Елде 2021 жылы өтетін сайлаудың тәуелсіз бақылаушыларын оқытумен айналысып жатқан, 2000 жылдары "Тәуелсіз бақылаушылар желісін" құрып, оған жетекшілік еткен саясаттанушы, белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім Azattyq Rýhy ақпарат агенттігіне берген сұхбатында сайлауға қатысты әділ баға "барлық учаскелердегі дауыс берудің қалай өткені мен онда болған жағдайлар толықтай қамтылғанда ғана берілуге тиіс" дейді.

Саясаттанушының пікірінше, елде тәуелсіз бақылаушылар институты қалыптасып келе жатыр. Мәселен, былтыр өткен президент сайлауында мемлекет тарапынан қойылған бақылаушылардан бөлек, оппозициялық тараптан 6 мың бақылаушы болған.

– Сайлауға бақылаушы ретінде тәуелсіз, қоғамдық ұйымдардан бөлек, журналистерде қатыса алады. Бақылаушылардың бір ғана айырмашылығы – дауыс санау кезінде бюллетеннің әрқайсысын жеке-жеке көрсетіп, қай партиянікі екенін анықтауында. Дауыс санау кезінде ғана партия бақылаушыларының екі көзі өздерінің графасында болып, саяси партияның бақылаушысы екені естеріне түседі. Ал сайлау процесінің дауыс беруінің барлық кезеңінде олар бақылаушылардың рөлін атқарады. Кәдімгі қарапайым бақылаушылар бірге жүреді. Сайлаудың қалай өткеніне баға берген кезде, барлық учаскелердің бағалау нәтижелері есепке алынуға тиіс. Сайлау учаскесінің 1-2% қарап "сайлау әділетсіз өтті" деу саяси мәдениетке жатпайды. 10000-нан астам сайлау учаскесінің санаулысына ғана қарап баға беру артықтау, – деді Дос Көшім.

Саясаттанушы бүгінгі таңда халықтың сайлауға қатысты сауаты артқанын жасырмады.

– Былтырғы сайлауда үлкен ұйымдармен қатар аудандардың өзіндегі сайлаушылар қалада, ауылдардың өзінде сайлаудың не екенін біліп, өздерінің бақылаушыларын қоя бастады. Менің ойымша, бұл үлкен бір алға басқан қадам. Қарапайым азаматтар, қарапайым сайлаушылар өздерінің дауыстарына өздері бақылау жасау деңгейін білді, түсінді. Жалпы бақылаушы деген не екенін, бақылаушы институтының сайлау барысында қандай рөл атқаратынын халық түсініп қалды, – дейді маман.

2021 жылдың 10-қаңтары күні парламент мәжілісі мен жергіліктіә мәслихаттардың сайлауы өтеді. Биыл "Nur Otan" партиясы да партиялық бақылаушылардың сайлаудағы рөлін арттыруға күш салып отыр. Саяси ұйым 30 мың бақылаушыны 10 қаңтарда өтетін сайлауға байқаушы ретінде қатыстырмақ.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір