• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 07:44:13
Алматы
+35°

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласымен таныса отырып, қазақ халқы тәуелсіздік жолында ұзақ та қиын сынақтарды бастан кешіргенін, тәуелсіздік тағдырдың қандайда бір сыйы немесе жағдайға байланысты болған оқиға деген сияқты қате мифологиялық түсініктерге тойтарыс беріп, шындығын айту қажет екенін, әсіресе, жас ұрпаққа тарихты дұрыс түсіндіріп, үйрету керек екенін зиялы қауым ретінде бізге жүктелген міндет екенін сезініп отырмыз.

Біз, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының ұжымы (толығырақ www.kaznu.kz сайтынан таныса аласыздар) президенттің Алаш мұраларын, қазақ даласындағы аштықты жан-жақты және жүйелі түрде одан әрі зерттеу қажет деген бастамасын толық қолдаймыз. Қасіретті жылдар тарихын құжаттық деректерге сүйене отырып, объективті түрде жазу керек екенін мойындаймыз. Мұндай күрделі мәселелерді, президент айтқандай, ғылыми түрде жауапкершілікпен қарау керек.

Президент елдегі экологиялық мәселелерге де тоқталып, адам факторының рөлін, әр азаматтың жауапкершілігін атап өтті. Семей ядролық полигонының отыз жылдығы туралы жеке айқындады. Семей полигонын жабу туралы шешімнің тек біздің ел үшін ғана емес, бүкіл адамзат тарихындағы жағымды оқиға болғанын көрсететін арнайы іс-шаралар өткізу керектігін дәйектеді.

Мақалада Каспий конвенциясы туралы да айтылған. Яғни, біз Каспий теңізінің Каспий жағалауында орналасқан мемлекеттер арасында бөлінуіне қатысты ұзаққа созылған даулы мәселені шештік. Өз мүддемізді қорғау тұрғысынан алып қарағанда бұл біздің мемлекетіміздің үлкен жеңісі екенін атап көрсетті.

Президент жаңа академиялық тарихты жазуға шақырды. Тарихшылар бұл іске шұғыл кірісуі керектігін айтты, өйткені ол тарихи сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, Президент Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, оны әлемдік тілдерге аудару қажеттігін айтты. Шынында да, қазақ халқының салт-санасын ғана емес, әлем оның тарихын, мемлекеттілігін білу қажет екенін байқадық. Бұрын қысқаша тарих ағылшын тілінде шықса да, оны енді догмалық пайымдамалардан тыс, талапқа сай жазатын уақыт келді.

Біз Президенттің әр халық өзінің ұлттық мүддесі тұрғысынан өз тарихын өзі жазу керек деген ұстанымын қолдаймыз. Әрине, ол ұлттық мүддемен томаға-тұйық шектеліп қалмайтыны сөзсіз, әлемдік тәжірибеден үлгі аламыз, Қазақстан тарихын дүние жүзі ғалымдары қалай зерттеп жатқанын, зерттеу өнімдерін де пайдаланамыз. Президент тарихты саясаткерлер емес, тарихшылар жазу керектігін баса айтты. Шынында да, кәсіби тарихшылар тарихты жазса, біз түрлі аңыз-әпсаналарға тойтарыс жасай аламыз. Осылайша, Президентіміздің тарихты және тарихшылардың мәртебесін көтергеніне біз қуанып отырмыз.

Қазақ халқының тарихындағы жоңғар шапқыншылығы, аштық, репрессия, екінші дүние жүзілік соғыс сияқты маңызды оқиғаларды тарихи тұрғыда зерттеу қажеттігін президет Қ. Тоқаев баса айтқаны да тарихқа атүсті қарамайтынын дәлелдеді.

Сонымен қатар Президент тарихи және мәдени мұраларды насихаттау бойынша жүргізілген жұмыстарды айта келіп, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының, осындай еңбектің  нәтижесін қарапайым қазақстандықтар көрді ме деген заңды сұрақ қойды. Зерттеу жобалары ғылыми институттар мен орталықтарда қалып қоятыны немесе есеп беріп үшін жасалып жататын тұстары кездесіп қалатыны белгілі. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының да, «Халық тарих толқынында» деген бағдарламаның да нәтижелері кең жарияланбай, оқырмандардың қолына әлі күнге дейін тимей жатқаны белгілі.

«Қоғам және құндылық» бөлімінде Президент Қ. Тоқаев былай деп көрсетті: «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз».

Біз жастарға білім мен патриоттық тәрбие беруде осы мәселені баса көрсетіп отыруымыз қажет. Тарихты эмоцияға берілмей, саяси мәдениетті сақтай отырып, тәрбие ісінде қолдануымыз қажет.

Қорыта айтқанда, Президентіміздің бастамасы бюрократтық шараларда қалып қоймай, шынайы жүзеге асады деп үміттенеміз. Президент идеясын қолдаймыз, оны жүзеге асыруға атсалысамыз.

А.К.Бегалиева

Р.Т.Наралиева

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушылары

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір