Біртановтың қамалғаны медицина қызметкерлері мен журналистер және блогерлер арасында пікір қайшылығын тудырды.

Алдымен 5 қарашада Қазақстандағы белгілі 10-нан астам дәрігердің Біртановты қолдап жазған ашық хаты жарияланды.

Ашық хат авторлары Біртанов жұмысты тиімді істеген, пациенттер мен әріптестеріне ашық министр болғанын тілге тиек етіп, оның қарапайым санитардан бастап, таксиколог дәрігер, бөлім меңгерушісі, ғылыми орталық пен медициналық холдинг жетекшісі, министр қызметтерін атқарғанын алға тартқан.

Сондай-ақ дәрігерлер Біртановтай білікті ұйымдастырушының жемқорлық дерегіне қатысы барына күмән келтіріп, оның елге мықты мамандарды тартудағы еңбегін, денсаулық сақтау жүйесінің дамуына қосқан үлесін, медицина қызметкерлері еңбекақысын арттыруға ықпал жасағанын атап өткен.

Ашық хат авторлары Біртановқа қатысты тергеу әділ жүргізілетініне сенім білдіріп, тергеу кезінде қолданылатын бұлтартпау шарасын жұмсартуды сұрап, оны жақындарынан оқшауламауды өтінген.

Ал 6 қарашада невропатолог-дәрігер Қайырғали Конеев Біртановқа тағайындалған бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыруды талап еткен онлайн-петицияны іске қосты.

Петиция авторының сөзінше, Біртанов репутациясын сауықтандыруға арналған әлеуметтік желідегі кампания "бюджет қаржысын ысырап қылғаны" үшін ұсталған министрді "пандемияға дайын болмағаны үшін айыптады" деп қоғамды адастырып отыр. Автор "кампания ұйымдастырушылары осы арқылы мемлекеттік органдарға қысым көрсетіп отыр" деп санайды.

Петиция ұйымдастырушылары Елжан Біртановтың жақтастарына қатысты қылмыстық кодекстің 407-бабы 2 тармағы бойынша (Сотқа дейінгі, жан-жақты, толық және объективтi тергеп-тексеруге кедергi жасау мақсатында прокурордың немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қызметiне қандай да болмасын түрде араласу) қылмыстық іс қозғауға шақырып, сот процесі аяқталғанға дейін экс-министрді қамауда ұстау шарасын өзгертпеуді талап етті.

Автор сөзінше, Біртановтың Венада (Австрия) жылжымайтын мүлкі бар. "Егер бұлтартпау шарасы өзгерсе, ол әділ және объективті тергеуден қашып кетуі мүмкін" дейді петиция ұйымдастырушылары.

Экс-министрдің күтікке ілінуіне қарама-қайшы көзқарас әлеуметтік желіде де байқалды.

Біртановты жақтаушылар оның ашық министр болғанын атап өтіп, "Біртановтың ісі" фармацевтика лоббистері арасындағы саяси тапсырыс болуы мүмкін екенін жазып жатыр.

Алайда 2019 жылғы мамыр-тамыз айларындағы қайтыс болғандар мен 2020 жылғы сәйкес кезеңде өлгендер арасындағы 31 мың айырмашылықты айтып,  бұрынғы министр жақтастарын сынап жатқандар да бар. Сондай-ақ олар Біртанов вице-министр, министр болған жылдары ауруханалардағы төсек орнының 24 мың 960 орынға кемуіне жол бергенін мәлім етті.

Елжан Біртановтың коронавирус Қазақстанға енді тарала бастағанда жасаған болжамдары дұрыс болмай шыққаны белгілі. Мәселен, ол Қазақстанда эпидемологиялық жағдай өршіген тұста, вирус жұқтырушылар саны 3500 адамнан аспайды деген. Алайда бүгінде ресми дерекке сай, 115 439 адамнан коронавирус, 38 882 адамнан коронавирус белгілері бар пневмония анықталған. Ресми тізімге енбеген, ПЦР тест тапсырмаған, өздігінен емделген қазақстандықтар қаншама...

Сондай-ақ ол коронавирустың өршіген тұсы сәуір айына тұспа-тұс келетінін мәлімдеген. Алайда індет жағдайының асқынуы Қазақстанда маусым, шілде айларымен сәйкес келді.