• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Сәуір, 03:51:02
Алматы
+35°

Сенат Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді қабылдады. Соған сәйкес азаматтар зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін алған кезде бір реттік табыс салығын төлемеуге мүмкіндік алады.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан бастап азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беру жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берген еді. Алайда бұл қаражат үшін табыс салығын төлеу қажет. Дәл осы мәселе қоғамда наразылық тудырған.

Сенаторлар бұл төлемді кейінге шегеруді және бірнеше жылға бөліп төлеуді ұсынды. Яғни зейнетақы жинағындағы қаржыны келесі жылдан бастап алуға болады. Ал оған тиісті салық тек зейнетке шыққан кезде ғана төленеді. Сондай-ақ төлемді бірден жасамай, 16 жылға бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған.

– Зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін алдын ала алған кезде оның 10 пайызын бір реттік салық ретінде төлеу керек. Оны қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар үшін тиімсіз деп есептейміз. Сондықтан аталған салықты зейнетақы жинағын алған кезде емес, тек зейнетке шыққан соң ғана төлеу ұсынылып отыр. Оның өзінде, бәрін бірден аудармай, заң жобасына 16 жылдың ішінде бөліп төлеу туралы норма енгізілді, – деді сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Азаматтығын ауыстырғысы келгендер зейнетақы жинағынан ақша алғаны немесе оның бір бөлігін пайдаланғаны үшін төленетін салықты бірден және толық өтеуге міндетті. Осы ретте салық бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры шотында қалған зейнетақы жинағынан ұсталатынын атап өткен жөн.

Бұған дейін еңбек министрі Біржан Нұрымбетов бірінші кезекте жұмыс істеген, жұмыс істеп жүрген азаматтар, яғни бірыңғай зейнетақы қорында жарналары бар азаматтардың жиналған сомасы жеткілікті шегінен асып жатса, қаражатты ала алатынын хабарлаған. Мұндай азаматтар қатары 530 мыңды құрайды.

Жас ерекшелікке қарай зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегі белгіленген. Ол зейнетақы жинағындағы ең аз қажетті сома. Яғни, зейнетақы жинағындағы ақшаны пайдаланған сәтте, салымшы шотында жас мөлшерге қарай айқындалған жеткілікті сома қалуға тиіс.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір