• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 01:41:51
Алматы
+35°

Мемлекеттік қуыршақ театрының 86 маусымы екі бірдей жаңа премьерамен ашылды. Театр өзінің кішкентай көрермендеріне түскі уақытта орыс халық ертегісінің желісі бойынша Антон Зайцевтың режиссурасымен қойылған «Үйшік» спектаклін тарту етті.

«Үйшік» спектаклі

Мектеп жасына дейінгі балғын бүлдіршіндерге арналған бұл қойылымда қарапайым ғана оқиға баяндалады. Спектакль атмосферасы жарқын, көрермендерді өзіне бірден баурап әкетеді. Мұндағы тоқыма жіптермен тоқылған қуыршақтар заманауи анимациялық бейнелерге ұқсайды. Бұл қойылымға есіктен кіргенде аяқ киімді шешкізетін болғандықтан, балалар театрда өздерін емін-еркін ұстап, көпшіктерге жайғасады. Олар ертегі әлемінде кейіпкерлермен бірге ойындар ойнап, әртүрлі жаттығулар жасайды. Сонымен қатар, ата-аналардың да балалық шақтарына саяхат жасата білді.

Ал кешкі уақытта Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне негізделген «Өмір – өзен» музыкалық спектаклі көрсетілді. Мұнда қойылым режиссері және сахналық жүйесін жасаған Еркебұлан Қабдыл «Қазақ вальсінің королі» атанған сазгердің халық сүйіп айтатын ең әсерлі әндерін таңдап алған. Спектакль композициялық тұтастығымен, мизансценалардың дәлдігімен, актерлік ансамбльдің үйлесімдігімен тартымды болды. Режиссер әрбір әннің орындалуын спектакль кейіпкерлерінің басынан өтіп жатқан маңызды оқиғалармен байланыстыра алған.

Өмір – өзен» музыкалық спектаклі

Қойылым көрермендер залында отырған актер Мақсат Камалов Шәмшінің «Ана туралы жыр» әнінен бастау табады. Бүкіл көрермендер ол қандай ән айтса, соны бірге орындап залда көңілді атмосфера орнады. Осылайша Шәмшінің ән әлеміне қызықтырып, сахна төріне көтерілген актермен бірге спектакль оқиғасы басталып кетті.

Режиссер сахнадағы әрекеттерді қисынды ойластырған. Қойылым кейіпкерлері ешқандай сөз сөйлемесе де олардың қимыл-қозғалыстары арқылы айтылып жатқан әндердің мазмұны ашылып отырады. Шымылдық түрілген кезде құрылыс алаңында жұмыс жасап жүрген қыз бен жігіттің бір-біріне байқаусызда қақтығысып қалып, бір көргеннен ғашық болулары спектакль оқиғасына қызықтыра түседі. Спектакльде дүнген қызды Арайлым Байырбекова, жігітті Алияр Нұрәділ ойнады. А.Нұрәділ ән арқылы дүнген қызға ғашық болған жігіттің көңіл күйін бере алды.

Спектакльдің келесі сахнасында «Сыған серанадасы» әнін шырқаған Бақытжан Қаюов қолына ұстап отырған раушан гүліне қарай отырып, ғашығына қосылмай қалған жігіттің нәзік мұңын сездіреді. Көздің жауын алатын ұзын қызыл көйлек киген сыған қызы жігіт қолын қанша созса да, қайырылмай алыстай береді. Жарық арқылы әр тұстан жылт етіп көрінген сыған қызы сағымдай бұлдырап, қараңғылыққа сіңіп жоқ болып кетеді. Ән аяқталар тұста бірнеше сыған қыздарымен бірге, қуыршақ сыған қызының кереметтей билеуі де спектакль оқиғасын жандандыра түсті.

Режиссер әр сахнаны өте әдемі жымдастырған. Әнмен өріліп отырған қимыл-әрекеттер кейіпкерлердің айтпақ ойын шашыратпай жеткізіп тұрды. Келесі сахнада Руслан Абу мен Ғалым Амангелді «Ақсұңқарым» әнін дуэтпен орындады. Көпшілік сахнасындағы актерлер жастардың бір-бірімен танысып жатқанын қимыл-әрекеттерімен және тартымды бимен өрнектеп көрсетті.  Іле-шала «Сағыныш» әнін Мақсат Камалов, Абу Руслан, Шоқан Құлназаров «акапелла» орындап, жігіттер мен қыздардың өзара жарасып, тіл табысқандарын көрсете алды.

Би алаңында Ш.Құлназаров пен Г.Абсаттар орындаған «Бәрінен де сен сұлу» әні де ән табиғатына қарай өте жеңіл, әрі ойнақы айтылды. Одан кейінгі көріністе Гүлбаршын Өнімбай «Ақмаңдайлым» әнін жүрек тербейтіндей әсерлі шырқады. Осы сахнадағы актерлердің қуыршақтармен вальсі де өте кәсіби деңгейде орындалды. Ән ырғағымен қалықтаған қуыршақтардың қимылы еріксіз елітіп әкетеді.

Спектакльде «Дүнген қызы», «Сыған серенадасы», «Ақ сұңқарым», «Сағынышым», «Бәрінен де сен сұлу», «Ақ маңдайлым», «Арыс жағасында», «Қайықта», «Өмір-өзен», «Отырардағы той» әндері театр актерлерінің жанды дауысымен орындалды. Әрбір әннің ішкі мазмұнын терең аша түсу мақсатында режиссер қуыршақтарды да орынды пайдаланған. Айталық, «Қайықта» әні шырқалып (әнді орындағандар Б.Қаюов пен Ә.Чаелганова) жатқан кезде қайықта отырған қыз бен жігіттің сұлбасы көлеңке арқылы көрсетілген. Осы тұста қуыршақтарды аса шебер ойната білген театр актерлері Толқын Тлеулиева, Айдын Жақыпбаев, Эльвира Сүлейменова, Алтай Тәуекелов еңбектерін айрықша атап өткен жөн.

М.Камалов пен А.Сақтағанова «Өмір-өзен» әнін орындаған кездегі қос аққу махаббат символы ретінде алынған. Қуыршақтарды жүргізіп, аққуларға жан бітірген А.Жақыпбаев пен Р.Әбу оларға тән үйлесімді қимыл-әрекеттер таба білген. Екі орындаушының таза мөлдір дауыстары көрермендердің жүрек пернесін дөп басып, ән ерекше эмоциямен шырқалды. Әсем Чаелгенова «Отырардағы той» әнін айрықша шабытпен еркін айтты. Ән аясындағы қазақтың ұлттық киімін киген қуыршақ қыздардың әдемі биі мен домбыра тартып отырған қуыршақ жігіттердің күйлері тыңдаушыларға ерекше рух берді.

Спектакль соңында хормен айтылатын «Жан аға» әні спектакльдің негізгі мақсатын жеткізудің басты кілтіне айналған. Яғни, қойылым Шәмші Қалдаяқовтың рухани мол мұрасы қазақ елі барда мәңгі жасай береді деген нық сеніммен аяқталады. Жалпы бұл спектакль актерлердің вокалдық дайындықтарының жоғары деңгейде екенін көрсетіп берді.

Сонымен, Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуарына келіп қосылған «Өмір-өзен» спектаклі театр ізденістерінің жалғасып жатқанына жарқын мысал бола алады. Спектакльді тамашалауға келген көрермен сазгердің туған жерге, сүйген жарға, дос-жаранға деген сезімдердің тереңдігіне тағы бір мәрте көз жеткізеді. Театр актерлерінің орындауындағы әндер тыңдаушылардың жан жүрегін қозғап, әдемі әсерге бөлейді. Ерекше көңіл толқытып, бір-біріне деген сыйластық, достық сезімдерінің нығая түсуіне мол әсерін тигізеді. Әрбір көрерменнің осы қойылым арқылы ұлы сазгердің құдіретті әндерімен тағы да бір рет қауышып, «Ән падишасы» атанған Ш.Қалдаяқовтың шығармашылығына терең бойлай түсетіні сөзсіз.

Назерке Құмарғалиева,

өнертану магистрі, театртанушы

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: қуыршақ театры

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір