• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Сәуір, 03:03:07
Алматы
+35°

14 Желтоқсан, 2020 Барлық аймақтар

«Хабар» телеарнасы Семей полигоны туралы жаңа тарихи телехикая ұсынады

17-18 желтоқсан күндері сағат 21: 40-та, ал 19 желтоқсан күні сағат 22.00-де «Хабар» телеарнасынан «Полигон» телехикаясы көрерменге жол тартады

фото: "Хабар" телеарнасы

17-18 желтоқсан күндері сағат 21: 40-та, ал 19 желтоқсан күні сағат 22.00-де «Хабар» телеарнасынан «Полигон» телехикаясы көрерменге жол тартады.

Саяси детектив жанрында түсірілген алты сериялық кинотуынды ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңындағы қазақ халқына ажал отын шашып келген Семей ядролық полигонының жабылуына ықпалын тигізген тарихи оқиғаларды қамтиды.

– Бұл жобаны іске асыру үрдісі шамамен 4-5 айға созылды. Фильмде тарихи фактаж бен көркем шығармашылықты біріктіргім келді. Мен әлемге танылған «Карталар үйі» туындысынан шабыт алдым. Біз шындықты емес, ақиқатты іздедік. Мен «Хабар» Агенттігіне полигон тақырыбы көтерілгені үшін алғысымды айтқым келеді деді сериалдың режиссері Ахат Ибраев.

Хикая желісі бірнеше басты кейіпкерлердің айналасында дамиды. Олардың арасында өмірде болған тұлғалар және ойдан шығарылған кейіпкерлер де бар. Тарихтың қасіретті беттерінде із қалдырған кезді суреттейтін туындыда ядролық сынақ алаңынан зардап шеккен тұрғындар, оларға қарсы тұрған полигон бастығы, МҚБ (мемлекет қауіпсіздігін қорғау комитеті) агенттерінің тағдыры шынайы көрсетіледі. Хабар

Телехикаяда Қазақстан Компартиясы Семей облыстық комитетінінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевтың образы бейнеленген. Қайғы мен қасіреттен көз ашпаған қазақ еліне ядролық сынақтардың экология мен денсаулыққа кері әсері туралы мәселені көтерген қоғам  қайраткерінің батылдыққа толы күрес жолы көрерменді селқос қалдырмасы анық.

Кинотуындыда Голощекин, Колбин, Олжас Сүлейменов, Нұрсұлтан Назарбаев сынды тарихи тұлғалардың рөлдері шеберлікпен сомдалған. Сонымен қатар,  фильмде жарлықтары Семейде ажал апанының ашылуына әкелген КСРО президенті Михаил Горбачев те көрініс тапқан.  Хабар

Сериалдың басты рөлдерінде танымал актерлер Азамат Сатыбалды, Ержан Біләл, Жандарбек Садырбаев, Сергей Матвеев, Денис Анников, Алексей Шемес, Асан Мәжіт, Әнел Сайлауова, Мұрат Нұрасылов, Ульяна Штильман, Әлімбек Оразбеков ойнап шықты. 

Бірнеше жылға созылған республика басшылары бастаған халық күресі, орталық мемлекеттік және партиялық билікке қарсылық, қақтығыстар мен саяси шиеленістер, жеке тұлғалардың ерлігіне толы тарихи кезеңді бейнелеген «Полигон» телехикаясын 17-18 желтоқсан күндері сағат 21:40-та, ал 19 желтоқсан күні сағат 22.00-де «Хабар» телеарнасынан жіберіп алмаңыздар.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір