Алматыдағы Төле би және Әуезов көшелерінің қиылысындағы "Sulpak" сауда үйінің алдындағы ағаштарды кесу оқиғасына байланысты компания ресми мәлімдеме жасады.
 
"Sulpak" компаниясы таратқан мәлімдемеде бренд соңғы күндері қоғам тарапынан үлкен қысымға алынғаны, компания әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін мекеме ретінде Алматы үшін алаңдайтыны атап өтілген.
 
"Тергеу барысында мердігер қызметкерлері өз бетімен аумақтағы ағаштарды кескені белгілі болды. Бұл аумақ Sulpak компаниясына тиесілі емес, компания аумақты жалға алып отырған жоқ. Салалық органдар кінәлілерге қатысты заң шеңберінде тиісті шара қолданатынына сенімдіміз. Біз тұрғындар мен клиенттеріміздің сезімін түсінеміз әрі қуаттаймыз. Қаламыздың экологиясын жақсарту жолында әкімшілікпен ынтымақтаса жұмыс істеуге әзірміз. Компания басшылығы қала әкімдігімен келісе отырып белгіленген аумаққа 500 үлкен ағаш егу туралы шешім қабылдады" делінген ақпараттық хабарламада.
 
23 қарашаға қараған түні "Sulpak" сауда үйі маңында 13 ағаш заңсыз кесілген. Мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланып, дауға президент назар аударған. Кінәлілерді тауып, тиісті шара қолдану қажеттігін айтқан.
 
Артынша Алматы қаласы әкімдігі мен қаланың құқық қорғау органдарының өкілдері кесілген ағаштардың ішінде тоғызы емен, екеуі қарағаш және екі акация ағашы барын, әкімдікке кәсіпкерлер тарапынан ағаш кесуге өтініш түспегенін мәлім етті.
 
Ұзамай емендер сирек кездесетін ағаш ретінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгені анықталып, қылмыстық кодексінің 2-бөлімінің "Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлардың түрлерін, олардың бөліктерін немесе туындыларын пайдалануға тыйым салынған заңсыз айналым" 339-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
 
Келтірілген шығынның мөлшері анықталғаннан кейін, Алматының Жасыл экономика басқармасы кесілген ағаштардың орнына өтеме отырғызуды талап ететінін, жаңа үлгідегі ережелер бойынша серіктестік 260 ағаш отырғызып, оларды екі жыл бойы күтіп-баптауы керектігін хабарлады.
 
Сонымен қатар 1 желтоқсанынан бастап жасыл экономика басқармасы жасыл желектерді кесумен айналысатын компаниялардың рейтингін жарияламақ.
"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: заңсыз ағаш кесу

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір