Діни сауатсыздық салдарынан жат ағымның жолына түсіп адасқан қазақ жастары «діни білім аламыз» деп мұсылман елдеріне жолдамасыз кетіп, кешікпей қанды қырғын болып жатқан Сирия мен Ирактан бір-ақ шығып жатқаны өте өкінішті. «Діни білімді мұсылман елінен алу керек» деген олар жасырын құжыралардан күмәнді білім алып, ақыр соңында террористік ұйымдардың құрамына тап келуде. Сирияда өмір мен өлімнің ортасында небір жантүршігерлік жағдайларды басынан кешкендердің  көбі шетелдегі тіркелмеген күмәнді оқу орындарынан діни білім алғандар.

Солардың бірі – мүлдем бейтаныс елге барып, дін үйренемін деп кетіп, «Жусан» гуманитарлық операциясымен елге оралған Балжан Абдрахманова мен оның күйеуіне  азғырушылар уәдені үйіп- төгіпті...

«Ақша жіберіп тұрамыз» деп уәде берді»

– Күйеуім екеумізге Қазақстандағы деструктивті діни ағымдардың өкілдері «Мысырға барып, білім алып қайтыңдар. Біз сендерге ақша жіберіп тұрамыз»  деп уәде берді.

Күйеуім Каирдағы жеке орталықтан, мен әйелдерге арналған марказдардан сабақ алып жүрдім. Кейін ақшамыз бітіп, бізді Мысырға жібергендерден ақша сұрадық. Бірақ олар «бізде ақша жоқ» деп уәдесінен тайқып кетті. Сосын ата-анамыздан ақша сұрап, күнімізді көрдік. Мысырда деструктивті діни ағымда болған соң тығылып жүріп сабақ алатын едік. Бастапқы 2-3 ай араб тілін үйрендік, кейін ақида, фиқһ сабақтарына қатыстық. Мысырға жібергендер болса Сирияға қатысты ақпараттар айтып, сол жаққа баруды насихаттады. 8 айдан соң күйеуімнің айтуымен Сирияға бардық.

Бастапқыда қарнымыз тоқ, барлығы жақсы болған еді. Бірқалыпты өмір сүрдік. 2016 жылы мен екінші баламды дүниеге әкелдім. Үлкенім 4 жастан асқан еді. Оларды балабақшаға бере алмадым. Себебі ол жерде мектеп те, балабақша да болмады. Күндіз-түні жарылыс, атыс болып жатты. Осының бәрін өз көзімізбен көрген соң елге қайтқымыз келді. Әрине бірден қашып шығу мүмкін болмады. Себебі қайтар жолдың бәріне тұзақ қойылған. Бірнеше рет баскесерлердің қолына түсіп қалдық. Соңғы қашу кету сәтті аяқталып, күрдтерге өз еркімізбен берілдік. Мен Қазақстанда жазаға тартылудан қорықпадым, бар ойым балаларымды Сириядағы тозақтан құтқару еді, – деп өткенін еске алады Балжан.

Білім алушы жастар үшін қазір әлемнің түкпір-түкпірінде мүмкіндік бар. Кез келген адам өзі қалаған мемлекеттегі жоғары оқу орнында білім ала алады. Дегенмен, діни білім алушылар үшін ескеру керек жайттар да жоқ емес. Бұған  қатысты белгілі тарихшы, дінтанушы Ернар Абзалов былай дейді.

– Күмәнді діни оқу орындары дегеніміз – ешқандай мемлекеттің қарауында болмайтын, жеке тұлғалар ашып алған мемлекеттік емес оқу орындары. Мұндай оқу орындардың көбі Мысырда, Пәкістанда және Түркияда орналасқан. Мысырдағы немесе Түркиядағы әртүрлі құжыраларда оқитын адам араб тілін, діннің басқа да салаларын үйреніп, білім ала бастайды. Негізі заң бұзушылық қазақстандықтар өздері білім алып жатқан мемлекеттің елшілігінде тіркелмегендігінен басталады. Егер құжыралардың айтқан уағыздарын, насихаттарын Қазақстанда таратып, насихаттаса  оларды жауапқа тарта алмайды. Ал заңды түрде тіркеліп, екі арада Қазақстанмен ортақ келісім жасалған оқу орындарын бітірген жерлестеріміз жат ағымның жетегіне еріп кеткен жағдайда оқу орны тікелей жауапты болады.

Ешқандай тіркеуде жоқ діни орындардың басты қаупі – күмәнділігінде

«Ешқандай тіркеуде жоқ діни орындардың басты қаупі – күмәнділігінде. Біз сол оқу орындарында кімдердің дәріс беретінін, қандай идеологияны насихаттайтынын біле алмаймыз. Қазіргі таңда бұл – ең үлкен қауіп болып отыр. Жақында Мысырдағы дәстүрлі емес діни ағымнан білім алған үш қазақстандық депортацияға ұшыраған болатын. Қазақстандықтар заңсыз түрде визасыз Мысырда білім алып жүргенде жол апатына ұшырап, ауруханаға түскен. 2 адам оқиға орнынан қашып, біреуі ауруханаға түскен. Алайда, олар қолға түсіп, Қазақстанға депортацияланды. Бұл оқиға Қазақстан мен Мысыр елінің арасында дипломатиялық келіспеушіліктер туындауына себеп болды. Сондай-ақ Сирияға кеткен қазақстандықтардың 80 пайызға жуығы шетелдегі күмәнді діни оқу орындарынан білім алған, – дейді дінтанушы.

Жусан гуманитарлық операциясымен елге оралған тағы бір кейіпкеріміз Мадина да (есімі кейіпкердің өтінішімен өзгертілді) Мысыр елінде білім алған. Оның дінге деген қызығушылығы мектеп кезінен басталыпты. Енді дінге қатысты сауалдарына жауапты мешіт имамдарынан алмағанына қатты өкінетінін айтып отыр.

– Негізі ата-анам да намаз оқитын еді. Мен де оларға ілесіп намазға жығылдым. Білмегенімді жанымда жүрген, намаз оқитын қыздардан  және ата-анамнан сұрайтын едім. Бірақ көбінесе Дарын Мүбаров, Назратулла секілді адамдамдың уағызын тыңдадым, – дейді Мадина.

Кейін ол өзінің аға-жеңгесімен бірге Мысырға білім алу үшін жолға шығады.

– Намаз оқып бастаған соң араб тіліне деген қызығушылығым артты. Шетелдегі оқу орнына өз қаражатымызбен бардық. Кейін ата-анамыз бізге қаржылай көмек көрсетіп тұрды. Мысырда араб тілінің курстарына қатыстым. Құран мен араб тілін ғана үйрендім.

Негізі ол жерде Исламның басқа да салаларына қатысты сабақтар өтіп жатты.. Бірақ мен ол дәрістерге араб тілін жетік білмегендіктен қатыса алмадым. Қатысқан кездің өзінде мен дәрісті түсінбейтін едім. Араға жарты жыл салып Қазақстанға қайта оралдық, – дейді Мадина.

Мадина елге оралғаннан кейін де Қазақстанда тыйым салынған уағызшылардың  дәрістерін тыңдауды жалғастырады. Сондай-ақ Сириядағы қазақтардың шақыртуын естіп, сол жақтағы «жұмақ» туралы видеоларды көреді. Жақын құрбыларының Сирияға дайындығын көріп, Мадина да олардың соңынан еруге бел буыпты.

«Мен сол кезде Сирияға «шариғат пен дін» деген ұстанымды серік етіп бардым. Бірақ бәрі мен ойлағандай болмай шықты. Сирияға баруыма жат ағымның идеологиясы себепші болды. Құрбыларымның айтуымен оларға еліктеп Сириядан бір-ақ шықтым. Сирияда адамдардың өлігін, балалардың жетім қалғанын өз көзімізбен көрдік. Аштықты бастан өткердік. Әрине, барлығын бірден түсіне қоймадық. Шындықтың беті араға біраз уақыт салып қана ашылды.

Тәуелсіз, бейбіт туған жерімді қанға оранған, жарылыс ошағына айырбастағанымды кеш түсіндім».

Мадинаның айтуынша, Сирияға бару оңай болғанымен, қайту өте қиын болған. Бірақ қалайда елге оралуды аңсапты. Содырлар Сириядан шығатын жолдарға жарылғыш заттар қойып, тұзақ құрған. Қолға түсіп қалғандарды өлім жазасына кескен.

– Мен өзім ауырып, денсаулығым болмай жүрді және қасымда 2 балам болды.  Кетем дегендерді қатал жазалаған, түрмеге отырғызған, өлтірген жағдайлар көп кездесті. Мұндай сөзді қасыңда жүрген достарыңа да сеніп айта алмайсың. Ешкімге сыр шашпай, өзің ғана қайтар жолды іздейсің. Арабтар жолды айтуға қорқады, себебі біліп қалса жазалайды. Ол жақта әркім өзінің қара басын ғана ойлайтын, аман қалудың жолын қарастыратын. Сирияға барғаннан кейін қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым, балалы болдым. Бірақ күйеуім елге оралуыма қарсы болды. Ал мен балаларымның болашағын ойлағандықтан күйеуіммен ажырастым. Екі-үш рет қашып шығуға тырысқаныммен, іске асыру мүмкін болмады. Бір арабтан жөн сұрағанымда ол қорқып тұрса да жолды көрсетіп: «Ұсталып қалсаң мен айтты деме. Бұл өте қауіпті жол. Кез-келген сәтте саған оқ атылуы, аяғыңның астында жарылған минадан өліп кетуің мүмкін» деді. Басқа жол болмағандықтан тәуекелге бел будым. Барлық жолдан аман өтіп, күрдтердің шекарасына жеттім. «Мен қазақпын» дегенімде күрдтер: «Қуана бер, сендерді қазақтар іздеп жатыр. Елдеріңе алып кетеді. Олар тізім жасап жатыр екен» деді. Сол кезде қуанғанышымда шек болмады, – дейді ол.

Шетелден «жұмақ» іздеп, адасқандарға  Мадина не дейді?

– Бар қателік өзімнен болды. Кей адамдар ата-анасын кәпірге шығарып, ағайынмен араласпай кетеді. Менің ең бірінші айтарым, ата-анамен, ағайын туыспен байланысты үзбеу керек. Екіншіден бірнеше адамнан құралған бейтаныс топтардың соңынан көзсіз еріп кетпеу керек. Жан-жағындағы өзіне жанашыр адамдармен  ғана ақылдасу қажет деп есептеймін. Себебі жақыныңнан басқа адамның саған жаны ашымайды,– деп сөзін аяқтады Мадина.

Атырау облысы Дін істері басқармасының дерегі бойынша, шетелде күмәнді діни оқу орындарында 16 атыраулық білім алуда. Күмәнді діни білімнен қауіп-қатер көп болғандықтан, аяқты аңдап басқан жөн. Жалпы сенімді түрде шетелде діни білім алғысы келетіндерге қойылатын бірнеше талап бар. Бұл туралы дінтанушы Ернар Абзалов былай деп түсіндірді:

«Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) үлкен қоғамдық қор, діни бірлестік. Оның рұқсатымен шетелде оқығысы келетіндер белгілі бір шарттарды орындауға тиісті. Мысалы Қазақстанда жоғары білім алып, бірнеше жыл имам ретінде қызмет атқаруы керек. Содан кейін ғана Мысырдағы «Әл Азхар» университетінде немесе Түркиядағы «Хасеки» имамдар дайындайтын институтқа білім алуға рұқсат етіледі. Бірақ аталмыш оқу орындарында білім алушы қазақстандықтардың саны шектеулі  және тағы бірнеше талаптар қойылады».

Дінтанушы діни сауаты жоқ адамдардың шетелде діни білім алуға ұмтылуын дұрыс емес деп есептейді.

– Өкінішке қарай кейбір діни білімі төмен азаматтар шетелде оқуды мақсат етеді. ҚМДБ-ның шарттарына сай болмағандықтан белгісіз діни ағымның оқу орындарынан білім алады. Құжыралар алдына келген шәкіртке ешқандай талап қоймайды. Себебі шәкірттерінің саны көп болғаны олар үшін тиімді. Сөйтіп діни сауаттылығы төмен адамдарды Түркиядағы, Мысырдағы жат ағым өкілдері өз қатарына қосып алады

Мұндай қауіптің алдын алу өте қиын. Себебі шетелде діни білім алғысы келетіндердің барлығы дерлік «Мен демалу үшін барамын» деп, визасыз ұзақ мерзімде жүруге болатын Мысыр, Түркия секілді елдерге жолға шығады. Сондықтан күмәнді діни оқу орындары орналасқан мемлекеттерге виза берудің жолын қарастыру керек деп есептеймін,– дейді Ернар Абзалов.

Дінтанушының айтуынша, шетелде білім алғысы келетін кез келген қазақстандық дәстүр мен шариғаттың ара-жігін ажырата білуі керек.

– Шетелде діни білім алғысы келетін жастар қай бағытты таңдаса да өзі баратын елдің салт-санасының, дәстүрінің бар екенін ескеруі қажет. «Шетелдің дәстүрі, таным-түсінігі біздікімен сәйкес келе ме?» деген мәселені де қарастырып, ойланған жөн. Сондай-ақ, білім алған елдің ұстанымдары, дәстүрі шариғаттың талаптарымен бірдей деген ойдан арылу қажет. Себебі қандай да бір елді-мекеннің дәстүрі шариғат шарттарына қарсы келмесе шариғат дәстүрді орындауға шектеу қоймайды. Ал біздің қазақстандықтардың кейбірі Түркияға барса, түріктердің, Сауд Арабиясына барса, арабтардың дәстүрін Қазақстанға алып келіп, оны дін деп түсіндіруге тырысады. Осы мәселеге салғырт қарамауды, кез келген мәселеге сыни көзбен қарауды жөн деп ойлаймын, – дейді дінтанушы.

Қазақстандағы діни оқу орындарын білесіз бе?

Қазақстанда діни білім алу үшін ешқандай шектеу қойылмаған. Елімізде  «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті бар. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіінде дінтану, исламтану мамандықтары оқытылады.

Бұдан бөлек 9 медресе-колледжде діни білім алуға болады. Олар – «Сарыағаш» медресе-колледжі, «Астана» медресе-колледжі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі, «Һибаттулла Тарази» медресесі, «Үшқоңыр» медресе-колледжі, «Шымкент» медресе-коллджі, «Әбу Ханифа» медресе-колледжі, «Ақтөбе» медресе-колледжі, «Орал» медресе-колледжі.

Қысқасы, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, салт-дәстүр мен шариғаттың ара-жігін ажырата алатын маман ғана Қазақстандағы діни мәселелердің шешімін тауып, өз саласының үздігі бола алады. Себебі шетелдің идеологиясы ұлттық сананың шеңберіне сыймайды.

Әсел БОЛАТҚЫЗЫ,

Атырау облысы Дін істері басқармасы

Ақпараттық талдау орталығының маманы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір