспарлануда.

– Стратегиялық көрсеткіштердің егжей-тегжейлі картасы – Ұлттық жоспардың ажырамас бөлігі. Соған сәйкес әрбір мемлекеттік органға және ірі квазимемлекеттік ұйымға белгіленген кезеңде қол жеткізуге тиіс нақты көрсеткіштердің тізбесі бекітіледі. Көрсеткіштердің нәтижесі ақиқаттан алыс болмауы керек. Дегенмен оңай қол жететін және ынталандырмайтын индикаторларды мақсат етуге болмайды, – деді жоспармен танысқан президент.

Президент аталған құжатқа Ұлттық жоспар бүгінгі жаһандық үрдістерді ескере отырып, ел дамуының негізгі бағдарлары мен цифрлық параметрлерін қалыптастыратынын атап өтті.

– Біздің басты мақсатымыз – бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру және әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына кіру, – деді Тоқаев.

Ұлттық даму жоспарының аясында ұсынылған реформалардың көбісі Кәсіпкерлік, Бюджеттік және Салық кодексі сияқты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді қажет ететінін ескере отырып, мемлекет басшысы үкіметтің парламентпен конструктивті жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.

– Депутаттық корпус Ұлттық жоспардың табысты жүзеге асуы үшін барлық қажетті заңнамалық базаны қамтамасыз етуге тиіс, – деді президент.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір