• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 22:57:08
Алматы
+35°

Ертең АҚШ-та президент сайлауы өтеді. АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның басты қарсыласы Джо  Байден Ақ үйде соңғы жарыссөз жүргізді.

Джо Байден Пенсильвания және Огайода халықты өзіне дауыс беруге шақырса, Дональд Трамп Висконсан, Мичиган, Солтүстік Каролина мен Пенсильвания штаты тұрғындарымен жүздесті.

Жүргізілген сауалнама нәтижесінде Байден қолдауға ие болған. Алайда келесі президент кім болуы мүмкін екенін нақты айту қиын. Себебі 2016 жылғы президент сайлауында Хиллари Клинтон жеңіске жетеді деген болжам жасалған. Алайда Дональд Трамп президент атанды. 98 миллион адам мерзімінен бұрын дауыс беріп үлгерді. Биылғы президент сайлауында дауыс берушілер саны соңғы жүз жылда ең жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр.

АҚШ президенті болу үшін үміткер сайлау коллегиясында кем дегенде 270 дауыс жинауы қажет. АҚШ-тың әр штаты тұрғын санына байланысты дауыс бере алады. Бұл жүйе президенттікке үміткерлердің көп дауыс жинағанымен сайлауда неліктен жеңіліс табатынын айқындап тұр. Оның жарқын мысалы ретінде 2016 жылы президент сайлауына түскен Хиллари Клинтонды атауға болады.

Президент сайлауы алдындағы АҚШ

АҚШ билігі дауыс беру нәтижесі жарияланғаннан кейін елде жаппай тәртіпсіздік пен наразылық шеруі болуы мүмкін деп қорқады. Оны алдын алу үшін бірнеше штатта қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

CBS News-тің мәліметінше, 10 мың адам сайлау күні Black Lives Matter Plaza-да және Ақ үйге жақын орналасқан саябақта жиналуы мүмкін.

АҚШ-тың Массачусетс штаты Бостон қаласынының тұрғыны Назым Қанқожаның айтуынша, мектеп оқушылары демалысқа шығып, дүкендер жабылып, ірі бренд дүкендері арнайы қоршаумен қоршалды.

Назым Қанқожа биыл елде президент сайлау өтетіні жарты жыл бұрын-ақ сезілгенін айтады.Тұрғындар елдегі айтулы шаралардан қалыс қалмай, елдің саяси өміріне белсене араласатынын байқаған.

–  Халық өз таңдауын ашық айтып, жарты жыл бұрын кімге дауыс беретінін үйлерінің сыртына іліп қойды.  Тіпті шалғай ауыл тұрғындарының да саяси белсенділігін көрдім. Ерлі-зайыптылардың екі түрлі үміткерге дауыс беріп, сайлаудан соң ұрысып, өкіріп жылағанына куә болғанмын.

АҚШ тұрғындарының мұндай белсенділігі  мектеп қабырғасынан бастау алатын жұмыстың нәтижесі. Халықты саяси сауатты ету, жасөспірімдердің елдегі жағдайға байланысты өз пікірін қалыптастыру мақсатында мектепте тапсырмалар беріледі. Үш баланың анасы Назым мектепте 9 жастағы ұлына «Президенттікке үміткер екі кандидаттың сайлау алды бағдарламасын салыстырып, кімге және не үшін дауыс беретініңді жаз» деген тапсырма берілгенін айтады.

Трамп пен Байден «күресі»

АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Каролинадағы жақтастарына 2021 жыл АҚШ үшін экономикасы шарықтаған жыл болатынын айтқан.

– АҚШ экономикасы биыл үшінші тоқсанда 33%-ға өсіп рекорд жаңартты. Ал екінші тоқсанда 31%-ға өсті. Пандемияға байланысты ел экономикасы соңғы 80 жылда болмаған дағдарысқа душар болды. Алайда жылдар өте оны қалпына келтіреміз, – деді Трамп.  

АҚШ президенті Солтүстік Каролинадан кейін қарсыласы Байден 10 жасына дейін тұрған Пенсильванияға ат басын бұрды. Трамп 2016 жылғы президент сайлауында сауалнама нәтижесінде аз дауыс жинағанымен аталмыш штатта жеңіске жеткен.

Джо Байден Огайоға барғанда нәсіл – Американың рухы екенін бірнеше мәрте қайталап айтты.

–  Мистер Трамп жүгін жинай бергені абзал. Ашу, кек, ыза, сәтсіздік пен сыйластық танытпауынан әбден мезі болдық, –  деді Байден.

Дональд Трамп тамызда полиция афроамерикалық азаматты атқаннан кейін жаппай көтерілістер болған Мичиган, Висконсон, Кеноша тұрғындарымен кездескен. Онда Трамп афроамерикалықтарды өзіне дауыс беруге шақырды.

Жексенбі күні үміткерлер дебат құрды. Онда коронавирус пен нәсілдік кемсіту мәселесі сөз болды.

Биыл президент сайлауы коронавирус пандемиясына сәйкес келіп тұр. АҚШ індетке шалдыққандар мен коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша әлемде көш бастап тұр. Жексенбіде 81 мың адам ауруға шалдыққаны анықталған.

Дональд Трамп қаңтарда коронавируспен күреске арнайы топ құрып, аталмыш індетке қарсы вакцина жасалуын тездету үшін көңіл бөлгенін алға тартқан. Ол үшін 10 миллиард  доллар бөлді.

Байден әр штатта тегін тест жасайтын кем дегенде 10 тестілеу орталығын құрғысы келетінін жеткізді.

Экономиканы көтеру мәселесі бойынша да екі үміткер болашаққа жоспарларымен бөлісті. Дональд Трамп 10 айда 100 миллион жұмыс орнын ашып, 1 миллион кіші кәсіп түрін ашуға жағдай жасайтынын айтты. Трамп халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін салықты азайтып, компанияларда салық кредитін жүргізу ойымен бөлісті. Джо Байден керісінше кірісі жоғары компаниялар үшін салықты қымбаттатып, қаражатты халыққа қызмет көрсету саласына инвестицияға арнауды көздейді.  

Биыл дауысты санап оның нәтижесін жариялауға бірнеше күн, тіпті апта қажет болуы мүмкін. Себебі почта арқылы дауыс берушілер биыл көп. Алайда әдетте кім жеңіске жететінін сайлаудан кейінгі күні-ақ болжауға болады.  

2016 жылғы президент сайлауында Дональд Трамп Нью-Йоркта АҚШ уақыты бойынша сағат 3-те сайлауда жеңіске жеткен келесі президент ретінде сөз сөйлеген.

2000 жылы өткен президент сайлауында бірнеше сағат бойы дауыс беру нәтижесі белгісіз болған. Әр штатта дауысты қашан және қалай санайтыны туралы өз ережесі бар. Кейбір штаттарға дауысты есептеу үшін бірнеше апта қажет болған.

Әсем Әлмұханбет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір