23 Қараша, 2020 Барлық аймақтар

Парламент сайлауы қарсаңында кредит кешіріле ме?

2019 жылғы президент сайлауынан кейін несие амнистиясы жасалған.

Көрнекі сурет

Expert Public Space платформасында онлайн режимде "Несие амнистиясы: бір реттік акция ма, әлде әлеуметтік қолдау құралы ма" тақырыбында талқы өтті. Тақырыпты таңдауға кредиттер бойынша төлемді кейінге қалдыру мерзімінің аяқталуы мен коронавирусқа байланысты жұмыссыздық артып, тұрғындар табысының төмендеуі факторлары түрткі болған, деп жазады forbes.kz.

Дискуссия модераторы Рустем Сабданалиев 2019 жылғы президент сайлауынан кейін несие амнистиясы жасалғанын еске салып, алда келе жатқан парламент сайлауы қарсаңында "Амнистии 2.0" акциясының жасалу ықтималдығы туралы сұрады.

Бұл сұраққа жауап берген экономист Данияр Молдоқанов 2019 жылғы ІІ тоқсанда мерзімі өткен несие мөлшері барлық кредиттердің 6,42 пайызын құрағанын, кредитті кешіру акциясынан кейін 5,5 пайызға түскенін атап өтті.

 

– Бұл 1 пайыздан сәл асатын төмендету қазақстандықтарға 120 млрд теңгеге түсті. 500 мың адам қамтылды, – деген ол кредит амнистиясын жасауға негіз бар екенін, бірақ банктер қиын жағдайға тап болмайтындай, тұрғындардың берешек бойынша жүктемесін жеңілдететіндей жасау керектігін алға тартты.

 

Экономист Айдархан Құсайнов кредитті кешіру "зияны көп әрекет" екенін айтты.

 
– Мен 2019 жылғы амнистияны қолдағанмын. Өйткені ол акцияның тазартқыш сипаты болған. Амнистиядан кейін табысы төмен тұрғындарға несие алуға тыйым салынып, база реттелді. Әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы артырылды. Бұл берешет батпағына батқан адамдарды құтқаруға көмектесті. Ал қазір амнистия жасау төлегісі келмейтіндер үшін жасалған сыйлық болар еді. Бұл идея жеңіп шықса, мен ренжіген болар едім. Егер амнистия көлеміне келер болсақ, бұл мақсатқа 100 млрд теңге бағыттаса жетеді. Бірақ нәтижесінде билік пен қоғам қарым-қатынасы дұрыс болмайды, – деді экономист.
 
 
"Кипр" аналитикалық тобының жетекшісі Ерлан Смайлов макроэкономикалық мәселелерге көбірек мән беру керектігін атап өтті.
 
 
– Тұрғындардың табысы аз. Жыл сайын кедейленіп, ем-дом шаралары, жерлеу рәсімі, балаларды мектепке даярлау, секілді оқыс шығындарды жабу үшін жаппай кредит алуға мәжбүр. Сондықтан мүмкін болған мемлекеттік стандарттар арқылы азаматтардың табысын арттыруды күн тәртібіне шығару керек. Ең төменгі күнкөріс деңгейі, тұтынушылық себет, ең төменгі жалақы, кедейшілік шегі секілді көрсеткіштерді кем дегенде еселеу қажет. Осы ретте бағаны бақылай отырып, аталған көрсеткіштерді арттырса, халықтың кредитке жүгінуі қаншалықты төмендейтінін зерделеу қажеттігін ұсынамын, –  деген ол кредитті кешіруді бөлек қарамай, шағын және орта бизнес пен шаруашылықты сауықтыру бағдарламаларын қарастыру қажеттігіне назар аударды.
 
 
Economist алаңының негізін қалаушы Қасымхан Қаппаров әріптестерін қолдап, жаппай кредитке жүгіну 2015 жылдан бері белең алғанын, халық табысының жартысы азық-түлікке жұмсалатынын, Қазақстан қайтадан 90 жылдардағы жағдайға келе жатқанын атап өтті.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір