• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 06:00:50
Алматы
+35°

Нұр-Сұлтанда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына жас суретші Айдос Есмағамбетов ерекше мүсін жасап, ақынның бейнесін айнытпай кескіндеген. Қазіргі уақытта мүсін «Қазақстан» орталық концерт залында орналасқан. 

Айдос Есмағамбетов – елімізде әлі дами қоймаған гиперреализм деп аталатын жаңа технологияның өкілі. Оның есімі «Қазақстанның 100 Жаңа есімі» жобасына енген. Он саусағынан бал тамған талант иесі фотосуретке қарап ұлы тұлғалардың мүсіндерін жасайды.

«Негізі психологияда бар ғой, 5 минут деген. Адам өзі істегісі келмей тұрған дүниеге 5 минут өз-өзін мәжбүрлеп істесе, әрі қарай қол өзі кетіп қалады да, сол әлемге кіріп кетіп, жасап кетесіз деген.  Ұсақ-түйек, жанағыдай бір-бірлеп шашын қадап жасау маған ұнайды. Жұмыс қиын болған сайын маған соншалықты ерекше. Мен одан ләззат аламын. Жасаған экспонаттарымды анауы ыстық, мынауы жақын деп  бөліп-жарып айта алмаймын. Өзімнің қолымнан жасалған барлық туынды мен үшін ыстық», – деді мүсінші Айдос Есмағамбетов.

Мүсіншінің алғашқы туындысы Американың бұрынғы көшбасшысы Барак Обама. Одан кейін, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің, Үш жүздің басын қосқан Абылай ханның бейнелерін жасаған.  Соңғы туындысы Қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған мүсін. Оны Хәкім Абайдың тұпнұсқа фотосуретіне қарап отырып кескіндеген. Айта кету керек, фотосурет арнайы Семей қаласындағы Ұлы ақынның атындағы мұражай сөресінен алыныпты.

Адамның мүсінін жасағанда әр мүшесі, деталі ерекше назарды талап етеді. Әсіресе, көзін салу қиын, дейді Суретші Айдос Есмағамбетов. Бірде формасы дұрыс болмай қалса, енді бірінде жасаған көз көбіктеніп кететін көрінеді. Тіпті, көздің қан тамырлары мен дақтарын салу  үшін асқан төзімділік пен сабырлық қажет. Мәселен,  бір мүсіннің көздерін жасап шығару үшін 2 күн уақыт кетеді екен.  

Мүсінші фотосуреттен адамның анатомиялық ерекшеліктерін мұқият зерттеуді меңгерген. Ең бірінші, ермексаздан негіз жасап, содан кейін гипсті, артынан силикон қолданады. Суретшінің айтуынша көбісі балауызбен жасайды деп шатастырады дейді. Оның өзін арнайы тапсырыспен АҚШ-тан алдыратын көрінеді.

«Әлеуметтік желілерге жазып жатады. Көрген адам, таныстар да айтып жатады, сіз осы бір орталық ашсаңыз жақсы болушы еді. Балаларымызды беріп, сурет өнеріне баулытар едік деп. Мен бәрі уақыты келгенде болады деп айтамын. Бұйырса ашамыз. Ол ашылуы керек. Міндетті түрде шәкірттерім көбею керек. Сурет әлемін сезіну керек. Қазірден бастап, акварель, гуаштармен сурет сала беру керек», – деді мүсінші Айдос Есмағамбетов.

Болашақта Айдос Есмағамбетов гиперреализмнің жас буынын оқыту үшін мектеп ашуды және өнердің осы түрін елімізде жаңа деңгейге шығаруды армандайды. Оның жоспарында Қазақстанда мүсіндер мұражайын ашу да бар.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір