• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 22:28:39
Алматы
+35°

Әңгіменің бірінші бөліміне сілтеме – "Бақытсыз Жамал" немесе қоғам тұншықтырған әйел тағдыры"

Тоқтасын ажырасқаннан кейін кемеден алып мұхитқа лақтырылған адамдай күй кешті. Болашағы не болмақ? Алда оны не күтіп тұр? Қайда барып, қай жерді паналайды? Сансыз сұраққа жауап таба алмаса да, бойын қорқыныш билесе де оны осы уақытқа дейін өмір сүріп келген үреймен салыстыруға келмейді, алыстан үміт оты маздайды. Жүрегінің түбінде бір тылсым күш «Бәрі жақсы болады» дейтіндей.

Тоқтасын жақындарынан қолдау таппады. Керісінше олар отбасы ойран болғанына Тоқтасынды кінәлайды. Не десе де бауыр еті баласы емес пе, қабылдады.

Тоқтасын күшін сынап көруге бел буады. Алыс қалаға үйінен жыраққа кетуді ұйғарды. Өмірде көрген қиындығын еске салатын адамдардан, ауылынан жыраққа кетсе, жан жарасы жазылатындай көрінді.  

Әпкелері Тоқтасынның қарсылығына қарамастан  жиған, тергенін Тоқтасынның қалтасына салып берді. Анасы Тоқтасынды алыс жолға шығарып салып "Ботакөзім-ай!" деп көз жасына ерік берді. "Бағың ашылсын. Жолың болсын, балапаным", деп маңдайынан сүйіп аналық батасын берді.

Анасы Тоқтасынды Алматыға жібергісі келмесе де қызының нақты шешім қабылдағанын және оны ешкім көндіре алмайтынына көз жеткізгеннен кейін көнбеске амалы қалмады.

                                                                       ***

Тоқтасын Сайран автовокзалына келді. Қайнаған тіршіліктің дәл ортасына түсті. Құжынаған адам, бәрі асығыс. Айналада адам көп болса да өзін жапан далада жалғыз қалғандай сезінді, жалғыздықтың дәмін татқандай болды. Алайда Алматыға келуге құлшынған өзі, анасының "кетпе" деген өтінішіне қарамастан шешім қабылдаған өзі. Осыны еске алды да дереу есін жиды. "Тәәәк, ең алдымен уақытша тұратын жер табуым керек. Жоқ, тамақтанып алайын. Әлденіп алмасам басқаға күш болмайды", - деп іштей өзімен диалог құрды.

Бір оқпен екі қоянды атып түсірмеші болып, асханаға келгеннен кейін жан-жақтан уақытша тұруға болатын қонақ үй туралы сұрастыра отырайын деп шешті. Асхана қызметкерінен сұрап еді "Білмеймін" деп қысқа қайырды. Мұны көрген жас жігіт "Әпке, сізге мен көмектесе аламын. Сізге арзанға және таза бөлме бар. Көршілеріңіз де жақсы адамдар. Сіздің де жақсы адам екеніңізді көзіңізден байқадым. Мен адам танимын, сондықтан сізге көмектескім келіп тұрғаны", деп тақ-тақ етіп Тоқтасынның іші-бауырына кіріп, жылы-жылы сөйлеп, жаны ашығандай кейіп танытты.  

– Мынауың жақсы болды ғой. Бөлмеңді көрсет. Қай жерде?, – деп Тоқтасын қуанып кетті.

– Алыс емес. Жаяу жетуге болады.

Тоқтасын әлгі жігіттің артына еріп келеді. Тоқтасын қайдан келгенін айтып, әңгіменің қызығына кіріп кетіп адам қарасы аз, ескі гараждардың арасына қалай келіп қалғанын байқамай қалды. Бір сәтте жылы жымиып, сырт көзге мейріміді болып көрініген жігіттің түсі суып, бір сәтте періштеден нағыз шайтанға айналды. Ол пышақ шығарып "қалтаңдағы ақшаны бер. Бермесең мына пышақпен бауыздап бар ақшаңды өзім-ақ аламын" деп зекіді.

Тоқтасынның жүрегі аузына тығылды. Айқайлайын десе, дауысы шықпайды. Қолы қалтырап, сөмкесіндегі бар ақшаны жігіттің қолына ұстатты. Жігіт ақшаны жұлып алды да "Біреуге айтатын болсаң, тауып алып жаныңды жәһаннамға жіберемін!" деді тістеніп.

Жігіт алыстағаны сол еді Тоқтасынға жан біткендей дауысы қарлыққанша айқайлап жылады. Көзінен көл болып аққан жасынан алдында тұрған әйелді көрмеді. Қарсы алдында адамның сұлбасы тұрғанын байқап шошып, орнынан ыршып түсті. Анықтап қараса әйел екен.

– Ойбай-ай, не болды? Қалқам-ау, кім саған кім қиянат жасады, деп Тоқтасынды демеп орнынан тұрғызды.

Әйел Тоқтасынмен жасы шамалас болса да онымен әпкесіндей сөйлесіп, бауырына қысты. Тоқтасын бейтаныс әйелді тас қылып құшақтап ішіндегі азу, кек, қорқыныш сезімін көз жасымен төгіп тастайтындай өкіріп жылады.   

– Енді қайтпекпін? Қалтамда бір тиын жоқ. Мұнда уақытша пана беретін жақыным да жоқ. Кімге барып мұңымды шағамын? Әлде қайыр сұрап болса да жолыма ақша шығарып үйіме қайтамын ба? Өз бетімше бір күн де өмір сүре алмағаным ба? Неге сондай әлсіз, аңғал едім?!, – деп басын жұдырықтап ұра бастады. Әлгі әйел тоқтатпағанда өзін жарақаттайтыны анық еді.

 – Не істейтініңді ертең бірлесіп ойланамыз. Бүгін шаршадың. Осы көргенің де жетеді. Бүгін менің үйіме түнеп шық. Ертең не істейтінімізді шешеміз. Уайымдама, бәрі жақсы болады, – деп Тоқтасынды тыныштандырды.

Әйел 10 жастағы қызымен бір бөлмелі жатақханада тұрады екен. Қымбат жиһаз, әдемі кілем болмаса да үйі жайлы, тап-тұйнақтай.  

Тоқтасын шомылып, кешкі асын ішкеннен кейін жеңілдеп, өзін жақсы сезінді. Көмек қолын созған әйелдің есімі Гүлбаршын, қызының есімі Айсұлу екен.  

– Қандай сүйкімді қыз, – деп тамсанды Тоқтасын.

– Иә, әкесіне тартқан келбетті, – деп қызы естімесін деп сыбырлады Гүлбаршын.

– Әкесімен ажырасып кеткеніміге сегіз жыл толды. Қызының тәрбиесімен шаруасы жоқ. Алимент те төлемейді. Жалақсысы жоғары, жақсы жерде жұмыс істейді. Бірақ алимент төлемеуі үшін жалақысын төмендетіп көрсеткен. Оның бәрін біліп отырмын. Алайда өз қызынан ақша аяған адаммен соттасып, жүйкемді тозыдырғым келмейді, – деді Гүлбаршын.

Тоқтасын мен Гүлбаршын ұзақ әңгімелесті. Екеуі бір-бірін бұрыннан танитындай әңгімесі жарасып кетті. Бір мезетте Гүлбаршын тоқ ұрғандай жатқан жерінен атып тұрды да "Айтпақшы, мектепте еден жуушы Ерке ауылына қайтатын болды. Оның орнына адам іздеп жатқан. Қаласаң сөйлесіп көрейік" деді қуанышы қойнына сыймай.

Тоқтасын да қуанып кетті. "Әрине қалаймын. Кез келген жұмысты істеуге дайынмын. Ауылда үйдің еденін жылан жалағандай жуатынмын. Тәжірибе бар" деп жұмыс берушінің алдында тұрғандай әлек болды.

                                                                    ***

Тоқтасын мектепке еден жуушы болып жұмысқа тұрды. Жұмысы өзіне ұнайды. Балалардың арасында өзін жақсы сезінеді. Оқушылар да "Тоқтасын апай" деп айналшықтап шықпайды.

6-сынып мұғалімі шұғыл шаруаларымен шығуына тура келді. Тоқтасынды балалармен отыра тұруын өтініп еді, Тоқтасын қуана-қуана келісті. Балалармен әңгіме дүкен құрып, сабақ түсіндіріп жақсы тіл табысып кетті. Тоқтасын мектепке жұмысқа тұрғанда балалармен жұмыс істеу ұнайтынын байқады. Гүлбаршынның қызы Айсұлуға сабағына көмектескенде де жан-тәнімен түсіндіретін. Айсұлу да оның ұғынықты тілмен түсіндіретінін айтып үнемі мақтап отырады.

Бір күні Тоқтасын жұмысын аяқтап, үйіне қайтып бара жатып мектеп бұрышында жылап отырған қызды байқап қалды.

– Не болды? Неге жылап жатсың?, – деп сұрады Тоқтасын.

– Әкем, мені алып кетуі керек еді. Әлі келмеді. Мен енді мектепте қаламын ба?, – деп көзінен мөлтілдеп жас шықты.

– Әкеңнің жұмыстары шығып қалған болар. Қазір келіп қалады. Жылама. Мектепте қалмайсың, – деп жұбатты.

Қыз көңілденді. Тоқтасын қыздың әкесі келгенше оның көңілін аулап, бірге үй тапсырмасын орындады. Қыздың әкесі алқынып мектепке кіріп келді. Тоқтасынға алғысын білдіріп, қызына уақытын арнағаны үшін ақша ұсынып еді Тоқтасын үзілді-кесілді бас тартты.

Ер адам алғысын жаудырып кете барды. Ертеңіне жұмысын аяқтап үйіне қайтып бара  жатқанда алдынан кешегі қыз бен әкесі  шықты. Қыздың қолында гүл.

– Сізге алғыс ретінде мына гүлдерді сыйлағымыз келеді, –  деді сымбатты жігіт.

– Қажеті жоқ еді. Мен бәлендей ештеңе істемедім, – деді ыңғайсызданып.

– Алыңызшы, өтінемін, – деді қыз қиылып.

Сол уақыттан бері Тоқтасын жас әкемен көрген жерде жылы амандасып, қал сұрасуды әдетке айналдырды. Аида да Тоқтасынды көрсе жақын адамын көргендей қуанады. Әкесі Арман жұмыстан кешіккен уақытта Тоқтасын Аиданы үйіне апарып, тамағын беріп, сабағын орындауға көмектеседі.

Аида анасы қайтыс болғаннан кейін сирек күлетін. Тоқтасынды кездестіргеннен кейін бұрынғы қалпына келгендей болды. Мұны Арман да байқады. Қызының бұрынғысынша күліп, ойнап жүргенін көріп жүрегі жарылардай қуанды. Тоқтасынға өзі қалай бауыр басып қалғанын түсінбей қалды. Тоқтасынды үнемі іздеп тұрады. Әйелінің өлімінен кейін қаңырап қалған үйге жан кіргендей болды. Әлем қайта түрлі түске боялды.

Тоқтасын да, Арман мен Аидаға бауыр басып, оларды отбасындай көрді. Арманды көрсе жүрегі жылып сала беретінін байқады.

Арман Аиданың келісімін алып Тоқтасынға сөз айтуға бекінді. Жақын уақытта тұрмысқа шығу жоспарында болмаған, алайда Арманға келгенде жоспарының күл-талқаны шықты. Тоқтасын мұндай ұсыныстан бас тарта алмады. Алайда Арманның ата-анасы Тоқтасынның ажырасқанын және еден жуушы екенін білгенде үзілді-кесілді қарсы болды. Бірақ Арман шешім қабылдап қойған еді. Әкесінің Тоқтасынға үйленетінін Аида қуанышпен қабыл алды.

Екеуі отау құрып, Тоқтасын мұғалім болу үшін Абай атындағы ҚазҰПУ-ға оқуға түсті. Тоқтасынның жүкітілігіне байланысты оқуын аяқтау уақыты ұзаққа созылса да, оқуында озат болды. Оқуын үздік бітіріп, бұрын еден жуушы болып жұмыс істеген мектепке бастауыш сыныптарына сабақ беретін мұғалім болып жұмысқа кірді.

Арманның ата-анасы Тоқтасынды жақын танығаннан кейін ойын өзгерді. Немересі Аидаға туған анасындай қамқорлық танытқанын көріп риза болды. 

Қазір Тоқтасын үш баланың анасы. Аяулы жар. Тәжірибелі маман. Арман екеуі үш баланы тәрбиелеп отыр. Тоқтасын төртінші балаға аяғы ауыр. Ол оқушыларын қимай декреттік демалысқа кетті. 

Әсем Әлмұханбет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Әйел тағдыры

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір